Accessibility links

Асма Асадтың аудармашысы: «Обама бізге көмектесе алмайды»


Башар Асадтың әйелінің бұрынғы аудармашысы Михран Бертизлян Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Ереван, 11 қыркүйек 2013 жыл.

Башар Асадтың әйелінің бұрынғы аудармашысы Михран Бертизлян Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Ереван, 11 қыркүйек 2013 жыл.

Башар Асадтың әйелінің бұрынғы аудармашысы Михран Бертизлян Азаттыққа сұхбатында Сириядағы қантөгіске шетелдік исламшыл топтар мен Батыс елдерін кінәлайды.

Сирия президенті Башар Асадтың зайыбы Асма Асадтың бұрынғы аудармашысы Михран Бертизлян осыдан екі жыл бұрын үкімет әскері мен қарулы топтар арасында басталған конфликт ушыққан тұста басқа көп жұртпен бірге елден кетіп қалған.

Азаттыққа берген сұхбатында Бертизлян Сириядағы қақтығысты ұйымдастырды деп шетелдік исламшыл топтарды айыптайды және Таяу Шығыстағы жағдайға араласты деп Батыс елдеріне кінә тағады.

«ҚАЛА ҚАҢЫРАП ҚАЛДЫ»

Сирия президенті отбасына аудармашы болып қызмет еткен Бертизлян жаппай бомбалау басталғанда өз қауіпсіздігін ойлап бұл елден кетіп қалған. Ол президент Башар Асадтың зайыбы Асманың түрік тілінен тәржімалайтын аудармашысы қызметін атқарып, осыдан бес ай бұрын Арменияға қайтып оралған.

Сирияға химиялық шабуыл туралы хабарды тексеруге БҰҰ жіберген инспекторлар. Дамаск, 30 тамыз 2013 жыл.

Сирияға химиялық шабуыл туралы хабарды тексеруге БҰҰ жіберген инспекторлар. Дамаск, 30 тамыз 2013 жыл.

Ол Асад күштері мен бүлікшілер арасында екі жыл бұрын басталған қырғыннан өзінің туған қаласы Алепподағы тұрғын үйлердің, мешіттер мен базарлардың күл-талқан болып қиратылғанын, қаланың қаңырап қалғанын айтады.

Бертизлянның айтуынша, ол өз отбасының қауіпсіздігін ойлағандықтан Сириядан кеткен.

«Жағдай мүлде ушыққанға дейін сонда болдым. Үйімнің қасына көп бомба түсті, су мен электр үзілді. Сөйтіп мен өз үйімнен, өз отанымнан және сүйікті қаламнан кетуге мәжбүр болдым», дейді ол.

«АСАД – ЖАҚСЫ АДАМ»

Сириядағы жағдайды теледидар арқылы бақылап отырған Бертизлян осы соғыстың кесірінен өзі танитын талай адамның опат болғанын айтады. Бірақ ол бұл қанды қырғын үшін Асадқа кінә артпайды әрі оның өзі мен зайыбын өз елінің игілігі үшін қам жеген «жақсы адамдар» деп сипаттайды.

Мұнымен қоса ол АҚШ-тың әскери операция бастаймыз деп қорқытуына негіз болған «Сирия басшысы Дамаскіде халыққа қарсы улы газ қолданды» деген сөзге де сенбейді.

Сириядағы газ шабуылында қаза тапқандар. 21 тамыз 2013 жыл.

Сириядағы газ шабуылында қаза тапқандар. 21 тамыз 2013 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама әкімшілігінің мәліметі бойынша 21 тамыздағы газ шабуылынан 1400 адам қаза тапқан, олардың үштен бірі – балалар.

АҚШ-тың ресми тұлғалары да, адам құқықтарын қорғау ұйымдары да осы оқиғаға Сирия үкіметінің қатыстылығын айғақтайтын дәлелдер бар дегенімен, Бертизлян бұл шабуыл туралы ақпарат өте аз болғандықтан, жалаң айыптай алмаймын дейді.

Оның айтуынша, Сириядағы конфликтінің түп-тамыры Башар Асадтың саясатында емес, Батыс елдерінің бүкіл араб әлемінде үкіметке қарсы бүліктерді қолдауында жатыр.

«СИРИЯҒА КӨБІРЕК ДЕМОКРАТИЯ ҚАЖЕТ»

Асадқа адал берілгеніне қарамастан, Бертизлян Сирияға «көбірек демократия қажет» деп санайды және сириялықтардың өздері бастап, өздері ұйымдастырған демократиялық революцияны қолдауға әзірмін дейді.

Оның айтуынша, қазір Асад күштеріне қарсы соғысып жатқандардың көбі шетелден келген жасақтар және олардың көксегені – Сирия емес, Ислам.

Сирияға әскери соққы беруге қарсы Ақ үйдің алдындағы наразылық акциясы. Вашингтон, 29 тамыз 2013 жыл.

Сирияға әскери соққы беруге қарсы Ақ үйдің алдындағы наразылық акциясы. Вашингтон, 29 тамыз 2013 жыл.

«Сириялықтар ұйымдастырған революцияны көргім келеді. Әу баста оны жартылай сириялықтар бастаған, ал қазір бұл – сириялықтардың революциясы емес. Сирия революциясына христиандар да, күрдтер де, елді мекендейтін басқа этностық топтардың өкілдері де қатысқан болар еді. Бұл революцияны Сирия ұйымдастырып жатпағанына сенімдімін» дейді Бертизлян.

Христиан дінін ұстанатын армян ұлтының өкіліне жататын Бертизлян Сирияда болған кезінде шетелдік исламшыл жасақ өкілдерімен тұрақты түрде сөйлесіп тұрған.

Оның айтуынша, бүлікшілердің мақсаты – үлкен крест жорығын ұйымдастырып, Иерусалимді қайтару, ал өздері Израильге бүйрегі бұрып тұр деп санайтын президент Асадты орнынан құлату – сол жоспардың бір бөлігі ғана.

Аудармашының айтуынша, Обама және басқа да Батыс мемлекеттерінің басшылары аймақтағы аса күрделі діни, этностық және саяси жағдайды толық түсіне алмай отыр.

«АСАДТЫҢ ОРНЫНДА БОЛСАМ, ЕЛДЕН КЕТІП ҚАЛАР ЕДІМ»

«Сирия халқы бір-біріне көмектесе алады. Қаласа, олар Башар Асадты тақтан тайдырады, қаламаса орнында қалдырады. Сізге рахмет, Обама, не істейтінімізді өзіміз шешеміз, бізге мұрсат беріңіз, сіз бізге көмектесе алмайсыз. Таяу Шығыс – өте ерекше аймақ, мұнда көптеген мәдениеттер, діндер мен тілдер тоғысқан. Обама мұны түсіне алмайды. Ол бізге жәрдемдескісі келеді, бірақ біз оның көмегіне мұқтаж емеспіз» дейді Бертизлян.

Сирия президенті Башар Асад Ресейдің "Россия 24" телеарнасына сұхбат беріп отыр. 12 қыркүйек 2013 жыл.

Сирия президенті Башар Асад Ресейдің "Россия 24" телеарнасына сұхбат беріп отыр. 12 қыркүйек 2013 жыл.

Батыс әскери шабуылды бастайды деген сөз тарағалы бері Сирияның мыңдаған азаматы лек-легімен Ливан мен Түркияға босып кетіп жатыр. Сирияда бар делінген химиялық қаруды халықаралық бақылауға алу жөніндегі дипломатиялық әрекеттер нәтиже бергелі шабуылдың болу қаупі біршама азайды.

Бертизлянның айтуынша, Батыс бұл шабуылды жасай қоймайды. Дегенмен, билікке жабысып отырған Башар Асадтың өмірі қыл үстінде тұр дейді ол.

«Оның орнында болсам, елден кетіп, ешқашан қайта оралмаған болар едім» дейді Бертизлян.

Гарри Тамразянның материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG