Accessibility links

Сириядан химиялық қару табу қиынға соғуы мүмкін


АҚШ президенті Барак Обама баспасөз мәслихатында. Вашингтон, 30 сәуір 2013 жыл

АҚШ президенті Барак Обама баспасөз мәслихатында. Вашингтон, 30 сәуір 2013 жыл

Батыс елдері Сириядағы жағдайға қатысты шешім қабылдамас бұрын бұл елде химиялық қарудың бар-жоғына әбден көз жеткізу керек деп санайды. Бірақ, мұндай дәлел табу оңайға түспейтін сияқты.

Батыс үкіметтері Сирия химиялық қару қолдана қалған жағдайда елдегі азаматтарды қорғау үшін және бұл қарудың террористік ұйымдардың қолына түспеуі үшін күш қолданатынын айтып ескерту жасаған.

Бірақ кейбір сарапшылар қақтығыс кезінде химиялық қару қодланылғанын дәлелдеу қиынға соғатынын айтады. Әсіресе қару тар көлемде қолданылса, халықаралық тексерушілер кіре алмайтын мұндай жабық елде ол әрекеттің байқалмай қалуы да мүмкін.

КИПРДЕ ҚАЛҒАН ИНСПЕКТОРЛАР

Вашингтондағы Халықаралық қатынастар кеңесінің химиялық қару бойынша маманы Грегори Коблентц:

- Инспекторларды ішкі кіргізбегесін химиялық қару қолданылғаны туралы қандай да бір нақты дәлел табу қиындайды. Қандай да бір қақтығыс болған жерге инспекторлар мен арнайы дайындықтан өткен сарапшылар барып, құрбандармен және куәгерлермен сөйлессе, топырақ үлгісі мен қан алып, сенімді, тәуелсіз зертханаларда тексеріп көрсе, басқаша болар еді, - дейді.

Батыс елдері Сириядан БҰҰ инспекторларын химиялық қару қолданылды деген ақпарат тараған аймақтарға кіргізіп, тексеру жасауын талап етеді. Дамаск пен оппозиция топтары бір-бірін химиялық қару қолданды деп айыптай бастағалы бұл мәселеге қатысты халықаралық қауымдастықтың алаңы күшейіп кетті.
Сириялық көтерілісші қақтығыстан кейін демалып отыр. 2 сәуір 2013 жыл

Сириялық көтерілісші қақтығыстан кейін демалып отыр. 2 сәуір 2013 жыл


Соңғы аптада АҚШ Сирияда химиялық қару қолданылғанына дәлел тапқанын жария етті. Бірақ президент Барак Обама анық айғақ керек екенін айтты. Анық қорытынды жасау үшін БҰҰ-ның тексеру тобы Сирияға кіре алмай Кипрде рұқсат күтіп отыр. Ал Дамаск соғыс кезінде улы газ қолдануға тыйым салатын 1997 жылғы Химиялық қарулар конвенциясына қол қоймағанын алға тартып оларды кіргізбей отыр.

БҰҰ инспекторларының Сирияға кіруі қиындай түскен сияқты. Өйткені екі жақ тексерушілердің нақты қай аймаққа баратынына қатысты келісе алмай жатыр. Дамаск БҰҰ-ның өкілдерін Алеппо маңындағы Хан әл-Ассал ауылын ғана тексеруге шақырған. Өйткені Сирия үкіметі көтерілісшілер сол маңда химиялық қару қолданды деп айыптайды. БҰҰ елді түгел қарап шығуға рұқсат сұрағанда Дамаск бірден бас тартты.

Қазір АҚШ, Ұлыбритания, Франция мен Израиль сияқты елдер Сирияда химиялық қару қолданылғаны туралы дәлел бар деген қорытынды жасағасын Дамаск мүлдем теріс айналды.

Сирияның ақпарат министрі Омран әл-Зуби сәуірдің 26-сы күні ресейлік телеарнаға "америкалықтар бұл мәселені манипуляция ретінде пайдаланып, Ирак сценариін қайталағылары келеді" деп мәлімдеген. 2003 жылы Иракта жаппай қырып-жою қару-жарағы бар деген болжаммен АҚШ бастаған коалиция күштері бұл елдегі саяси режимді құлатқан еді. Кейін елде химиялық қару жоқ екені анықталған. Сирияға инспекторлар кіргізудің алдағы апталарда қиындай түсуіне де бұл фактор себеп болуы мүмкін.

АЙҒАҚТЫ ІШТЕН АЛДЫРУ

Сол себепті айғақ жинау басқа жолмен жүзеге асуы да мүмкін. Мысалы Сирияның ішіндегі топтар мұндай айғақтарды сыртқа алып шыға алады. Мұндай айғақтарға химиялық қарудан зардап шеккен адамның қаны мен зәрі сияқты заттар жатады.

Бірақ Коблентц мұндай "айғақтарды" қабыл ету үшін көптеген қиын сұраққа жауап алу керектігін ескертеді.

- Бұл тәсілге қатысты айғақты жеткізушілер тізбегі деген мәселе туады. Ол айғақтардың зертханаға нақты сол жерден, анық соншама уақыт өткесін келіп түскенін қалай дәлелдейсіз? Оларды қандай күйде сақтап әкелді? - дейді сарапшы.
Сирия үкіметінің әскері ұрысқа дайындалып тұр. Алеппо, 11 сәуір 2013 жыл

Сирия үкіметінің әскері ұрысқа дайындалып тұр. Алеппо, 11 сәуір 2013 жыл


Бұдан да басқа мәселелер бар. Химиялық удың ізі уақыт өте келе тез өшіп, анықтау қиынға айналады. Мысалы зарин уы әуелде тыңайтқыш ретінде жасалған. Ол түссіз, дәмсіз, мөлдір у қару ретінде қолданылған соң бірден бу болып ұшып кетеді. Бірақ сол аралықта адамның жүйке жүйесін талқандап үлгеретін жойқын зат.

Коблентцтің айтуынша, химиялық қарудың ізін тез арада ары кеткенде аптадан асырмай тексермесе, қайран жоқ. Бірақ соғыс кезінде бұлай істеу қиын.

Бұл пікірлерге қарағанда Сириядан химиялық қару ізін табу шайқасы енді басталғанға ұқсайды.

Бұл шайқаста Сирия үкіметі мен көтерілісшілер, Батыс елдері мен Сирияның одақтасы Ресей сияқты барлық тараптар Сирияға күшпен кірудің қандай апатқа апарып соқтыруы мүмкін екенін жақсы түсінеді.

Мәскеу өте анық айғақ табылғанша күтетінін мәлімдеді. Елдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров сәуірдің 29-ы күні "жаппай қырып-жою қаруы туралы өте маңызды мәселе ойынның құралына айналып кетпеуі тиіс. Бұл мәселеге қатысты геосаяси мүдде көздейтін кез-келген долбар қабылданбайды" деді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG