Accessibility links

Сириядағы химиялық шабуылға Түркия айыпты ма?


Газдан уланған сириялық бала. Дамаск маңы, 21 тамыз 2013 жыл.

Газдан уланған сириялық бала. Дамаск маңы, 21 тамыз 2013 жыл.

Танымал АҚШ журналисі «Сириядағы химиялық шабуылға Түркияның қатысы бар» деген хабар таратып, жұрт назарын аударды. Былтырғы химиялық шабуылдан кейін АҚШ Сирияға соғыс ашуға шақ қалған.

Пулитцер сыйлығының лауреаты Сеймур Херш мақаласында «Сириялық лаңкестердің шабуылын түрік барлау қызметі ұйымдастырған. Түркия АҚШ-ты Сирия президенті Башар Асад режиміне айдап салуға мүдделі болған» деп жазды. АҚШ та, Түркия да бұл ақпаратты теріске шығарып отыр.

Херштің бұл мақаласы жуырда London Review of Books журналында жарияланды. Алайда сарапшылар Херш пайдаланған негізгі ақпарат көздеріне күмән келтіреді. Олардың сөзінше, «Асадты жазықты» деп санайтын АҚШ-тың айғақтарын Херш айналып өткен.

ЗАРИН ГАЗЫ

Бірақ Херш Азаттыққа берген сұхбатында «тек ақиқатты жаздым» дейді. Ол АҚШ-тың қорғаныстық барлау қызметінің маусымның 20-сы күнгі құпия құжатына сілтеме жасаған. Оған сәйкес, «Әл-Қаидамен» байланысы бар «Әл-Нұрса майданы» ұйымының бүлікшілері Сирияда зарин газын өндірген. Олардың бұл әрекетінің қауіптілігін «Әл-Қаиданың» «11 қыркүйек» оқиғасына жасырын дайындығымен салыстыруға болады.

Бұған қоса, құжатта «Түркия мен Сауд Арабиясындағы делдалдар зарин газын өндіруге қажетті шикізаттың ондаған килограмын алмақ болған» деген мәлімет бар. Херш құжаттағы ақпараттардан «бүлікшілер зарин газын Сирияда молынан өндіргілері келген» деген қорытынды жасайды.

ТҮРКИЯНЫҢ ҚАТЫСЫ

Сәуірдің 8-і күні Сеймур Херш Азаттыққа «Маусым айында жасалған ішкі баяндамалар бар, оған қоса осы көктемде төрт-бес баяндама тағы жасалды. Олардың бәрінде зарин газының қаупі мен оған түрік үкіметінің қатысы жайлы айтылады. Бұл жайт америкалықтарға белгілі» деді.

Химиялық шабуылдан қаза тапқан балалардың жанында жылап отырған әйел. Сирия, Гута, 21 тамыз 2013 жыл.

Химиялық шабуылдан қаза тапқан балалардың жанында жылап отырған әйел. Сирия, Гута, 21 тамыз 2013 жыл.

Тамыздың 21-і күні Дамаск қаласының шығысындағы Гута төңірегінде жасалған химиялық шабуылдан жүздеген адам қаза тапты. Бұл оқиға Сириядағы азаматтық соғысты ушықтыра түсті. Президент Барак Обама химиялық қару қолдану оқиғасына қатысты «Асад жақтастары шектен шықты. Вашингтон қақтығысқа араласуы мүмкін» деп мәлімдеді.

Алайда АҚШ шенеуніктері әскери соққы жасауға дайындықты пысықтауға кірісе бастаған кезде Обама бастапқы ниетінен айныды. Ақырында АҚШ пен Ресей Асадтың химиялық қаруын тексеруді халықаралық бақылаушыларға тапсырып, кейін жойып жіберетін келісім жасасты.

«РЕСЕЙДІҢ АЙЛАСЫ»

Алайда Херш бұрынғы барлау қызметкерінің (есімі құпия) сөзінен дәйек келтіреді. Барлаушы Хершке «Гута маңынан ресейлік барлаушылар жинаған химикаттардың үлгілерін америкалықтар ағылшындар арқылы қолға түсірген. Бұл үлгілер АҚШ-тың «Асад жазықты» деген позициясына күмән туғызған. Сол себепті АҚШ әскерилері соғыс бастағалы отырған Обаманы тоқтатқан» деген.

Бұған қоса, Херш «АҚШ сириялық бүлікшілерді жасырын қаруландырып келді. Қаруды Ливиядан Түркия арқылы жіберіп отырған. Қару жеткізу 2012 жылы қыркүйектің 11-і күні Бенгазидегі АҚШ дипломатиялық өкілдігіне шабуыл жасалғаннан кейін тоқтатылған» деп жазады.

Сеймур Херш.

Сеймур Херш.

«Есімі құпия бұрынғы барлаушының айтуынша, Сирияда тамыздың 21-і күні жасалған химиялық шабуылды Түркия ұйымдастырған. Мақсаты – қақтығысқа АҚШ-ты араластыру. Түрік үкіметі Ливиядан қару жіберілмей қалса, Асад режимі сириялық көтерілісшілерді жойып жібереді деп алаңдаған» дейді Херш.

Ал Стамбулдан шығатын Hurriyet Daily News газетінің хабарлауынша, «Түркия премьер-министрінің орынбасары Бюлент Арынч сәуірдің 7-сі күнгі баспасөз конференциясында «Химиялық шабуылға Анкараның қатысы бар деу – жала» деп мәлімдеген»

Ұлттық барлау қызметі (ODNI) директорының баспасөз хатшысы Шон Тернер де Херштің «Сирия үкіметінің Гутадағы шабуылға қатысы жоқ» деген пікірін теріске шығарды.

«АЙЫПТЫ - АСАД»

ODNI өкілі Тернер «Біз бұл мақаладағы әрбір жаңсақ пікірге тоқталып отырмаймыз, бірақ бір ғана мәселені анықтап айтқымыз келеді: тамыздың 21-і күні жасалған химиялық шабуылға тек қана Асад режимі айыпты» деп мәлімдеді.

Бұған қоса, ол «АҚШ Ливиядан кімге болсын қару жіберді деген мәлімет – жалған» дейді.

Ресей президенті Владимир Путин мен оның бұрынғы әйелі Людмила (сол жақтан бірінші) Сирия президенті Башар Асад пен оның әйелі Асмамен Кремльде кездесіп тұр. Мәскеу, 25 қаңтар 2005 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин мен оның бұрынғы әйелі Людмила (сол жақтан бірінші) Сирия президенті Башар Асад пен оның әйелі Асмамен Кремльде кездесіп тұр. Мәскеу, 25 қаңтар 2005 жыл.

​Сеймур Херштің мақаласын сарапшылардың қатты сынауының тағы бір себебі – ол кейбір қорытындыларын Ресейге жұмыс істейтін барлаушылар жинаған химикаттар үлгілеріне қарап жасаған. Ал Ресейдің Асад үкіметіне қолдау көрсететіні және Сириядағы қақтығысқа АҚШ-тың араласуына үзілді-кесілді қарсы екені белгілі.

Азаттыққа берген сұқбатында Херш: «Мені сынайтындар сөзінің негізі жоқ. Себебі үлгілерді Вашингтонға жібермес бұрын АҚШ одақтастары сараптамадан өткізген. Мәселе мынада - үлгілер Ресейден жіберілмеген. АҚШ оларды Ұлыбританияның әскери басшылығынан алып, лабораториялық талдаудан өткізді. Президентке оларды штаб басшыларының біріккен комитетінің төрағасы берген. Сондықтан бұл жердегі мәселе Ресейге тіреліп тұрған жоқ, одан анағұрлым күрделі» деді.

Британ сарапшысы Элиот Хиггинс – Сирия мәселелерін қозғайтын Brown Moses Blog сайтының қызметкері. Оның айтуынша, «Херш бір мәселені назарынан тыс қалдырған - тамыздың 21-і күні қолданылған қару түрін Сирия әскері бір жылдан астам уақыт бойы пайдаланып келген».

Ал Херш Массачусетс технологиялық институтының профессоры Теодор Пистолдың зерттеулеріне сілтеме жасайды. Пистол зерттеулерінде «Гутада қолданылған қару түрлері қолдан жасалған. Олардың ұшу қашықтығы екі километрдей ғана. Демек, олар бүлікшілер бақылауындағы аумақтан тыс жерден атылмаған» деген мәлімет бар. Херш Азаттыққа «Бұл – қолдан жасалған ракеталар» деді.

БҰҰ сарапшылары химиялық шабуыл болған жерде айғақтар жинап жүр. Сирия, 26 тамыз 2013 жыл.

БҰҰ сарапшылары химиялық шабуыл болған жерде айғақтар жинап жүр. Сирия, 26 тамыз 2013 жыл.

Brown Moses Blog сарапшысы Элиот Хиггинс сәуірдің 7-сі күнгі блогында «Журналистердің Сириядан жіберген видеоларына қарағанда, зардап шеккен аудандар майдан алаңынан екі километр қашықтықта жатыр. Яғни, ракеталар Асад бақылауындағы аумақтардан атылған болуы мүмкін» деп жазды.

Херш Вьетнамның Май Лай ауылында америкалық сарбаздардың жергілікті тұрғындарды жаппай қырып тастағаны жайлы репортажы үшін 1970 жылы Пулитцер сыйлығын алған. Ол – басқа да беделді журналистік сыйлықтардың лауреаты. Соңғы жылдары Херш Обаманың әкімшілігін сынап келеді. Соның ішінде ол «өткен жылы Усама бен Ладен өлімінің жай-жапсары туралы АҚШ үкіметі таратқан ақпарат та жалған» дейді.

(Карл Шректің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG