Accessibility links

Шешен содырлар «бауырларын» соғысқа шақырды


Сирияда соғысып жүрген шешен содыры Мұса Әбу-Юсуф Шишанидің видеосынан алынған скриншот.
Сирияда соғысып жүрген шешен содыры Мұса Әбу-Юсуф Шишанидің видеосынан алынған скриншот.

Сирияда соғысып жатқан «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымының шешен содырлары Еуропадағы шешендерге «не Сириядағы соғысқа қатысыңдар, не Еуропада теракт жасаңдар» деген үндеу жолдады.

Қазанның 26-сы күні «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымының шешен фракциясы – «Катибат әл-Ақсаға» қарайтын ShamToday агенттігі видео жариялады. Онда Мұса Әбу-Юсуф Шишани атты шешен жауынгері Еуропадағы шешен диаспоралары өкілдерін ИМ-ге қосылуға шақырған.

Шешен тіліндегі видеоны ИМ-нің әлеуметтік желідегі орыс тілді қолдаушылары таратты. Ол видеоға Кобани қаласында соғысып жатқан шешен содырларының үндеуі түсірілген (видеоны YouTube қазанның 27-сі күні алып тастады - ред.).

Онда Мұса Әбу-Юсуф өртенген көліктің алдында тұрып, өзінің Кобаниде екенін хабарлайды. Оның сөзіне қарағанда, «ИМ тек қана күрдтердің шабуылынан қорғанып отырған жоқ, аяқ астынан күрдтерді қорғауға кіріскен бүкіл әлеммен соғысып жатыр».

Мұса Әбу-Юсуф Еуропадағы шешендердің бәрін «Сирияға келмеуге сылтау іздемей, тез келіңдер, осында келіп, олардың бәрін өлтіруге тиіссіңдер» деп үгіттейді.

«Бейбіт жүрген адам жоқ. Оларды барлық жерде, сол Еуропаның өзінде-ақ өлтіре беріңдер. Француз немесе америкалықтарды өлтіріңдер, жауды аяған - жаралы. Жүрген жерлеріңде өлтіріңдер, Еуропада да олардың көзін құрта жүріңдер» дейді Мұса Әбу-Юсуф.

Еуропада тұратын шешен диаспорасының саны әжептәуір. Олардың көбі - бірінші және екінші шешен соғысы кезінде бас сауғалап кеткендер. Jamestown Foundation ұйымының дерегіне қарағанда, Францияда - 30 мыңнан астам, Австрияда - 25 мыңдай, ал Бельгияда 17 мың шешен тұрады.

Түркиядағы шешен диаспорасының да қарасы мол. Олардың ішінде Кавказдың теріскейінен шыққан қарулы топ – «Кавказ әмірлігі» өкілдері де бар. Сириядағы шешен содырларының біразы осы диаспоралардан шыққан. Бірақ соғысып жатқан шешендердің нақты саны белгісіз.

Мұса Әбу-Юсуф - «Катибат әл-Ақса» тобының мүшесі. Бұл бөлімшенің жауынгерлері Сириядағы ИМ командирі Умар Шишанимен тығыз байланыс орнатқан. Олар шешен және орыс тілінде сөйлейді.

Өткен аптада Азаттық «Катибат әл-Ақса» мүшелерінің Кобаниде екенін дәлелдейтін суреттер шығарған еді.

«Катибат әл-Ақсаға» қатысы бар әлеуметтік желі аккаунттері және осы фракцияның содырлары да «Кобаниде түстік» деп біраз фотосуреттер жариялады. Өткен апта шыққан сол суреттердің біріндегі содырдың астына «Күрд халқы бұл адамның түрін таниды, оның әрекетінен көп бала жетім қалды, көптеген еркектер әйелдерінен айрылды» деп жазылған.

(Йоанна Паражчук пен Алиса Вальсамакидің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG