Accessibility links

Сириядағы химиялық қаруды жоюдың машақаты көп


БҰҰ мамандары химиялық шабуыл жасалған ауданнан табылған айғақтарды әкетіп барады. Сирия, Дамаск, 28 тамыз 2013 жыл.

БҰҰ мамандары химиялық шабуыл жасалған ауданнан табылған айғақтарды әкетіп барады. Сирия, Дамаск, 28 тамыз 2013 жыл.

Мамандардың айтуынша, «әлемдік державалар Сирияның химиялық қаруын тым қысқа мерзім ішінде жою талабын қойып отыр». Бірақ мұндай шаралар бір жылдан аз уақытта жүзеге асып көрген емес.

Химиялық қару жөніндегі мамандар иприт пен зарин сияқты аса улы газдармен жұмыс істегенде асығуға болмайтынын айтады.

«МЕРЗІМ - 2014 ЖЫЛДЫҢ ОРТАСЫ»

АҚШ пен Ресей Сирияның химиялық қаруын қысқа мерзім ішінде жою туралы мәмілеге келген. Келісім бойынша «2014 жылдың ортасына дейін Сирияның барлық химиялық қаруы жойылуы тиіс». Енді мамандар бұрын-соңды болмаған графикпен жылдам жұмыс істеуге мәжбүр.

Химиялық қару мамандары «мұндай жағдайда қаруды жоюдың қандай тәсілі қолданылады?» деген орынды сауал қойып отыр.

Вашингтон мен Мәскеу мәселенің жай-жапсарын айтуға асықпағандықтан, сарапшылардың көбі «мамандар қалыптан тыс жағдайда жұмыс істейтін болар» деп болжайды. Женевада тұратын химиялық қару жөніндегі маман Рольф Траппе:

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Женева, 14 қыркүйек 2013 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Женева, 14 қыркүйек 2013 жыл.

- Әдетте алдымен қаруды жоятын құралдарды орнатады, оны тексеріп, сынақтан өтізеді. Содан кейін қаруларды жүйелі түрде жоюға көшеді. Бұл жолы бұл тәсіл қолданылмайтын шығар. Өйткені, ол - жылдар бойы жасалатын жұмыс. Бұл әдіспен бірнеше айда химиялық қаруды жою мүмкін емес, - дейді.

Химиялық қаруға тыйым салу ұйымында жұмыс істеген ғалым «бұл жолғы процесс бірнеше әдісті қолдану арқылы жүргізілуі мүмкін, қай тәсілдің қалай пайдаланылатынын айту да қиын» дейді.

- Себебі мамандар алдымен Дамаскіден химиялық қарулардың түрі, көлемі, қоймалардың, өндіріс орындарының орналасқан жері туралы барлық ақпараттарды алуы керек. Вашингтон мен Мәскеу келісімі бойынша, Сирия бұл ақпараттарды бір апта ішінде тапсыруы керек, бұдан соң БҰҰ Сирияны химиялық қаруынан айыру туралы қарар қабылдайды, - дейді Рольф Траппе.

«ҚАРУДЫ СИРИЯДАН ШЫҒАРУ МҮМКІН ЕМЕС»

Тағы бір вариант – Сирияның химиялық қаруын бұл елдің аумағынан шығарып, АҚШ-та немесе Ресейде арнайы орындарға апарып жою. Бұған кедергі – Сирияда жүріп жатқан соғыс. Химиялық қарулар қақтығыс ортасында тұрғандықтан, оны тасымалдау кезінде шабуыл жасалуы мүмкін.

Бомба түсіп қираған үйдің қасында тұрған қыз. Сирия, 8 қыркүйек 2013 жыл.

Бомба түсіп қираған үйдің қасында тұрған қыз. Сирия, 8 қыркүйек 2013 жыл.

БҰҰ және Химиялық қаруға тыйым салу ұйымында инспекциялық топтарды басқарған Дитер Ротбахер «материалдарды Сириядан алып кету мүмкін емес» дейді.

- Қаруды Сириядан алып шығу мүмкін бе? Жалпы, мұны жүзеге асыруға болады. Қаруды салып, тасымалдауға арналған контейнерлер бар. Бірақ меніңше, оларды тасымалдау тұрған жерінде жоюдан да қиын процесс болуы мүмкін, - дейді ол.

«ЖЫЛЖЫМАЛЫ ҚҰРАЛМЕН ЖОЮ»

Химиялық қаруды Сирияның өз ішінде жоюдың да машақаты көп. Ірі материалдарды жою үшін ел аумағында арнайы нысан салынуы керек және ол жерге материалдарды жеткізу қажет.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бұл процестің барлық кезеңінде тек Сирия үкіметі ғана емес, көтерілісшілер де қаруды жоятын мамандармен ынтымақтасуы қажет.

Рольф Траппенің айтуынша, «ең дұрысы – Сирияға шетелден қаруды жоятын жылжымалы құралдарды жеткізіп, шағын қаруларды жою». Ол «Химиялық прекурсор сияқты басқа материалдарға арнайы жағдайда су шашып, олардың молелулаларын қожыратып жіберу қажет» дейді.

ЖОЮ ОРНЫНА - ЗАРАРСЫЗДАНДЫРУ

Сириядағы химиялық шабуылдың құрбандары.

Сириядағы химиялық шабуылдың құрбандары.

Алайда Траппенің айтуынша, «сарапшылар кей жағдайда химиялық қаруды жоюдың орнына оларды тек зарарсыздандырумен шектелуі мүмкін».

- Белгілі бір технологияны пайдалану арқылы химиялық қаруды дәл қазір қолдана алмайтындай етіп зарарсыздандыруға болады. Егер ол ішінде химиялық қоздырғышы бар зымыранға оқталған болса, онда оны атылмайтындай етіп, зымыранды мотордан ажыратуға болады. Енді мамандар бұл қаруларды тез арада істен шығарудың тәсілдерін табуы керек. Кейін оларды мүлде жоюға қатысты жұмыстар жалғаса бермек, - дейді сарапшы.

Маман «кейін» дегенде Сириядағы жағдай белгілі-бір деңгейде тұрақтанып, басқа да балама әдістерді пайдалану мүмкіндігі туатын кезді айтып отыр.

ЕКІ ТӘСІЛДІҢ БІРІ

Демек, Сириядағы химиялық қаруларды жою шаралары озық және нашар әдістердің арасынан біреуін таңдау арқылы жүзеге асады деп топшылауға болады.

Озық дегенде қаруды жою кезінде қазіргі заман технологияларын пайдалану мен уақыт жағынан қысымның болмауын айтамыз. Қазіргі уақытта АҚШ өзінің химиялық қаруларын осылай жойып жатыр. Бұл процесс 28 жыл жалғасып келеді және оның бітетін түрі көрінбейді. Себебі - химиялық заттар арнайы пештерде өртеледі, одан шыққан қалдық ауаға таралмас үшін ол пештер арнайы фильтрмен қапталады.

Сирия президенті Башар Асадты қолдайтын әйел оның суретін ұстап отыр. Дамаск, 11 қыркүйек 2013 жыл.

Сирия президенті Башар Асадты қолдайтын әйел оның суретін ұстап отыр. Дамаск, 11 қыркүйек 2013 жыл.

Нашар әдіс дегеніміз – уақытша шешімдер қабылдау. Мәселен, АҚШ нацистік Германияның химиялық қаруларын қаптап, теңіз түбіне көмді. Ал БҰҰ инспекторлары Ирактың химиялық қаруларын беті ашық шұңқырларда өртеді. Бұл екі әдісті де қолдануға қазір тыйым салынған.

Белгілі болған бір жайт – әлемдік державалар өткен аптада Вашингтон мен Мәскеу қабылдаған Сирияның химиялық қаруын жою кестесін өзгертпейді.

Батыс мемлекеттері үш жылдан бері жалғасып келе жатқан азаматтық соғыста химиялық қаруды қайтадан қолданбауы үшін Сирия президенті Башар Асадты уақыт жағынан да қыспаққа алып отыр.

Дүйсенбі, қыркүйектің 16-сы күні БҰҰ инспекторлары Сирияда «бейбіт тұрғындарға, соның ішінде балаларға қарсы» химиялық қарудың қолданылғаны туралы «нақты әрі сенімді дәлелдері» бар екенін хабарлады. Бірақ БҰҰ инспекторлары бұл қаруды кім қолданғанын айтпады.

Тамыздың 21-і күні болған қақтығыстар кезінде Дамаск шетіндегі аудандарда химиялық қару қолданылды. Көтерілісшілер «химиялық қаруды үкімет әскері қолданды, мыңнан аса адам опат болды» деп мәлімдеген. АҚШ «1 мың 400 қаза тапты, шабуылды үкімет жасады» дейді. Ресей мен Сирия үкіметі көтерілісшілерді айыптап отыр.

Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG