Accessibility links

Асад режимі


Сирия президенті Башар Асад серіктерінің ортасында тұр. Дамаск, 26 қазан 2012 жыл.

Сирия президенті Башар Асад серіктерінің ортасында тұр. Дамаск, 26 қазан 2012 жыл.

Сирияда Асад әулеті 40 жылдан астам билік құрып келеді. Қазіргі президент Башар Асадтың әкесі Хафез Асад билікке 1971 жылы әскери төңкеріс жасап келді.

Асад әулеті – алавиттер қауымының өкілдері. Халықтың 10 пайызы ғана бола тұра алавиттер (діни ағым - ред.) мемлекеттік биліктің негізгі тетіктерін ұстап отыр. Қарулы күштердің басшылары да негізінен алавиттер.

1982 жылы Сирияда Хама қаласындағы «Мұсылман бауырлар» ұйымы көтеріліс жасады. Сирия әскері қалаға шабуыл жасап, қаланың бірнеше кварталы атқыланды. 10 мыңнан 25 мыңға дейін адам өлді. Оның көбі бейбіт тұрғындар болды. Хафез Асадтың бұл әрекеті жазаланған жоқ.

Башар Асад әкесінің орнына 2000 жылы билікке келді. Асад әулетінің саяси тірегі "Баас" партиясы елдің барлық саласын қатаң бақылауда ұстап келеді.

Осы 40 жылдан астам уақыт ішінде билеуші режим саяси қарсыластарын азаптаумен, тұтқындаумен, қамаумен, оларға дәлелденбеген айыптар тағумен айналысып келеді. Елді «мухабарат» аталған тыңшылар жүйесі бақылайды. Ондаған жылдар бойы елде сөз еркіндігі шектеліп, қуғын-сүргін жүргізіліп, азаматтық қоғам басып-жаншылып келеді.

Башар Асадқа негізгі саны 300 мың әскер бағынады. Бұл әскер Сириядағы оппозицияны басып-жаншу ісінде маңызды қызмет атқарады. Одан бөлек, ішкі қауіпсіздікті бақылайтын ішкі істер министрлігі бар. Ішкі істер министрлігі тікелей прзидентке бағынады.

Сирияда 10 мың азаматтан тұратын «Шабиха» еріктілер милициясы бар. Олар үкіметке қарсы шерулерді басумен айналысады.

Сирия конституциясында "Баас" партиясы "билеуші партия" ретінде бекітілген. Президент - қарулы күштердің бас қолбасшысы. Оған соғыс және елде төтенше жағдай жариялау құқығы берілген.

Соттардың "Баас" партиясына мүше болуы конституциямен міндеттелген. Соттарды президент тағайындайды.

БҰҰ есептерінде Сириядағы адам құқықтарының өрескел түрде тапталуы, кісі өлтіру, сотсыз тұтқындау, адамдардың ұшты-күйлі жоғалып кетуі, сексуалдық зорлық, балалар құқығының бұзылуы туралы жиі айтылады.

2011 жылдың наурызынан бері Сирияда Башар Асад режиміне қарсы азамат соғысы басталды. Екі жарым жыл ішінде 100 мыңға жуық адам қаза тауып, 3 миллиондай азамат босып кетті. Қақтығыстар әлі жалғасып жатыр.
XS
SM
MD
LG