Accessibility links

Ресей Сириядағы әскерінің «негізгі бөлігін» әкетпек


Сириядағы Хмеймим әуе базасында тұрған Ресейдің Су-25 әскери ұшағы.

Сириядағы Хмеймим әуе базасында тұрған Ресейдің Су-25 әскери ұшағы.

Ресей бес айға созылған әскери операциядан соң Сириядан әскерінің көбін әкететін болды. Ал Батыс елдері Сирияда саяси өзгеріс жасалғанын қалайды.

Ресей президенті Владимир Путин Сириядағы осы елдің әскерінің көбін шығаруға бұйрық берді. Наурыздың 14-і күні қорғаныс министрі Сергей Шойгумен кездесуінде Путин "әскерилер алдарына қойылған тапсырманы толық орындағанын" мәлімдеді.

ПУТИННІҢ БҰЙРЫҒЫ МЕН АСАДҚА БЕРГЕН УӘДЕСІ

Путин "Сондықтан мен қорғаныс министріне ертеңнен бастап Сириядан әскери контингентіміздің негізгі бөлігін шығаруды бұйырдым" деді.

Ресей президенті Сирияда әскери операция бастауға бес айдан астам уақыт бұрын бұйрық берген еді.

Сириядағы қақтығысты шешу жөнінде Женевада БҰҰ арағайындығымен өтетін келіссөз басталған күні сөйлеген Путин "Ресей әскерін шығару қақтығысты саяси жолмен шешуге дем береді деген сенімін" білдірді.

Сирияда Ресейдің 50-ден астам әскери ұшағы мен тікұшағы және оларды қорғайтын шағын құрлықтағы әскери бөлімі бар. Бұған қоса, бұл елге Ресейдің әскери кеңесшілері мен Сирия армиясымен бірге әрекет ететін арнайы жасағы да кіргізілген болатын.

Ресей президенті Владимир Путин.

Ресей президенті Владимир Путин.

Путин Ресей әскери күштерінің бір бөлігі Жерорта теңізіндегі Тартус әскери-теңіз күштері базасында және Латакия провинциясындағы Хмеймим әуе базасында қалатынын айтты. Ресей әуе күштері Сириядағы әуе шабуылдарының көбін осы базалардан жасаған.

Сирия үкіметі президент Башар Асад "Путиннің әскерді шығару шешімімен келіскенін" мәлімдеді. Асад әкімшілігі бұған қоса, Ресейдің Сирияға "терроризммен күресте" қолдау көрсете беруге уәде еткенін айтады.

Сирия армиясы "Ислам мемлекеті", "Нусра майданы" және олармен байланысы бар басқа да террористік топтармен күресін жалғастыра беретінін мәлімдеді. Сирия қолбасшылығы таратқан ақпаратта қарулы күштердің "Сирия территориясының барлық жерінде қауіпсіздік пен тұрақтылық орнағанға дейін серіктестермен және одақтастармен үйлесе күрес жүргізе беретіні" айтылған.

САЯСАТКЕРЛЕР МЕН ҰЙЫМДАР РЕАКЦИЯСЫ

Сирия оппозициясы Ресей мәлімдемесіне сақтық таныта отырып, қолдау білдірді.

Сирия оппозициясының өкілі Салим әл-Муслат "Егер әскер шығару шынымен жүзеге асса, онда ол бейбіт келіссөзге оң әсер етеді. Егер бұл шынайы қадам болса, онда Сирия билігіне қысым жасайтын үлкен мүмкіндік пайда болады деген сөз. Себебі Сирия билігінің өмірін Ресейдің қолдауы ұзартып тұрған" деді.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі басшысы "кеңестің 15 мүшесінің Ресей әскерінің жартылай шығарылуын позитивті қадам деп бағалағанын" хабарлады.

Қазақстан сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал Қазақстан парламенті сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев Сириядан Ресей әскерінің шығарылуын қолдады. "Кремльдің Сириядағы әскери операцияны тоқтатып, авиацияны шығару туралы шешімі нақты бітім мен бейбіт келіссөзге жақсы жағдай туындатады" делінген Тоқаевтың Twitter-дегі парақшасында.

Анголаның БҰҰ-дағы елшісі Исмаел Гаспар Мартинс БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде "Сирия қақтығысын шешу ісінде дұрыс нәтиже болатынын білдіретін көңіл-күй байқағанын" айтқан. "Әскер шығарыла бастаса соғыстың беті басқа, бейбітшілік орнату бағытына қарай ойысқанын көреміз" деді ол.

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Филипп Хаммонд Twitter-де "Егер Сирияда саяси өзгерістер жасалып, қақтығысты тоқтату режимі ұзартылса, Ресейдің бұл қадамы оң нәтиже берер еді" деп жазды.

Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер "Сириядан Ресей әскерінің шығарылуы Башар Асадты саяси өзгерістертер туралы келіссөзге отыруға мәжбүрлейтінін" айтты.

Ақ үй баспасөз қызметі "президент Барак Обама мен Путин телефон арқылы сөйлесіп, әскер шығару және қақтығысты мүлдем тоқтатуға қажетті шараларды талқылағанын" хабарлады.

Путиннің бес ай бұрын Сирияда әскери операция жүргізу туралы бұйрығы Асад режимінің Сирияда бұрын айырылып қалған кейбір аймақтарды өзіне қайтарып алуына септескен.

АҚШ пен басқа да Батыс елдері "Ресей әскерінің Кремль айтқандай ИМ немесе өзге террористік топтарға емес, Сирия үкіметіне қарсы шығып жатқан көтерілісшілерге әуе шабуылдарын жасағанын" мәлімдеген еді.

Сирия президенті Башар Асад (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 20 қазан 2015 жыл.

Сирия президенті Башар Асад (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 20 қазан 2015 жыл.

Женевадағы келіссөз Сирия үкімет күштері мен оппозициялық көтерілісшілер арасындағы әлсіз бітімді нығайтуға арналған.

БҰҰ-ның Сирия мәселесі бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура бейбіт келіссөздің жалғасуын "шынайы сәт" деп атап, басқа жоспарларды "соғысқа бастайды" деп бағалайтынын мәлімдеді.

Женевадағы келіссөз қарсаңында сөйлеген Мистура Сирияда саяси өзгерістер бастауға қол жеткізу "барлық мәселені шешудің басы" екенін айтты.

Женевада ашылған келіссөз бес жылға созылған қантөгісті тоқтатуда жасалған ең соңғы қадам саналады.

Сирияда 2011 жылы көктемде басталған азамат соғысынан 270 мыңнан астам адам қаза тапты. Бұл қақтығыс Еуропа Одағын миграциялық дағдарысқа ұрындырып отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG