Accessibility links

Сириядағы азамат соғысы


Аллепо маңында соғысып жүрген оппозициялық армия сарбазы. 23 қазан 2013 жыл.

Аллепо маңында соғысып жүрген оппозициялық армия сарбазы. 23 қазан 2013 жыл.

2011 жылдың ақпанында Сирияда президент Башар Асадтың режиміне қарсы шағын шерулер басталды. Наурызда Деръа қаласында үкіметке қарсы көше суреттерін (графити) салған жасөспірімдерді полиция азаптады. Бұған қарсы шеруге шыққан тұрғындарды үкімет басып-жаншыды. Бұдан соң негізінен елдің шығысында орналасқан Джиср әл-Шугур, Дамаск, Банияс, Хомс, Хама, Идлиб қалалары тұрғындары шеруге шықты. Полиция қару қолданды.

Сәуірде президент Башар Асад реформа жасауға уәде беріп, Ұлттық комиссия құрды. Наразыларды қудалау тоқтамағандықтан, оппозиция келіссөзге келмеді. 6 маусымда Асад шерушілерді қылмыскерлер, "мақсаттары - ел тұрақтылығын шайқау" деп мәлімдеді.

2011 жылы шілдеде оппозиция "Еркін Сирия армиясын" құрды. Қақтығыс азамат соғысына ұласты. Қақтығыс басталған алты айда 3 мың 500 адам өлді. 7 қазанда билік мыңнан астам полицей қаза тапқанын, «үкіметтің террористермен соғысып жатқанын» мәлімдеді.

2012 жылы ақпанда Хомс қаласындағы атыстан 200-ден астам адам мерт болған соң БҰҰ Асадты биліктен кетуге шақырған резолюция қабылдады. Бұл құжатқа Ресей мен Қытай вето қойды. Ресей Сирияның ішкі ісіне араласуға қарсы шығып, "зорлық-зомбылыққа оппозицияның да қатысы бар" деп мәлімдеді.

2012 жылы шілдеде көтерілісшілер Дамаск қаласын басып алмақ болды. Алавиттерден құралған Асад армиясы мен сүнниттерден құралған оппозиция жасағының соғысы секталық сипат ала бастады.

2012 жылы күзде Сирия әскері де, оппозиция да бір-бірін "химиялық қару қолданды" деп айыптады. 2013 жылы жазда үкімет оппозицияға қатты соққы берді. Банияс пен әл-Байда қалаларында қырғын болып, 3 миллиондай адам босып кетті. Батыс Сирия оппозициясынан іш жия бастады.

2013 жылы 21 тамызда Дамаск маңында химиялық шабуыл жасалды. 1 мың 429 адамның өлгені хабарланды. БҰҰ сарапшылары зарин газы қолданылғанын мәлім етті. АҚШ бастаған кейбір Батыс елдері химиялық қару қолданды деп Асад режимін айыптады. Асад айыпты мойындамады.

Қыркүйекте АҚШ Сирияға әскери шабуылға әзірлене бастағанын хабарлады. Ресей шабуылды болдырмас үшін Сирия үкіметінің химиялық қаруын жою ұсынысын жасап, АҚШ келісті.

Соғысты кей сарапшылар сүнниттер мен шииттер қақтығысы деп сипаттайды. Соғысқа «Әл-Қаида» террористік ұйымымен байланысы бар, билікке қарсы «Әл-Нусра» және Асад режимін қолдайтын «Хезболла» сияқты исламшыл ұйымдар мен шетелден келген мұсылмандар қатысып жатыр. Екі жарым жылға созылған соғыстан 100 мыңға жуық адам қаза тапты. Қақтығыс жалғасып жатыр.
XS
SM
MD
LG