Accessibility links

Сирияның жаппай қырып-жою қаруы туралы 5 сұрақ


Алепподағы полиция академиясы ғимаратының қазіргі көрінісі. 4 наурыз 2013 жыл

Алепподағы полиция академиясы ғимаратының қазіргі көрінісі. 4 наурыз 2013 жыл

Таяу Шығыста толқып жатқан елдердің ішіндегі жаппай қырып-жою қаруы бар жалғыз ел ретінде Сирия ерекше назарға ілініп тұр.

Сирияның солтүстігіндегі Аллепо қаласының маңында болып жатқан үкімет әскері мен көтерілісшілер арасындағы қақтығыс кезінде екі жақ бір-бірін "химиялық қару қолданды" деп айыптады. Соңғы мәрте мұндай мәлімдемелер наурыздың 19-ы күні тарады. Бұл ақпаратты әлі ешбір бейтарап дерек көзі растаған жоқ.

Сирия - азамат соғысы тұтанған жаппай қырып-жою қаруы бар алғашқы ел. АҚШ пен Ұлыбритания Дамаскіні химиялық қаруды қолданбауға шақырды. Төменде Сирияның жаппай қырып-жою қаруы (ЖҚҚ) туралы бес түрлі маңызды мәлімет берілген.

Сирияда ЖҚҚ-ның қандай түрлері бар?

Батыстың қару-жарақ мамандары химиялық қарудың әлемдегі ең үлкен арсеналы Сирияда деп санайды.

Дамаск 1980 жылдары СССР-дің көмегімен ЖҚҚ жобаларын қолға алғалы адамның терісін күйдіріп түсіретін иприт және нерв талшықтарын улайтын зарин сияқты сұйық улар мен газдың жүздеген тоннасын жинаған. Сирияда жарылған жерінде уы бірнеше апта сақталатын Ви-газ (VX) бомбасы болуы да мүмкін.

Дамаск түбіндегі ұрыс кезінде снаряд тиген танк. 19 наурыз 2013 жыл

Дамаск түбіндегі ұрыс кезінде снаряд тиген танк. 19 наурыз 2013 жыл


Қарулар қоймада сақталғанымен соғыс кезінде артиллерия снарядтарымен, әуе бомбаларымен және қанатты зымыранмен бірге атуға дайын тұр.

Сирияда биологиялық қарудың бар-жоғын ешкім білмейді. Вашингтондағы ЖҚҚ түрлерін таратпау жолдарын зерттеумен айналысатын Монтери институтының директоры Леонард Спектор: «Біз Сирияда химиялық бомбалар барын білеміз. Олардың ішінде жақсы жетілдірілген бомбалар да бар. Бірақ биологиялық қарудың бар-жоғы анық емес. АҚШ үкіметінің соңғы берген мәліметі бойынша Сирия бұл салада біраз зерттеулер жүргізген. Бірақ олар бомбамен, не болмаса тағы басқа құралдармен алысқа атылатын биологиялық қарулар жасай алмаған сияқты» дейді.

Израиль 2007 жылы Сирияның күмәнді деген реакторларын бомбалап қиратқалы Дамаск ядролық қару саласын дамыта алмаған.

Сирия көтерілісті басу үшін ЖҚҚ қолдануы мүмкін бе?

Елді шошытатын ең бірінші сценарий де осы.

Ондай оқиға дәл қасындағы Иракта бұрын болған. Саддам Хусейн 1988 жылы күрдтер көтерілгенде Халабджа қаласына бірнеше химиялық қарулар мен жүйке жүйесін жаралайтын газ қарулар қолданып, толқуды бірден жаншып тастаған. Осы соғыста 3000-5000 арасында адам өлген.

Асад режимі "шектен шыққан агрессияны тоқтату үшін" ЖҚҚ қолданатынын, бірақ Сирияның бейбіт халқына қарсы қолданбайтынын мәлімдеген. Лондондағы халықаралық стратегиялық ғылыми зерттеу институтының маманы Дина Есфандияридің айтуынша, Дамаск өз халқына химиялық қару қолданудың осы аптада Барак Обама ескерткендей АҚШ үшін ғана емес, Сирия үкіметінің өз жақтастары үшін де шектен шыққан әрекет боп саналатынын біліп отыр.

"Тіпті Сирияның Ресей сияқты санаулы ғана одақтастары мен достары да химиялық қаруды қолданудың шектен шығу екенін нықтап ескерткен. Асад АҚШ пен Израильдің ескертулеріне құлақ аспаған күннің өзінде Ресейдің ескертпесінен аттап өте алмайды" деді ол.

Сириядағы ЖҚҚ-ның "Әл-Қаида" немесе "Хизбулланың" қолына түсуі мүмкін бе?

Бұл адамның үрейін ұшыратын екінші долбар.

"Әл-Қаида" сириялық оппозициямен бірге екенін жариялап, қазір Сирияда соғысып жүр. Осының өзі қауіп туғызады. Алда-жалда ЖҚҚ қоймалары көтерілісшілер қолына түссе, халықаралық террористік ұйымдар оларды иеленіп кетуі мүмкін.

Леонард Спектордың айтуынша, ЖҚҚ қоймаларын Сирия үкіметі мен өз міндеттеріне адал берілген және өте қауіпті қаруларды қолдануды үйренген ең мықты әскери жасақ күзетіп тұр. Бірақ олар қоршауда қалатын болса, қойманы жауларына бермей қорғап тұра алатынына сенім жоқ. Осыған байланысты Батыс Сирия Азаттық армиясынан қоршауда қалған жердегі қоймалардың тоналмауына және "Әл-Қаида" мүшелерінің қолына түспеуіне кепілдік беретін келіссөз жүргізуді талап етіп жатыр.

Хасан Насралла, ливандық "Хезболла" жетекшісі (сол жақта) Башар Асадпен (ортада) бірге. Дамаск, 25 ақпан 2010 жыл

Хасан Насралла, ливандық "Хезболла" жетекшісі (сол жақта) Башар Асадпен (ортада) бірге. Дамаск, 25 ақпан 2010 жыл


"Сирия Азаттық Армиясында осы міндетті атқарып шығуға қабілетті командалық құрылым бар ма?" деген сұрақ жауапсыз қалып тұр. Сирияда соғысып жүрген тағы бір бөтен топ Ливаннан келген "Хезболла" шииттері. "Хезболланың" қарулы топтары Дамаскінің ондаған жылдар бойы олардың Израильге қарсы соғысуына көмектескені үшін Асад режимін қолдап, көтерілісшілерге қарсы соғысып жатыр. Егер Асад режимі құлайтын болса, "Хезболла" ЖҚҚ-ын иемденіп алуға әрекет етуі мүмкін. Израиль егер "Хезболла" Сириядағы химиялық қаруды қолға түсіруге қандай да бір әрекет ететін болса, әскер кіргізуге дайын екенін ескерткен.
Бірақ "Хезболла" жаппай қырып-жоятын қаруларды қолға түсіруге әрекет ете ме, жоқ па, ол жағы бегісіз. Сарапшы Дина Есфандияридің пайымдауынша, "Хезболла" саяси мүдде көздегендіктен ондай әрекетке бармай отыр.

"Біз "Хезболланың" дәл қазір барынша (халықаралық) заң аясында әрекет етуге тырысып жатқанын естен шығармауымыз керек. Қазір Ливан үкіметінде "Хезболланың" ойнап отырған саяси рөлі зор. "Хезболла" құрылғалы бері Израильді соғыста қолдануға болмайтын қару-жарақ түрлерін ұстап отыр деп сынап, саяси ұпай жинап келген. Солай дей тұра енді өздері химиялық қаруларды қалайша иеленеді? Меніңше мұндай әрекет олардың заңдық мәртебесін желге ұшырады" дейді ол.

Батыс ЖҚҚ қоймаларын бомбалауы мүмкін бе?

Қару-жарақ мамандары Сириядағы қару қоймаларының тұрған жерлері оларды кірпік қақпай қадағалап отырған АҚШ пен Израильдің барлау қызметіне әбден белгілі. Барлау қызметі Дамаскінің өткен айда бірнеше қару түрін қауіпсіз аймаққа көшіргенін жақсы біледі. Бірақ қару қоймаларын бомбалап тастау химиялық бомбалардың қаупін азайта алмайды.

Леонард Спектор:"Бұл жерде екі түрлі проблема бар. Біріншісі - сіз бәрін бірдей қолға түсіре алмайсыз. Екінші - бункерлер қирайды. Қазір бомбаларды қауіпсіз жағдайда сақтап тұрған қосымша құрылғылар күл-талқан болады. Сондықтан бомбалар жарылғанда улы газдар жан-жаққа тарамай тұрмайды" дейді.

ЖҚҚ қаупін дипломатиялық жолмен шешуге болмай ма?

Елдің бәрі осы жолға үміт артып отыр. Бірақ дипломатиялық шешім Дамаскінің Батыс пен Араб әлемінің Сириядағы билікті бейбіт жолмен ауыстырайық деген талабын орындауға тәуелді.

Былтыр АҚШ-тың қорғаныс министрі болған Леон Панетта Башар Асад алда-жалда биліктен кететін боп жатса, Сирияның қауіпсіздік күштерінің соңына дейін ЖҚҚ қоймаларын қорғап тұруы өте маңызды деген. Леон Панетта CNN-ге берген сұхбатында: «Қауіпсіздік күштері ол орындарды қорғау арқылы пайдалы қызмет атқарып отыр. Егер олар бірден биліктен теріс айналатын болса, химиялық қарулар "Хизбулла" сияқты теріс ниетті экстремистік топтардың қолына түсіп, арты апатқа соқтыруы мүмкін» деді.

Бірақ Батыстың Асадты өз еркімен биліктен кетуге қалай көндіретіні түсініксіз. БҰҰ-ның Сирияда бейбітшілік орнату үшін тағайындаған арнайы елшісі Кофи Аннанның отставкаға кетуі ондай үмітті үзді. Оның қызметінен кеткенше Сириядағы қантөгісті тоқтату үшін жасаған бес айлық еңбегі нәтижесіз болып шықты.

(Материалды аударған - Сағынай Кәрім)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG