Accessibility links

Тәжік студенті неге ИМ үшін опат болды?


Алан Чекрановтің суреті деген фотография. Мәскеу, Қызыл алаң, сурет 2012 жылы түсірілген болуы мүмкін.

Алан Чекрановтің суреті деген фотография. Мәскеу, Қызыл алаң, сурет 2012 жылы түсірілген болуы мүмкін.

Әлеуметтік желіге жарияланған суретінде ол - жақсылап қырынған, күлімсіреген, қызылшырайлы жігіт. Мойнында үш алтын медалі бар. Ал екінші бір суретінде сақалы тебіндеп келеді, түрі қатулы, қолында - тапанша.

Аты-жөні «Алан Чекранов» деп көрсетілген суреттегі жігіт - Тәжікстанның ережесіз жекпе-жектен үш мәрте чемпионы. Болжам бойынша бұл - оның студент кезі.

Бұл суреттегі жігіттің аты-жөні «Алан Чекранов» деп көрсетілген.

Бұл суреттегі жігіттің аты-жөні «Алан Чекранов» деп көрсетілген.

Ал екінші бір суреттегі адам – «Әбу Мұхаммад әл-Тәжики». «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымының тәжікстандық жауынгері. Жақында ол Ирактағы Киркук қаласының маңында АҚШ-тың әуе шабуылынан қаза тапты. Оның қаза тапқаны жайлы ақпараттар әлеуметтік желілерге жарияланды.

Алан Чекранов пен Әбу Мұхаммад әл-Тәжикидің бір адам екеніне сену қиын. Соншалық қысқа мерзім ішінде болашағынан көп үміт күттірген спортшы қалайша ИМ экстремистік ұйымының содырына айналып шыға келді?

СПОРТШЫНЫҢ СОДЫРҒА АЙНАЛУЫ

Шабуыл кезінде төрт тәжік қаза тапқан. Олардың ішінде 21 жастағы Әбу Мұхаммад әл-Тәжикиге (немесе әл-Точики) жұрт назары ерекше ауды. Ол бұған дейін Сириядағы «жиһад» туралы видеоға түсіп, танылған еді. Орыс тілді әлеуметтік желілерде «Чекрановтің әл-Тәжикиге айналуы» жөнінде түрлі пікірлер жазылды.

Азаттықтың Тәжік қызметі - Озоди радиосының дерегі бойынша, Чекранов 1993 жылы Тәжікстанның оңтүстік-батысындағы Шахртуз ауданында туған. Анасы Мария Чекранованың ұлты - осетин, ал әкесі Омар - тәжік.

Чекранов анасының тұрмысқа шыққанға дейінгі фамилиясын алған. 2010 жылы Чекранов Шахртуз ауданындағы №4 орта мектепті бітіріп, Тәжікстан-Ресей славян университетіне оқуға түседі. Бірақ 2012 жылы сабаққа бармағаны үшін ол бұл оқу орнынан шығып қалған. Мұнан соң жұмыс істеу үшін Ресейге кетеді.

Чекрановтікі деген тағы бір суретте жас жігіт Мәскеудің Қызыл алаңында сол қолының сұқ саусағын көтеріп тұр. Бұл - ИМ содырларының «Алла -бір» деген ишарасы. Чекрановтің оң қолында тапанша бар.

Суреттің айы-күні көрсетілмеген. Бірақ ондағы жігіт расымен Чекранов болса, бұл суретке 2012 жылы түссе керек. Озоди радиосының дерегіне қарағанда, ол Ресейде тек бір жыл жұмыс істеген. Ресейде жүрген кезінде Солтүстік Кавказдан келген жастармен көбірек араласады. Озодидің жорамалы бойынша, Чекранов Иракка 2013 жылы солардың ықпалымен аттанған.

Чекрановтің қай уақытта ИМ экстремистік ұйымына қосылғаны, аты-жөнін қашан өзгертіп, қалай Әбу Мұхаммед әл-Тәжикиге айналғаны белгісіз. Бірақ қаруластары «опат болар алдында оның Киркук маңындағы күрд жасақтарына қарсы соғысқанын» хабарлады.

Чекранов басқа да орталықазиялық ерлер мен әйелдер тәрізді Ресейде жүріп радикалданды ма, әлде әсіредіншілдер ықпалына университетте жүрген кезінде түсті ме? Бұл сауалға жауап табу қиын. Дегенмен Озоди радиосы сұхбаттасқан Чекрановтің Тәжікстандағы бір жолдасы «Мәскеуге барып радикалданды» дейді.

Озоди радиосы телефон арқылы Чекрановтің досы Шарфор Тагоевпен сөйлесті. Ол спортшы жігітті 2013 жылдың басында соңғы рет көрген екен. Бұл кезде Чекранов Ресейде бір жыл болып, Тәжікстанға оралған.

Тәжік содыры "Әбу Мұхаммад әл-Тәжикидің" "жиһадқа" шақырып сөйлеген видеосынан алынған скриншот.

Тәжік содыры "Әбу Мұхаммад әл-Тәжикидің" "жиһадқа" шақырып сөйлеген видеосынан алынған скриншот.

«Бұрын ол жаттығудан қалмайтын, үнемі ережесіз жекпе-жек туралы айтатын. Ресейден келген кезде қырма сақалы бар екен, бұрынғы әңгімесінен басқа сөздер айтып отырды. Әлденеден көңілі қалғандай көрінді, «еңбек мигранты болып енді Ресейге бармаймын, Славян университетіндегі оқуымды жалғастырамын» деді. Кейін оның Ресейге кеткенін естідік» дейді Тагоев.

Шахртуз ауданы тұрғындары Чекрановті спортшы және «Сақалды Омардың» баласы ретінде біледі. Спортта табысқа жетіп жүрген жас жігіттің ИМ экстремистік ұйымына қосылғанына көпшілік сене алмайды.

Чекрановті білетіндер «беделді Славян университетінің студенті Иракқа барып, экстремистік топқа қосылды» дегенге қайран қалады. Жастарды әсіредіншілдіктен сақтандыру мақсатында жұмыс істейтін Дін істері жөніндегі жергілікті департамент өкілі «Чекрановтің Иракқа барғанын оның қазасы туралы естігенде бірақ білгенін» айтты.

Жергілікті журналист Адолат Сайфуллоева Чекрановтің отбасына барып, оның қазасы туралы туыстарының естігенін (билік өкілдері айтқан немесе интернеттен білген) анықтап қайтты. Қара жамылған отбасы тілшімен сөйлесуден бас тартқан.

Сайфуллоева үйлеріне барғанда Чекрановтің қарындасы Сабина ата-анасының ешкімді көргісі келмейтінін мәлімдеген. Шахноз атты екінші қарындасы «ағам тірі, Иранда жүр» деген. Чекранов оқыған мектептің директоры «биліктің оған қатысты дерек-құжаттардың бәрін сұратып алғанын» айтқан. Мектеп директоры «жеке өзімен таныс болған емеспін» дейді.

ИРАК ПЕН СИРИЯДАҒЫ ТӘЖІКТЕР

Сирия мен Иракта Тәжікстанның қанша азаматы соғысып жүргені белгісіз. Озоди радиосы «ресми дерек бойынша, олардың саны 300 екенін» хабарлады. Сириядағы тәжік содырларын зерттейтін Эдуард Лимонның дерегінше, 67 содыр туралы нақты онлайн-дерек бар. Бірақ олардың жалпы саны бұдан әлдеқайда көп.

Ирактағы ИМ содыры экстремистік ұйымның туын көтеріп тұр. (Көрнекі сурет)

Ирактағы ИМ содыры экстремистік ұйымның туын көтеріп тұр. (Көрнекі сурет)

Озоди радиосының жазуынша, Таяу Шығыста соғысып жүрген тәжіктердің көбі Сирия мен Иракқа Ресейде еңбек мигранты болып жүрген жерінен аттанады.

Билік өкілдері олар жайында қаза тапқан соң немесе әлеуметтік желі бетіне жарияланған кезде барып біледі. Шахртуз ауданының Дін істері жөніндегі департаменті директоры Алихон Муллоев Озоди радиосына Сирияда жүрген бірнеше адам туралы дерек бар екенін айтқанымен, аты-жөндерін жарияламады.

(Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG