Accessibility links

Тәжік әйелін велосипедке мұқтаждық мінгізді


Велосипед теуіп келе жатқан оқушы қыз.

Велосипед теуіп келе жатқан оқушы қыз.

Осыдан біраз уақыт бұрын ауылда тұратын тәжік қыздарының велосипед тебуін ерсі саналатын. Жұрт велосипед тепкен қыздың тұрмысқа шығуы қиын деп сенетін. Бірақ, уақыт өзгеріс әкелді.

Тәжікстанның оңтүстігіндегі Вахш облсындағы Файзбахш ауылындағы тұратын 61 жастағы Халимаға немере қызының күн сайын мектепке велосипед теуіп баратыны ұнамайды. Оның айтуынша, бұрын жұрт велосипедті қауіпті көлік санап, одан құлаған қыз пәктігін жоғалтып алады деп сеніп келген.

ЕСКІ ТҮСІНІК

– Бұл - қауіпті нәрсе. Әсіресе әйел адамның велосипедтен аяғы аспаннан келіп құлап жатқаны өте ерсі көрінеді. Ауылда қыздардың қос дөңгелекті көлікпен жүргенін жақтырмайтындар аз емес, - дейді немересін қолайсыз жағдайға қалдырмас үшін ол толық аты-жөнін атаудан бас тартқан Халима.

Өзге елдердегі сияқты, Тәжікстанда да жұрт ондаған жылдардан бері велосипедті көлік ретінде пайдаланып келеді. Бірақ ауыл тұрғындары оны жұмысқа қажетті көлік құралы ретінде ғана пайдаланады, ал бірақ оны жан рахатына және әйелдердің мінуіне арналмаған деп санайды. Бұған әсіресе шалғайдағы аудандарда әйелдің велосипедке мінуін көргенсіз қылыққа балайтын консервативтік түсініктің қоғам санасына әбден сіңіп қалғаны негізгі себеп болып отыр.

Бұл - қауіпті нәрсе. Әсіресе әйел адамның велосипедтен аяғы аспаннан келіп құлап жатқаны өте ерсі көрінеді.

Совет Одағы тұсында велосипед шығаруды мемлекет мақтан тұтса, тәуелсіз Тәжікстан қоғамында велосипед тебуді ерсілікке жатқызатындар оны жетістік деп санамайды.

Тәжікстанның солтүстігіндегі Соғда облысы Кахрамон ауылында тұратын Дилдора әлгіндей кедергілерге қарамастан велосипед тебуді әдетке айналдырған. 43 жастағы әйел күнде таңертең ауыл маңындағы отбасылық фермаға велосипедпен барады. Ондағы малды жайғап, сиырларын сауып болған соң сүт өнімдерін сату үшін жергілікті базарға әкеледі.

– Ондағы жұмыстың бәрін тезірек істеп, балаларым сабаққа шыққанша үйге оралуым керек. Содан соң көкөніс сатуға қайта базарға барамын. Соншама жерге велосипедсіз тез жете алмас едім, - дейді өзінің тек есімін ғана айтуды жөн көрген Дилдора.

Өз айтуынша, бұдан бес жыл бұрын Дилдора велосипедпен жүруді енді ғана бастаған кезде ел оған «есі дұрыс емес» деп қараған. Төрт баласы бар тұрмыстағы әйел жұрт «велосипед тебу – әйелдің тұрмыс құруына кедергі болады» деп санайтынын айтады.

МҰҚТАЖДЫҚ МІНГІЗГЕН КӨЛІК

Бірақ Тәжікстандағы шынайы тұрмыс жағдайы жыл өткен сайын бұрыннан қалыптасқан көзқарасты өзгерте бастағандай. Автокөлік пен бензин бағасының тым қымбат болуы, алыс аудандарда қоғамдық көліктің өте аз немесе мүлде болмауы, ерлердің көбі еңбек іздеп шетелге кетуі салдарынан көпшілігі отбасын асырауды өз мойнына алған тәжік әйелдері үшін велосипед таптырмайтын қажетті әрі тиімді көлікке айналып отыр. Нәтижесінде, дәстүрлі ұзын көйлек, кең шалбар киіп, басына орамал тартқан әйелді велосипед үстінен көру енді Кахроман тұрғындары үшін тосын жағдай емес.

– Қазір бұл қалыпты құбылысқа айналды. Маған ешкім назар аудармайды, - дейді Дилдора.

Сонымен бірге ол велосипедті қажеттілік болған соң тебетінін, егер ақшасы болса автокөлік сатып алудан бас тартпайтынын айтады.

Қазір бұл қалыпты құбылысқа айналды. Маған ешкім назар аудармайды

Вахш облысында мектеп автобусы немесе қоғамдық көлік жоқ болғандықтан жергілікті оқушы қыздар мектепке велосипедпен барады. Гулбог, Шахдрез, Файзбахш ауылдарында орта білім беретін мектеп жоқ, сондықтан оқушылар 5-7 километр жердегі Дехконобод ауылындағы мектепке баруға мәжбүр. Азаттыққа сұхбат берген оқушы қыздардың бірі ауылында велосипед тебе алмайтын қыз жоқ екенін айтты.

17 жастағы оқушы Шарифамо Касимова мектеп бітірген соң дәрігер мамандығын алуды армандайды.

– Ол үшін мен оқуға тиіспін, сондықтан сабаққа кешікпеуге тырысамын, Ал бұл болмаса мектепке кешікпей келе алмас едім, - дейді ол велосипедін жалғыз қабатты мектептің қабырғасына сүйеп жатып.

(Фарангис Наджибулла мен Ганжина Ганжованың мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG