Accessibility links

Некелесу келісім-шарты міндетті болмақ


Үйлену тойы. Тәжікстан (көрнекі сурет)

Үйлену тойы. Тәжікстан (көрнекі сурет)

Тәжікстан парламенті міндетті неке келісім-шартының жобасын талқылап жатыр. Депутаттар бұл амал ажырасу мен қорғансыз қалатын әйелдер санын азайтады деп үміттенеді.

Екі жыл бұрын күйеуімен ажырасқан Сурайё Буриева сот арқылы мүлік бөлісу әрекетінен ештеңе шықпағандықтан екі баласымен пәтер жалдап жүргенін айтады.

– Күйеуімнің ата-анасы ауқатты, бірнеше пәтері бар. Сот кезінде сол пәтерлердің бірде-біреуі күйеуімнің атына тіркелмегені анықталып, мүлік бөлісуге қатысты шағымым негізсіз болып қалды. Сот күйеуімді балаларға 200 сомони (25 АҚШ доллары) алимент төлеуге ғана міндеттеді. Бұл ақша «памперес» алуға да жетпейді, – дейді Сурайё Буриева.

Көрнекі сурет

Көрнекі сурет

Ажырасқан соң мүліктік, материалдық қиындық көретін Сурайё Буриева сияқты әйелдердің құқықтарын қорғайды деп сипатталған заң жобалары парламентте талқыланып жатыр. Парламенттегі әлеуметтік мәселелер, отбасы және денсаулық сақтау комитетінің мүшесі Равшан Раджабзоданың айтуынша, отбасы кодексін толықтыратын екі жоба жасалған. Оның біреуі парламент төменгі палатасында мақұлданып, сенат талқысына түскен. Екінші жоба үкіметтің келісіміне жіберілген. Депутаттардың пікірінше, үйленгендер үшін неке келісім-шартын жасау міндеттелсе, соңғы жылдары Тәжікстанда көбейе түскен ажырасу азаяды. Бұдан бөлек, міндетті неке келісім-шарты ажырасқан әйелдерге мүліктік, материалдық қолдаусыз қалмауына кепіл болады.

Қарашаның 16-сы күні парламентте талқыланған заң жобасының мүлік бөлісу ұсынысына қатысты депутаттар мен шенеуніктердің пікірі қарама-қайшы болды. Депутаттар "күйеу немесе әйелдің пәтері көп жағдайда ата-анасының атына тіркелетіндіктен ажырасатын ерлі-зайыптының ата-анасы да мүлік бөлісіне қатысты болуы тиіс" дейді. Бұл ұсынысты қолдамаған үкімет өкілдерінің пікірінше, міндетті неке келісім-шарты тек ерлі-зайыптыға ғана қатысты болып, оған үшінші жақ (күйеу мен әйелдің ата-анасы) араласпауы шарт.

Статистика агенттігінің басқарма басшысы Абдували Куловтың Азаттықтың Тәжік қызметіне айтуынша, соңғы жылдары некелесу азайып, ажырасу көбейген. Мәселен биылғы 9 айда 49 360 неке тіркелсе, 6 673 отбасы ажырасқан. Былтырғы дерекпен салыстырғанда ажырасу 4,4 пайызға өскен.

Қоғам белсенділері күйеуі үйіне тіркеуге тұрғызбаған әйел ажырасқан соң сотқа мүлік бөлісіне шағым түсіре алмай, баспана қиындығын көп көретінін, мүлік құқығын қорғау жолын білмеген соң амалсыздан ата-анасының қолына оралуға мәжбүр екенін айтады.

Тәжікстан шенеуніктері мен депутаттары міндетті неке келісім-шартын енгізуді бұрыннан айтып келеді. Былтыр Конституциялық сот төрағасы мен әйелдер ісі және отбасы комитеті жетекшісі де осындай бастама көтерген. Тәжікстанның қолданыстағы отбасы және неке заңы бойынша, ерлі-зайыптыларға неке келісім-шартын жасау міндетті емес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG