Accessibility links

Тәжікстанның дінге қысымы тұрақсыздық тудырмай ма?


Әпкелі-сіңлілі Парвона мен Сарвиноз Жунаидовалардың бірі діндар, екіншісі зайырлы өмір сүреді.

Әпкелі-сіңлілі Парвона мен Сарвиноз Жунаидовалардың бірі діндар, екіншісі зайырлы өмір сүреді.

Тәжікстан Сириядағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) террористік ұйымына қосылатын адамдар санын азайту мақсатында елдегі мұсылман дәстүрлерін шектеуді күшейтті.

Ислам діни ғұрыптарын орындау мен «мұсылманша» (хиджап, ниқап, т.б.) киінуді қатаң шектейтін заң мен соған бағынған саяси өмір тәжік қоғамын екіге жарып отыр. Екі бағытты ұстанған әпкелі-сіңлілі Парвона мен Сарвиноз Жунаидовалардың бірі діндар, екіншісі зайырлы өмір сүреді. Олардың өмір салты да бөлек, бірақ екеуі де 1әркім өз таңдауын жасауға қақылы" деген пікірге келіседі.

Душанбе тәжіктердің ислам діні талаптарын орындауын бақылауды күшейтті. Билік мұнысын Сириядағы ИМ қатарына жүздеген азаматтың қосылуымен түсіндіреді. 20 жыл бұрын әсіредіншілдер мен зайырлы өмірді қолдаушылар арасында азамат соғысы болған Тәжікстанға мұндай қысым шаралары көмектесе ме, әлде ел ішіне іріткі сала ма?

САҚАЛ МЕН ХИДЖАБҚА ҚАРСЫ КҮРЕС

Набижон Тәжікстанның екінші үлкен қаласы Хужандтағы бір бөлмелі шаштаразында күніне 10 сағат отырады. Ол қазір клиентке мұқтаж емес. Толық аты-жөнін атаудан бас тартқан Набижон атадан мұра болып келе жатқан кәсіпті жалғастырып отырғанын айтты.

«Бизнесім бұрын-соңды мұнша жақсы жүрген емес. Бұрын жұрт шаш алдыруға келетін. Қазір көбі сақал қыруға келеді. Көшеден қазір ұзын сақал көре алмайсыз» дейді ол.

ИМ содырларының саны көбейіп, басқа да экстремистік топтардың күшейіп келе жатқанын көрген тәжік билігі соңғы жылдары исламдағы «сырттан келген», «қауіпті» белгілердің бәрін жоюға тырысып жатыр. Солайша дәстүрге сәйкеспейтін ислам киімін киген әйелдер мен қаба сақал өсірген ер адамдар ерекше қыспақта қалды. Көшеде ер адамдарды ұстап алып, полиция бөлімшесіне әкеп сақалдарын күштеп қыру басталды.

Наурыз айында әйелдер мейрамында сөйлеген президент Эмомали Рахмон «бөгде», «жат» киім киетіндерге шүйлігіп, «Тәжікстанда біреулер киім арқылы да экстремистік ағымды дамытқысы келеді» деді. Бұл сөзді ол елге ескерту іспетті айтты.

Нәтижесінде Душанбе көшесіндегі жұрттың сырт келбеті өзгеріп шыға келді. Бұрын қара немесе қоңыр түсті хиджаб киген әйелдер көп болса, қазір ресми қабылданған дәстүрлі тәжік киімі – түрлі-түсті орамалды желкеге қайыра тартқан әйелдер көбейді.

Душанбе көшесінде жүрген әйелдер.

Душанбе көшесінде жүрген әйелдер.

Үкімет тәжіктердің қоғамдық орындарда діншілдігін көрсетуге тыйым салғанымен, зайырлы Душанбе мен мұсылмандар арасында түсінбестік ұлғаяды деген қауіп бар. Сарапшылар "мемлекеттің басып-жаншуы халықты сырттан келген діни үрдістерден сақтандырудың орнына, керісінше қауіпті жолға итермелеуі де мүмкін" дейді.

Ұлыбританиядағы Эксетер университетіндегі Тәжікстан бойынша сарапшы Джон Хезершоу «Олар қолданып отырған репрессиялық шаралар радикалдануды шектеп та тұруы мүмкін, өршітіп те жіберуі ғажап емес» дейді. Ол біреулердің биліктен сескеніп, дәстүрлі ислам талабына сай болуға тырысатынын, ал енді біреулердің жасырын әрекетке көшіп, содырға айналуы ықтимал екенін ескертеді.

«АЗАМАТТЫҚ СОҒЫС ҚАУПІ БАР МА?»

20 жыл бұрын әсіредіншілдер демократтармен бірлесіп, советшіл күштерге қарсы соғысқан Тәжікстанда діни жасақ құрылу қаупі өте жоғары. Сол соғыста 100 мыңға жуық адам қаза тапқан еді.

Канададағы Монреаль университетінде Орталық Азияны зерттейтін Хелен Тиболт «Соғыстан кейін жағдай әлі күнге дейін толық қалпына келмеді. Саяси антогонизм, аймақтық қайшылық белгілері байқалып қалады» дейді. Ол 2010 жылы көп жылға сотталған әсіредіншіл содырлардың түрмеден қашып шығып, Рашт алқабында екі апта бойы үкімет әскерімен соғысқанын еске алды.

Жақында, 2012 және 2014 жылдары билік әсіредіншіл жасақ деп айыптаған жергілікті топ Тәжікстанның шығысында Таулы Бадахшанда үкімет әскерімен атысты.

1992-97 жылдардағы азамат соғысынан соң бейбіт келісім жасалып, елдегі мұсылмандардың құқығын қорғау үшін Ислам өркендеу партиясы құрылып, оның өкілдеріне үкіметтен орын берілген еді. Бірақ осы жылдың басында Душанбе Тәжікстанның Ислам өркендеу партиясының қызметіне тыйым салып, оның ұстамды исламды насихаттайтын басшылары тұтқынға алынды. Сондықтан радикализмге ұрынбаған мұсылмандар қоғамдық процестен шеттетіліп, олардың орнын экстремистер басу қаупі туды.

ИСЛАМ ПАРТИЯСЫН ТАРАТУ

Душанбедегі діни мәселелер бойынша сарапшы Фаридун Ходизода партияның кейбір «радикал мүшелері» партия басшылығын шектен тыс «қалыпты» болғаны үшін сынаған дейді. «Олар үкіметті келісімге келтіру үшін партия басшылығына қатты қысым жасады. Қазір «біз айттық қой» деп отыр» дейді ол.

Оның пікірінше, болашақта партия жабылуының келеңсіз әсері де болуы мүмкін.

«Ислам өркендеу партиясы өз жұмысын жасырын жүргізуі ықтимал. Егер астыртын әрекет етуге көшсе, олардың әсіредіншілдікке ұрынуы да ғажап емес» дейді Фаридун Ходизода.

Тәжік президенті Эмомали Рахмон Тәжікстандағы ислам діні ықпалын бәсеңсітуге қатысты шараларды әсіредіншілдер арасында содырлардың көбеюімен түсіндіреді.

Тәжік президенті Эмомали Рахмон Тәжікстандағы ислам діні ықпалын бәсеңсітуге қатысты шараларды әсіредіншілдер арасында содырлардың көбеюімен түсіндіреді.

Бұрынғы советтік елдер арасындағы ресми тіркелген жалғыз ислам партиясына тыйым салған соң Тәжікстандағы діни оппозицияның үкіметте бірде-бір өкілі қалмады. Соғыс кезінде ең үлкен оппозициялық фракция болған бұл партия наурыздағы сайлау кезінде парламенттегі екі орнынан айырылды.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Тәжікстандағы ислам діні ықпалын бәсеңсітуге қатысты шараларды әсіредіншілдер арасында содырлардың көбеюімен түсіндіреді. Тәжікстан бас прокуратурасы шілде айында «Сирия мен Иракта шетелдік экстремистік топтармен бірге соғысқан» 420-дан астам адамға қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Бірақ соңғы жылдары қысымның күшеюі елдегі ислам дінін ұстанушыларды мемлекеттің бақылауынан шығарып алмау мақсатынан туындаса да керек. Әсіресе исламшылдардың сырттан жасайтын ықпалы күшейген кезде бұл маңызды мәселеге айналады.

«Діннің теріс ықпалын насихаттайтын, оны ел дамуына кедергі деп сипаттайтын СССР тәжірибесі де байқалады. Сол советтік дәстүрге сай сырттан келген ислам қауіпті деген түсінік те бар» дейді Элен Тибо.

Президент Рахмон елдегі ислам дінін мүфтият арқылы бақылайды. Мүфтият шартты түрде билікке тәуелсіз саналады, алайда елдегі дін қызметкерлері президент әкімшілігі бақылауымен тағайындалады. Бірақ шетелдердегі діни процестер Душанбе бақылауына кірмейді, сол себепті де билік «сыртқы ықпалға» қатты алаңдайды.

Бұрынғы қорғаныс министрі Абдухалим Назарзода.

Бұрынғы қорғаныс министрі Абдухалим Назарзода.

Мамыр айында Тәжікстан ішкі істер министрлігінің арнайы жасағының командирі Гулмурод Халимов видео-үндеу арқылы ИМ-ге қосылғанын мәлімдеген кезде ел есеңгіреп қалды. Халимов бұндай әрекетке биліктің мектеп пен кеңселерде «мұсылманша» киінуге тыйым салып, қоғамдық орындарда діни рәсім орындауды шектеуіне наразылық ретінде барғанын айтты.

САЯСИ ҚАРСЫЛАСТАРДЫ ҚУҒЫНДАУ

Оған қоса Тәжікстанда зорлық-зомбылықтың артқаны байқалады. Қыркүйек айында, Ислам өркендеу партиясына тыйым салынғаннан бірнеше күннен кейін Душанбе мен оның маңында полиция бөлімшелеріне шабуыл жасалып, 20-дан астам адам опат болды.

Оқиғаның себебі бірден анықталмады, бірақ билік әскери діншілдер айыпты деп танып, Тәжікстан қорғаныс министрінің орынбасары Абдухалим Назарзоданы кінәлады.

Назарзода көпшілік алдында мәлімдеме жасауға үлгермей полиция операциясы кезінде қаза тапты. Ол бұрын Ислам өркендеу партиясының мүшесі болған еді, бірақ белсенді өкілі саналмайтын.

БИЛІК ПЕН ДІН АРАСЫНАН ЖОЛ ТАБУҒА ТЫРЫСУ

Душанбе көшелерінде «мұсылманша» киінген адамдардың азайғанына зайырлы мемлекет қағидасын ұстанатындар қуанады. Бірақ консервативтік мұсылмандар биліктің бұл әрекетін адамның жеке бас мәселелеріне шектен тыс араласу деп санайды. Душанбеде шағын парфюмерия дүкені бар Манзура ислам діні қағидаларын орындауға тырысады. Ол «Аллаға да, билікке де ұнамды киім үлгісін табуға тырыстым» дейді.

Жыл басында шенеуніктер «шетелдік мұсылман» киіміне тыйым салғанда Манзура жұмыс лицензиямнан айрылып қалмайын деп қара түсті хиджабын шешті.

Қазір ол ұзын шалбардың сыртынан ұзын жеңді түрлі-түсті жейде киеді. Басына африкалық орамалды еске салатын ашық қызыл түсті мата тартқан. «Менің денем қазір де ислам талабына сай жабылған» дейді Манзура ашық түсті киімі мен биік өкшелі туфлиінің қалалық дағдыға қайшы келмейтінін меңзеп.

Үкімет діншілдер әрекетін шектеп, Ислам өркендеу партиясының қызметін ғана тоқтатқан жоқ, Рахмон зайырлы ұстанымдағы қарсыластарын да аямай жатыр. «Группа 24» атты саяси партия құрған Умарали Куватов наурыз айында Стамбулда құпия жағдайда оққа ұшты. Туыстары оның өлімін тәжік билігінен көреді.

Тағы бір оппозициялық партия – «Жаңа Тәжікстан» қозғалысы 2013 жылы құрыла сала, көп ұзамай қызметін тоқтатты. Оның жетекшісі Зайд Саидовқа «әйел зорлады» дегеннен бастап, «қаржылық қылмыс жасады» деген айыптар тағылып, 25 жылға сотталды.

«10 немесе 12 жыл бұрын оппозициялық партиялар өз пікірін айта алатын еді. Қазір бәрі басқаша» дейді Хезершоу.

Авторитарлық билікке наразылық таныту Тәжікстандағы экономикалық жағдайдың қиындығын ескерсек, барынша қауіпті әрекетке айналды. Еңбекке жарамды алты тәжіктің біреуі елден жұмыс таба алмай, Ресейге барып жалдануға мәжбүр. Дүниежүзілік банктің жақында жасаған баяндамасында «Тәжікстан шетелге жұмыс істеуге кеткен азаматтарының ақша аударуына қатты тәуелді елдердің бірі» ретінде сипатталған.

Тәжікстанның алты азаматының бірі Ресейде еңбек мигранты болып жұмыс істеуге мәжбүр. Суретте: Ресейде жұмыс істеп жүрген тәжік мигранттары. .

Тәжікстанның алты азаматының бірі Ресейде еңбек мигранты болып жұмыс істеуге мәжбүр. Суретте: Ресейде жұмыс істеп жүрген тәжік мигранттары. .

Ресейдегі түрлі қолайсыз жағдайлар мен рубльдің құнсыздануы бұл елдегі экономикалық өсімнің төмендеуіне ықпал еткен. Баяндамада Тәжікстанның жалпы ішкі өнімі өсімі 2013 жылы 7,4 пайыз болса, 2014 жылы бұл көрсеткіштің 6,7 пайызға төмендегені, ал 2015 жылы 3,2 пайызға төмендеуі мүмкін екені айтылады.

Экономикалық наразылық, аймаққа бөліну, саясиланған діншілдер Тәжікстан тәуелсіздік алған соң азамат соғысының тұтануына түрткі болған еді. Билік бұрынғы советтік билеушілер мен бір аймақтан шыққан адамдардың қолында қалды. Қазір де барлық жақсы қызметті Рахмонның облысынан шыққан адамдар иеленіп отыр, басқа облыстық тұрғындары шетелге барып мигрант болуға мәжбүр.

Рахмон консервативтік мұсылмандарды ығыстырып, авторитарлық билікті күшейте бермек. Бірақ қарулы қақтығыстың болуына жол бермейтін тәрізді.

Ал Хужандтағы шаштараз Набижон ісі жүргеніне риза. Ол сақал қырудың ақысына 0,75 доллар баға қойған, бұл шаш алумен бірдей. Бір клиенті екі аптада үш рет келеді, сондықтан Набижон ел президенті Эмомали Рахмонның саясатымен келіседі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG