Accessibility links

Тәжікстан Ресейге Сириядағы содырларының тізімін береді


 Тәжікстан ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода.

Тәжікстан ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода.

Тәжікстан ішкі істер министрінің айтуынша, «содырлар ұйымына кірген азаматтардың бірқатары елге оралып, зиянды іс-әрекетін жалғастыруға тырысады».

Тәжікстан ішкі істер министрлігі (ІІМ) Ресейге іздеу жарияланған қылмыскерлер тізімін береді. Бұл тізімге Сирияда соғысып жатқан содырлар құрамында болуы мүмкін және террорлық шабуыл жасау үшін Ресей аумағына кіреді деген күдіктілер енді. Қарашаның 24-і күні Мәскеуде Тәжікстан ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода осылай мәлімдеді.

Сирияда жүр деген тәжік содырының суреті.

Сирияда жүр деген тәжік содырының суреті.

Оның айтуынша, «содырлар ұйымына кірген азаматтардың бірқатары елге оралып, зиянды іс-әрекетін жалғастыруға тырысады».

Ресейдің «РИА Новости» агенттігі Рахимзоданың «Олардың терроршыға айналуы әбден мүмкін... Солайша олар өздері барған елдің ішкі тұрақтылығына нақты қауіп төндіреді. ІІМ-нің тиісті бөлімшелеріне көмектесуіміз қажет, сондықтан жұмыс тәртібінде ресейлік тарапқа іздеуде жүрген жандардың тізімін береміз» деген сөзіне сілтеме жасайды.

Тәжікстан ішкі істер министрі «қазіргі қатерлер кезінде күш біріктіру қажет болғандықтан, осындай әрекетке барған жөн» дейді.

Біріккен коллегияның 17-отырысын ашқан Ресей ішкі істер министрі Владимир Колокольцев Тәжікстанмен ынтымақтастық экстремизм мен терроризм, есірткімен күрес, айыпталушылар мен іс-түссіз кеткендерді іздеу, қылмысты ашу және зерттеу, мамандар дайындау салаларында іске асырылып жатқанын айтты. Осылайша, биылғы жылдың өзінде бірлесіп әрекет етудің арқасында жүзге жуық күдіктіні ұстау мүмкін болған.

Владимир Колокольцевтің айтуынша, «Франциядағы қайғылы жағдай Таяу және Орта Шығыстағы терроршылардың белсенділігін төмендеткен жоқ, сондықтан осы бағытта күш біріктіру қажет».

«Ең алдымен, қарулы қақтығыс жүріп жатқан аймақтарға жаңа адамдардың кетуіне жол бермеуіміз керек және олардың біздің елдерімізге босқын түрінде қайта кіріп кетпеуіне күш салуымыз қажет. Күрделі геосаяси үдерістерге, біздің шекарамызға жақын жердегі қарулы қақтығыстар, экстремист және террористік ұйымдардың қалыптасу белсенділігі және экономикалық қиындықтарға қарамастан, құқық қорғау мекемелері қабылдаған шаралар тұрақтылықты қамтамасыз етеді».

Ең алдымен, қарулы қақтығыс жүріп жатқан аймақтарға жаңа адамдардың кетуіне жол бермеуіміз керек және олардың біздің елдерімізге босқын түрінде қайта кіріп кетпеуіне күш салуымыз қажет.

Ресей министрі дәстүрге сай негізгі мәселелердің бірі – есірткі қылмысымен күрес болып қалатынын ескертті. Ресей ІІМ басшысының айтуынша, бұл мәселеге ерекше назар аударуға есірткі және адам психикасына күшті әсер ететін заттарды заңсыз өндірудің көбеюі тәрізді нақты жағдайлар себеп болған. «Халықаралық есірткі жасаушылар Ресей мен Тәжікстанға транзиттік аймақ және өткізу нарығы ретінді қарайды» деп түсіндірді Колокольцев.

Отырыс аясында есірткі заттарын теміржол және әуе арқылы тасымалдау амалдарын жою және онымен күресті жетілдіру бойынша өзара қарым-қатынас тәжірибесін арттыру қарастырылды. Оған қоса, қатысушылар екі ел арасындағы ішкі істер мекемелерінің ғылыми әріптестігін арттыруды талқылады. Отырыс нәтижесінде Ресей және Тәжікстан ішкі істер министрліктері келер жылға арналған коллегия жоспарын бекітті.

Азаттық Тәжік қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG