Accessibility links

Тәжік әншілерінің қажылығы сынға ілікті


Тәжік әншісі Фарзона Хуршедтің (оң жақтан - екінші) туыстарымен түскен суреті.
Тәжік әншісі Фарзона Хуршедтің (оң жақтан - екінші) туыстарымен түскен суреті.

Тәжік әншілері Шабнам Сурайё мен Фарзона Хуршедті жұрт «ашық-шашық киінеді әрі сахна мен клиптерінде жеңілтек» деп сөгеді. Енді екеуін ел қажылыққа барғаны үшін жазғырып жатыр.

Екеуінің Меккедегі қасиетті Қағбаны айналған видеосы әлеуметтік медиада жарияланды. Бұл тәжік эстрадасының жұлдыздары Шабнам Сурайё мен Фарзона Хуршедті жазғырушылардың назарынан тыс қалмады. Әншілер кіші қажылық - Умраға барғанын хабарлады. Қос әнші - әпкелі-сіңлілер. Екеуінің жанында олардың үлкен әпкелері Рузигүл мен Шабнам Сураёның қызы Шарифамо да болған.

Оларды жақсы көретін тыңдаушылары Меккеде мұсылман киімімен түскен фотосуреттеріне тәнті болса, жақтырмайтындар мен сыншылар керісінше, жазғырып жатыр. Мұсылман дәстүрлері жақсы сақталған консервативтік Тәжікстанда Шабнам Сурайё мен Фарзона Хуршед дауға жиі ілінетін әншілер ретінде белгілі.

Тәжік әншісі Сурайё Қасымованың қызы Шабнам Сурайёмен (сол жақта) түскен суреті.
Тәжік әншісі Сурайё Қасымованың қызы Шабнам Сурайёмен (сол жақта) түскен суреті.

Фарзона Хуршед «жігітінің қашып кетуіне көмектескен» деген айыппен 2010 жылдың ақпанында екі жылға сотталып, Тәжікстаннан тысқары елдерде де танымал болды. Фаррух Рузиев ол кезде «алаяқтық жасады» деген айыппен қамауда отырған. Әнші оның сот залынан қашып кетуіне кінәлі деп танылды. Бір жарым жылдан кейін Фарзона Хуршед рақымшылық жарияланып түрмеден шықты.

Әпкелі-сіңлілі әншілер Меккеде болған кезде шешелері - Тәжікстанның халық әншісі Сурайё Қасымованың үйі өртенді. Өрт шілденің 25-іне қараған түні әншінің Куляб қаласындағы үйінен шыққан. Азаттықтың Тәжік редакциясының хабарлауынша, жергілікті милиция мен өртке қарсы қызмет оттың кездейсоқ немесе абайсызда тұтану белгісін таппаған. Үйдің жартысына жуығы өртеніп кетті. Кейіннен үйге әдейі от қойған деген ұйғарым жасалды. Өрт тұтанған түні әншінің өзі үйінде емес, қонақта болғаны туралы хабар тарады.

XS
SM
MD
LG