Accessibility links

«Орталық Азияның бостандыққа ұмтылысының басы»


1916 жылғы көтеріліске қатысушыларды жазалаушылар дарға асып кеткен. (Қырғызстан тарихи музейіндегі экспозициядан фото)

1916 жылғы көтеріліске қатысушыларды жазалаушылар дарға асып кеткен. (Қырғызстан тарихи музейіндегі экспозициядан фото)

17 шілдеде Худжандтағы көтеріліске 100 толды. Бұл көтеріліс Орталық Азиядағы империялық Ресейге қарсы күресті бастап, аймақтағы ұлт-азаттық қозғалыстың маңызды бөлігі болды.

1916 жылғы 8 шілдеде (ескі стиль бойынша 25 маусымда) сол кездегі Ресей патшасы Екінші Николай «Орталық Азия губернияларындағы жергілікті тұрғындар тылда жұмыс істеу үшін әскер қатарына алынсын» деген жарлыққа қол қойды. Бірінші дүниежүзілік соғыста Британия мен Франциямен одақтасып, Антанта жағында Австро-Венгрияға қарсы соғысып жатқан Ресей қол күшіне қатты мұқтаж еді. Патша Орталық Азияның бұратана халқын әскерге алу арқылы бұл мәселені шешкісі келген.

Алайда әскерге шақыру науқаны халық наразылығын туғызып, Орталық Азиядағы «Ресей губерниялары» – Түркістан, Дала уәлаяты және Жетісу өлкелерінде қарулы бүлік болды.

Тәжікстанда көтеріліс 1916 жылғы 17 шілдеде (ескі күнтізбе бойынша 4 шілдеде) Худжанд тұрғындарының қарсылық жиынынан басталды. Патшалық Ресей өкіметі Худжандта 19-42 жас аралығындағы 2 мыңдай ер азаматтың тізімін жасаған.

Бұл тізімді жасау тәртібіне наразылық білдірген тұрғындар полиция басшысы үйінің маңына жиналып, тізімді қайта қарауды талап етті. Олар армия қатарына негізінен жалғызбастылар мен кедей-кепшіктердің алынатынына қарсылық танытты. Халықтың талабына ешкім құлақ аспаған, мұның соңы көтерілісшілер мен полиция күштері арасындағы қақтығысқа ұласып, ондаған кісі қаза тауып, біразы жараланды.

Худжандтан соң Ресейдің Орталық Азиядағы губернияларының басқа да қалаларында дәл сондай көтерілістер болды. Жалпы есептеу бойынша, 1916 жылдың қазан айына дейін созылған наразылықты басу кезінде екі тараптан ондаған мың адам опат болған.

Тәжікстан тарихшысы Камол Абдуллаевпен сол көтерілістің себептері мен сабақтарын талқылады.

Азаттық: – Көтеріліс қашан және қандай формада болды?

Көтеріліс кезінде 300 мыңдай «бұратана» халық (көбі қырғыздар), 3-4 мың орыс қаза болды.

Камол Абдуллаев: – Бұл – бір ғана оқиға емес, өзара байланысы жоқ стихиялы наразылық шараларының тізбесі. Ол ең әуелі Худжандта 4 шілденің таңында басталды. Содан соң бірер аптаның ішінде басқа губерниялар мен қалаларға тарады. Жызақта және қырғыз-қазақ аймағы – Жетісуда наразылық үлкен қарқынмен жүріп, екі жақта да өте көп адам өлді. Көтеріліс кезінде 300 мыңдай «бұратана» халық (көбі қырғыздар), 3-4 мың орыс қаза болды. Екі жақтың арасалмағы 1:100 болған. Худжандтағы бүлікте ерекше ұлттық реңк болған жоқ, адам шығыны аз болды және ол тез бәсеңдеді. Жетісудан айырмашылығы – солтүстік Тәжікстанда жергілікті тұрғындардың шұрайлы жерлерін тартып алып, қоныс тепкен орыс келімсектері болған жоқ, яғни этносаралық қақтығысқа да негіз болмады. Бізде негізгі нысана патшалық өкімет пен олардың жергілікті шенеуніктері болды, ешкім олардың ұлтына назар аударған жоқ.

Азаттық: – Бүлік тек сол кезде Ресей империясының құрамына кірген Худжандта болды ма, әлде тәжіктер тұратын басқа аймақтарға да жайылды ма?

Камол Абдуллаев: – Түркістандағы көтеріліс ресми түрде империя құрамына кірмегенімен, іс жүзінде Ресейдің вассалы болған Бұқара әмірлігіне де жайылды. Бұқара әмірі Әлім Хан 1915 жылдың желтоқсан айында Терск казак әскерінің генерал-лейтенанты шенін алған. Ол Ресейге қаржылай көмек көрсетіп, соғыста дем беріп отырған. Мұның үстіне оны Бұқара халқынан өте көп салық жинауға мәжбүр етті. Тәжіктер соған қарсы бас көтерді, наразылық әсіресе Қаратегін мен Қорғантөбеде қатты болды.

Азаттық: – Бүліктің себептері неде?

Камол Абдуллаев: – Ресей 1914 жылы соғысқа араласып, көп шығынға ұшырады, салық төлеушілерге ауыр салмақ артып, сол шығынды жауып жатты. Майдан шебінде қара жұмыс істейтін адамдар қажет болды. Соғыс барлық ресурстарды сарқып, сол ресурсқа деген күресті күшейтеді, ал мұның соңы милитаризмге, ұлтаралық қақтығысқа алып келеді.

Тәжік тарихшысы Камол Абдуллаев.

Тәжік тарихшысы Камол Абдуллаев.

Азаттық: – Бүліктің сипаты қандай еді? Ресейге қарсы болды ма?

Камол Абдуллаев: – Историографияда солай баға береді. Тіпті көп жұрт екі жылдан соң болған басмашылық та 1916 жылғы көтерілістен басталған дейді. Мен мұнымен келіспеймін. Менің ойымша, бұл – Ресейге емес, кәдімгі отаршылдыққа қарсы көтеріліс, халықтың патша үкіметінің алысты болжай алмайтын саяз да қылмыстық саясатына деген наразылығы.

Орталық Азияны өзіне қаратқан соң аймақтағы орыс билігі әскерилерге тапсырылды. Олар шаруалар мен көшпенділерді фанатик-«халатниктер» деп жек көрді, ал Ресейді жақтайтын, тіпті оның соғысқа қатысқанын да қолдайтын жергілікті интеллигенттер – жәдидтерден тіпті қатты сезіктенді. Орыс үкіметі жергілікті халықты өзіне қарсы қойып алды, тіпті Ресейді қолдауға ұмтылғандарының өзін кеудеден итерді. Егер патша өкіметі жергілікті жағдайды жақсы біліп, оның элитасына құрмет көрсеткенде, онда Ресей бұл бүліктің алдын алып қана қоймай, еріктілердің дивизиясын жасақтаған болар еді. Дәл осындай дивизия Кавказда құрылған. Ал іс жүзінде тіпті майданға баруға құлшынып жүргендерінің жарлықтан соң көңілі қайтып қалды. Себебі оларға атқа мініп, қару кезеніп емес, траншеяда күрек ұстап жатып «Николай пошшоны» қорғаңдар деген ұсыныс тасталды. Патша өкіметі халықтың көмегін, жанашырлығын, тіпті Ресейді қолына қару алып қорғауға деген ұмтылысын бағаламады. Керісінше шовинизм өршіп, «бұратана халықты» кемсіту милитаристік саясатқа ұласты.

Худжандта 1916 жылғы көтеріліс басшысы Бибисолеха Қобилхожаеваға қойылған мүсін.

Худжандта 1916 жылғы көтеріліс басшысы Бибисолеха Қобилхожаеваға қойылған мүсін.

Азаттық: – Арада бір жыл өтер-өтпестен империяның өзі құлады. 1916 жылдың жазындағы оқиғалар мен 1917 жылғы күздегі революцияның арасында байланыс бар ма?

Камол Абдуллаев: – 1916 жылғы көтеріліс патшаға, империалистік соғысқа қатысу мәселесіне қарсы бағытталған. Әсіресе Худжандтағы көтерілісшілер жергілікті орыс әкімшілігі мен шенеуніктерге, патша режимінің озбырлығына қарсылық білдірді. Іріп-шіріген патша режиміне қарсы дәл осындай көтерілісті бір жылдан соң Ресей солдаттары мен жұмысшылары бастады, соның арқасында олар патшаны, одан соң Уақытша үкіметті құлатты. Октябрь революциясын тәжік, өзбек, қырғыз, қазақ жұмысшылары үнсіз қолдады. Патша үкіметіне мүлде ұқсамайтын болғандықтан ғана Орталық Азия халқы совет үкіметін қолдады. Большевиктердің антиколониалдық ұстанымы Орталық Азияны Ресей федерациясының уысында ұстап қалуға мүмкіндік беріп қана қоймай, Ауғанстан мен Үндістанды, Түркия мен Иранды да өз жағына тарта білді, соның арқасында тұрақтылық болып, тек осы аймақтың ғана емес, жалпы СССР-дың экономикасы мен мәдениеті өркен жайды.

Тәжіктер мен басқа да Орталық Азия тұрғындарын Қызыл армия қатарына әскерге алу 1939 жылы басталды, ал Совет одағының Орталық Азиядан шыққан алғашқы батыры – тәжік Негмат Карабаев. 1939 жылғы финн соғысында ерлік көрсеткен ол Ұлы Отан соғысы кезінде алған жарақаттан қаза тапты. Имериалистік соғыс пен Ұлы Отан соғысын шатастырмау керек. 1916 жылғы әскерге шақыру мен 1941 жылғы шақырудың арасы жер мен көктей. Алғашқысына қаһарлана қарсылық білдірсе, екіншісіне құлшыныспен қатысқан Орталық Азия халқы мұны өздері де дәлелдеді.

Патшалық Ресейдің мобилизациялық саясатын Совет Одағымен, патша армиясын Қызыл армиямен салыстыру – батырлардың әруағын қорлау деген сөз. Орталық Азиядан шыққан қаһармандардың Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі патша генералдарының тәжіктер мен көшпенділерден жауынгер шықпайды деген сөздерін жоққа шығарды.

Патшалық Ресей тәжік, қазақ, өзбек, қырғыздарды «бұратана халық» деп атады, оларды тек окоп қазуға жарайды деп санады. Олар халықты бағындыру, құқынан айыру, ұлттық және діни тұрғыдан кемсіту негізінде билік етті. Ал Совет үкіметі ұлттық ерекшеліктерге мән бермеді, халықты ұлты және конфессиясы бойынша емес, табы бойынша жіктеді.

Азаттық: – Кейбіреулер 1916 жылғы көтерілісті басмашылықпен байланыстырады. Бұлай салыстыруға бола ма?

Камол Абдуллаев: – Колониалдық кезеңдегі және Совет Одағының алғашқы жылдарындағы Орталық Азияның тарихы өте күрделі, әрқилы әрі қарама-қайшылықтарға толы. Империялық үкіметтің, кейінірек совет үкіметінің жергілікті халықпен қарым-қатынасы өте ауыр болды. Оның бағыты мен дамуына түрлі факторлар мен ойыншылар, соның ішінде аймақ халқының өзі ықпал етіп отырды. Жергілікті қауымдастықтардың өздері біртұтас болған жоқ, олар да бытыраңқы болды, империяға бағыну, орыстарға, әскерге адам алуға қатысты ұстанымдары әркелкі болды. Сондықтан олар 1916 жылғы әскерге шақыру туралы патша жарлығына, 1917 жылғы революцияға, 1920 жылдардағы басмашылыққа бірыңғай жауап берген жоқ, олардың реакциясы сол кездегі күштер мен мүдделер ара салмағының көрсеткіші болды.

Азаттық: – Бұл бүліктен қандай қорытынды шығаруымыз керек?

Камол Абдуллаев: – Ресей Орталық Азияның мұсылмандарына қарсы соғыста көп шығынданса да жеңіске жетті. 100 мың адам әскерге алынды, жоспар бойынша бұдан бес есе көп адам жинау көзделген. Олардың өзінен еш қайран болмады. Олар Ресейге қызмет етуді жаза деп түсінді, ауырды, аштық пен суықтан өлді. Ауырып-сырқаған оларды мың-мыңдап үйлеріне қайтарды. Ал саяси шығындар бұдан да көп болды. Бүлікті басып-жаныштағанымен, патша өкіметі күшейе қоймады.

Ресей империясы келмеске кетті. Империяның тарихын жазатын әріптестер ол режимнің отар халыққа қаншама зауал әкелгенін, сондықтан аймақтағы тарихшылар арасында антиколониалдық пікір басым болатынын түсінуі керек. Ал тарихты ұлттық тұрғыдан жазатын ғалымдар Ресейді «халықтар түрмесі», «зұлымдық империясы» етіп біржақты қаралауға бой алдырмағаны жөн. Мұнда сыйластық, өзара құрмет және төзімділік қажет.

Жалпы, жүз жыл бұрын болған оқиғаларды Орталық Азияның біртіндеп отарлық, колониалдық бұғаудан босай бастағаны тұрғысынан қарауымыз керек. Бұл көтеріліс патша режимін қатты састырды, олар өздері жек көретін «бұратана халықтар» бұлайша бас көтереді деп ойламаған. 1916 жылғы оқиғалар мемлекеттің нұсқауымен емес, халықтың қалауымен жүрді. Халық үнсіз бас шұлғып, айдағанға көніп отыратын тобырдан тарихи әрекеттің тәуелсіз де айбынды субъектісіне айналып, төрт ай бойы тік тұрды. Орталық Азия мұсылмандарының арасында бірлік болмағанымен, 1916 жылы бұл аймақ бостандыққа қарай қадам жасады, ал империя құлдыруға қарай бет алып, бүлікті басып-жаныштағаннан бір жыл өткен соң құрдымға кетті.

Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG