Accessibility links

Тәжікстан ислам партиясы «хиджапсыз әйелді» қолдады


Тәжікстандағы президент сайлауына үміткер Ойнихол Бобоназарова.

Тәжікстандағы президент сайлауына үміткер Ойнихол Бобоназарова.

Тәжікстанда президент сайлауы өтеді. Ислам өркендеу партиясы секулярист саясаткерді қолдағаны үшін сайлаушыларынан айырылуы мүмкін. Партия Ойнихол Бобоназарованы неге таңдады?

Тәжікстанда өтетін президенттік сайлауда ислам партиясының саяси тұрғыда тәуелсіз, әрі секуляристік (дінге қатысты бейтарап - ред.) позиция ұстанатын әйел адамды қолдауы ерсі көрінеді.

Бірақ Ислам өркендеу партиясы сайлауға жеке үміткер ұсынып, оның жеңіп шығатынына сенбейді.

ОППОЗИЦИЯ ҰСЫНҒАН ОРТАҚ ҮМІТКЕР

Тәжікстанда жеңістен дәмеленбейтін тағы бірнеше оппозициялық ұйым бар. Ислам өркендеу партиясы, Социал-демократиялық партия және басқа да үкіметтік емес топтар сайлау қарсаңында «Біріккен реформалық күштер» атты коалиция құрған. Коалиция Ойнихол Бобоназарованы қыркүйектің 9-ы күні ортақ кандидат ретінде президент сайлауына ұсынды.

Қыркүйектің 17-сі күні Ислам өркендеу партиясының съезі өтті. Онда сөйлеген партия белсенділері Бобоназарованы қолдайтындарын мәлімдеді. Бірнеше жылдан бері бұл партия сайлауға өз үміткерлерін ұсынып келе жатқан. Ұйымның осы жолғы таңдауына бақылаушылар да таңғалып отыр.

Бірақ бұл шешімге партияның дәстүршіл мүшелері – молдалар мен басқа да діни қайраткерлер наразы. Партияның консервативтік өкілдері бұған дейін зайырлы саясаткерлерге қарсы насихат жүргізіп келген еді. Енді олар партияның сайлаушыларынан ыңғайсызданады. Бірақ ұйым басшылығы дұрыс таңдау жасағандарына сенімді.

Ислам өркендеу партиясының жетекшісі Мұхиддин Кабири. Тәжікстан, 10 қыркүйек 2013 жыл.

Ислам өркендеу партиясының жетекшісі Мұхиддин Кабири. Тәжікстан, 10 қыркүйек 2013 жыл.

Тәжікстанда 20 жылдан бері демократиялық сайлау өткен емес. Осы себепті Ислам өркендеу партиясы «үміткеріміз сайлауда жеңіп шығады» деген қиялдан ада. Өйткені бұл партия осы жылдар ішінде бірнеше рет сайлауға қатысты. Осы жолғы сайлауда да Эмомали Рахмонның билігін сақтап қалатынына күмәнданбайды. Ислам өркендеу партиясы жетекшілері болашақ үшін ғана демократ әйелді қолдап отырған тәрізді. Партия жетекшісі Мухиддин Кабири:

- Бұл сайлауда жеңілуіміз мүмкін, бірақ біз жұртқа өзіміз туралы айту үшін осы мүмкіндікті пайдаланамыз. Біздің партияға қатысты сыбыстар көп. Кейбіреулер бізге күдікпен қарайды, сенбейді. Кей адамдар партияның атауын өзімізге қарсы қолданып, «бұлар сайлауда жеңіске жетсе, Тәжікстанда ислам мемлекетін құрмақ» деген сөз таратып жүр, - дейді.

«АДАМ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУШЫНЫ АЙЫПТАУ ОҢАЙ ЕМЕС»

Бобоназарованы қолдаудың тағы бір себебін Кабири былай түсіндіреді:

- Ел ішіндегі және сырттағы адамдарға Тәжікстанның ислам өркендеу партиясының ұстамды ұйым екенін, әйел адамның президент болғанын ерсі көрмейтінін, партиядан тыс күштермен де жұмыс істеуге дайын екенін көрсетуге тырыстық.

Бұл ұйым - Орталық Азияда ресми түрде тіркелген жалғыз ислам партиясы. Сондықтан болар, Ислам өркендеу партиясы «діни экстремистерге қатысы бар» деген күдікке жиі ілінеді.

Раджаб Мирзо.

Раджаб Мирзо.

Саясаткерге айналған тәжік журналисі Раджаб Мирзоның пікірінше, «партия Бобоназарованы қолдау арқылы жұрт алдында бет-бейнесін өзгерте алады».

- Кабиридің өзі заманауи адам сияқты, сақалын қырып, костюм киіп жүреді. Әйел үміткерді қолдау арқылы партия осы бейнесін орнықтыра түседі, - дейді ол.

Тәжікстандағы ықпалды діни қайраткер және Ислам өркендеу партиясының бұрынғы мүшесі Ходжи Акбар Тураджонзоданың айтуынша, «Бобоназарованың кандидатурасы - Ислам өркендеу партиясы үшін де, «Біріккен реформалық күштер» коалициясы үшін де жақсы таңдау».

- Ислам партиясының жетекшісі президент сайлауына түспеуі тиіс деп ойлаймын. Әйтпесе жұрт арасында «бұл партия дінді билікке жету үшін, ислам мемлекетін құру үшін пайдаланады» деген күдік туындайды, - дейді ол.

Тураджонзоданың айтуынша, «оппозиция жетекшісі болған ер адамдарға қатаң айып тағылып, олар тіпті түрмеге түсіп жатады».

Қарашадағы сайлау алдында болған екі жағдай тәжік билігінің саяси қарсыластарынан құтылғысы келетінін көрсетеді. Мамыр айында оппозиция жетекшілерінің бірі, кәсіпкер Зайд Саидов «қаржылық алаяқтық жасаған және көп некеге тұрған» деген айыппен сотталды. Саидов «бұл айыптардың саяси астары бар» дейді.

Умарали Куватовтың экстрадициясына қарсылық акциясы. Тәжікстан, 25 желтоқсан 2012 жыл.

Умарали Куватовтың экстрадициясына қарсылық акциясы. Тәжікстан, 25 желтоқсан 2012 жыл.

Желтоқсан айында «24 тобы» (Group24) оппозициялық қозғалысының жетекшісі Умарали Куватов тәжік билігінің талабы бойынша Дубайда тұтқындалды. Ауқатты кәсіпкер Куватовқа «алаяқтық жасады» деген айып тағылды. Ал оның жақтастары «айыптың негізсіз екенін» мәлімдеді.

Тураджонзоданың пікірінше, «билікке Бобоназарованы айыптау оңайға түспейді, себебі оның өткен өмірінде шикілігі жоқ, кәсіпкерлікпен айналыспаған».

Мамандығы заңгер Бобоназарова - құқық қорғаушы. Ол Еуропа қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы және «Ашық қоғам» қоры сияқты Батыс институттарымен жұмыс істеген. «Құқық қорғаушыға қандай айып тағуға болады?» дейді Тураджонзода.

Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG