Accessibility links

«Отанын сатқан» тәжік ғалымы бостандыққа шықты


Тәжікстандық зерттеуші Александр Содиков.

Тәжікстандық зерттеуші Александр Содиков.

Мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен бір айдай қамауда отырған тәжікстандық жас зерттеуші Александр Содиков ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандыққа шықты. Тергеу жалғасады.

Тәжікстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында Александр Содиков 36 күн отырды.

ҚАМАУҒА ҰЛАСҚАН СҰХБАТ

Саяси ғылымдар маманы және Канададағы Торонто университетінің докторанты Александр Содиковты маусымның 16-сы күні Хорог қаласында тұтқындады. Ол екі жыл бұрын осында болған жағдай туралы Бадахшан белсендісімен әңгімелесіп отырған еді. 2012 жылы Тәжікстанның қарулы күштері арнайы операция жүргізіп, 20-дан астам бейбіт тұрғын мен милиционер қаза тапқан еді. Әлі күнге дейін бұл қайғылы оқиғаның жай-жапсары анықталмаған. Тәжікстан билігі күмәнді ақпарат таратты деп еуропалық БАҚ-ты айыптайды.

Азаттықтың Тәжік қызметінің ақпараты бойынша, жергілікті тұрғынмен сұхбаттасқан ғалым Ұлыбританияның Эксетер университетінің «Күшейіп келе жатқан топтар және Орталық Азиядағы шиеленістерді реттеу» ғылыми-зерттеу жобасы аясында әрекет еткен. Зерттеуші бұл университетпен де бірлесе жұмыс істейді.

Александр Содиковтың отбасымен түскен суреті.

Александр Содиковтың отбасымен түскен суреті.

Содиковты Хорогтан Душанбеге әкеліп, тұтқындаған. Оған «мемлекетке опасыздық жасап, тыңшылықпен айналысты» деген айып тағылды. Ғалым ол айыпты мойындамайды.

Ол тек ғылыми зерттеуші екенін, Тәжікстан заңын бұзбағанын айтады.

– Тергеушілер мәселенің анық-қанығына жетер деп үміттенемін. Менің заңға бағынатын азамат екенімді, Тәжікстан заңын сыйлайтынымды түсінер, заңға қарсы әрекет еттім деп ойламаймын, - дейді Александр Содиков.

Азаттықтың Тәжік қызметіне сұхбат берген ғалым тергеудің «әділ әрі кәсіби түрде жүргізілгенін, уақытша қамау орнындағы жағдайы мен тамағы жақсы болғанын» айтты.

- Бостандыққа шыққаныма екі күн болды. Уақытымның бәрін отбасыммен, қызыммен өткізіп жатырмын. Қызымның туған күні қарсаңында еркіндікке шығарғандарына көп рахмет. Тергеу жақында аяқталады, ол әділ әрі кәсіби түрде жүргізілді деп ойлаймын, - дейді Содиков.

Александр Содиковтың Азаттықтың Тәжік редакциясына берген сұхбаты

Ғалым бұған дейін де Хорогке бірнеше рет барғанын айтады. Содиков бұл қалаға білім беру және мен денсаулық сақтау мәселелеріне байланысты БҰҰ-ның гуманитарлық жобасы бойынша барған. Ал тұңғыш рет Хорогке Ұлыбританияның Эксетер университетінің жобасын іске асыруға келген екен.

Кейінгі жылдары Александр Содиков отбасымен Канадада тұрып жатыр. Ол бұл зерттеу жұмысынан бөлек, әлеуметтік реформалар туралы диссертация жазған. Тәжікстанға Содиков туыстарын көруге және зерттеу жұмысын аяқтауға келген.

ҒАЛЫМДЫ ҚОРҒАП ХАТ ЖАЗДЫ

Әлемнің түкпір-түкпірінен 55 мыңнан астам ғалым мен 10 ғылыми институттан Тәжікстан билігін Александр Содиковты босатуға шақырған хаттар түскен. Содиковтың мәселесі Тәжікстан ішкі істер министрі Сироджиддин Аслов Лондонға барған кезде Ұлыбритания парламентінде де көтерілді.

Халықаралық құқық қорғаушы ұйым Amnesty International мәлімдемесінде Александр Содиковты «ар-ұждан тұтқыны» деп атады.

Ұлыбританиядағы университет қызметкерлерінің Александр Содиковты босатуды талап еткен акциясы.

Ұлыбританиядағы университет қызметкерлерінің Александр Содиковты босатуды талап еткен акциясы.

Ұлыбританияның экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесі Тәжікстан билігіне хабарлама жіберді. Онда Александр Содиковтың «Күшейіп келе жатқан топтар және Орталық Азиядағы шиеленістерді реттеу» ғылыми жобасы аясында зерттеу жұмыстарын жүргізгені» айтылады.

Хабарламада «кеңестің әлеуметтік және экономикалық мәселелерге қатысты зерттеулерді қаржыландыратыны, кәсіпкерлік пен еріктілер қызметін және басқа да қоғамдық ұйымдар жұмысын тиімді ұйымдастыруға жәрдемдесетіні» айтылған.

Орталық Азиядағы шиеленістерді шешу және реттеу мәселесі бойынша зерттеу әлемдік қауымдастыққа Тәжікстанның 1997 жылғы азамат соғысы кезіндегі шиеленістерді шешу үлгісін көрсетеді деп жоспарланған.

Тәжікстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті Александр Содиковты «қылмыстық кодекстің «Мемлекетке опасыздық жасау», яғни 305-бабы бойынша айыптап отыр. Бұл бап бойынша айыпты деп танылғандар 12 жылдан 20 жылға дейін сотталады. Содиков ісі бойынша тергеу жұмыстары тамыз айының соңына дейін жалғаспақ.

(Мақаланы аударған – Динара Әлімжан).

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG