Accessibility links

Тәжік кәсіпкері президентке қарсы материал жариялады


Тәжік ұлты өкілдері Мәскеудегі Біріккен Араб Әмірлігі елшілігінің алдында қарсылық акциясын өткізіп тұр. 25 желтоқсан 2012 жыл.

Тәжік ұлты өкілдері Мәскеудегі Біріккен Араб Әмірлігі елшілігінің алдында қарсылық акциясын өткізіп тұр. 25 желтоқсан 2012 жыл.

Дубайда ұсталып, түрмеге қамалған кәсіпкер интернетке аудиожазба салып, оны «Рахмонның күйеу баласымен телефон арқылы сөйлескенім» деп мәлімдеді.

Түрмедегі кәсіпкер Умаралы Куватовтың көмекшісі «бұл Тәжікстандағы сыбайлас жемқорлық пен Рахмонның ішкі саясатындағы қайшылықты әшкерелеудің бастамасы ғана» дейді.

Бұрын тәжік басшысының «өз адамы» санатында болған Куватов енді Эмомали Рахмон режимімен күрес бастады.

Куватов пен Рахмонның күйеу баласы Шамсулло Сохибовтың арасындағы телефон әңгімесі деп жарияланған жазба YouTube желісіне 2013 жылы қаңтардың 10-ы күні шықты.

Шамамен екі минутқа созылған жазбада Сохибов (Куватовтың айтуынша, осы жазбадағы адам - президенттің қызы Рухшон Рахмонованың жолдасы Сохибов) «Тәжікстанда Рахмоновтың рұқсатынсыз ештеңе істей алмайсың» деген шағым айтады.



Сохибовтың сөзіне қарағанда, «тәжік министрлері кейде президенттің талабын орындамайды».

YouTube желісіне жарияланған жазбаны халықты дүр сілкіндіреді деу қиын, бірақ Куватовтың көмекшісі оны «бастамасы ғана» деп отыр.

«ФАРОЗ» КІМГЕ ТИЕСІЛІ?

Осы мәселеге қатысты Азаттық радиосының сұрақтарына Куватовтың көмекшісі Николай Николаев жауап берді. Оның айтуынша, Рахмонның туыстары Ауғанстанға мұнай өнімдерін экспорттайтын «Фароз» компаниясын күшпен тартып алған. Куватовтың айтуынша, Сохибов екеуі компанияның ортақ қожайындары болған.
Тәжік ұлты өкілдері Мәскеудегі Біріккен Араб Әмірлігі елшілігінің алдында қарсылық акциясын өткізіп тұр. 25 желтоқсан 2012 жыл.

Тәжік ұлты өкілдері Мәскеудегі Біріккен Араб Әмірлігі елшілігінің алдында қарсылық акциясын өткізіп тұр. 25 желтоқсан 2012 жыл.


- Рахмон туралы шулатуға жетерлік материалдар қолымызда бар. Соның бәрін жарияласақ, біздің өтірік қоқан-лоқы жасамағанымызға халықтың көзі жетеді. «Фароз» компаниясының артында кімдер тұрғанын, күйеу бала мен атасының қарым-қатынасы, оның (Сохибов) атасына қалай қарайтынын, не деп атайтынын, т.б. жағдайлардың бәрін әшкерейміз, - дейді Николаев.

Тәжік президентінің әкімшілігі Азаттық сұрағына жауап бермеді. Ал «Фароздың» баспасөз хатшысы Азаттық тілшісіне Сохибов атты адамның ешқашанда фирмада қызмет етпегенін айтты. Бұрын олар «Куватовтың компанияға еш қатысы жоқ» деген болатын.

РАХМОН КЛАНЫНА ҚАРСЫ КҮРЕС

Куватов 2012 жылы желтоқсанның 23-і күні Тәжікстанның экстрадициялау өтініші бойынша Дубайда тұтқындалған еді. «Рахмон мен оның сыбайластары бақылайтын ірі компания желісін құруға ықпал еттім» дейді ол. Ал Тәжістан оны «алаяқтық жасап, 1 миллион 200 мың АҚШ долларын ұрлады» деп айыптады.

Николаевтың айтуынша, «Куватов материалды Душанбе экстрадициялау талабынан бас тартсын деп жариялаған».

- Келесі жазбаларды жарыққа шығармас бұрын тәжік прокурорларының әрекетіне қараймыз, - дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда, интернеттегі жазба Куватов пен Рахмон кланының арасында келіспеушілік туындай бастағанда жасалған.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Душанбе, 26 маусым 2012 жыл.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Душанбе, 26 маусым 2012 жыл.


- Келесі әңгімелер Сохибовтың Куватовқа бизнестен бас тарту үшін ақша ұсынғанын, кейін оны қорқытып-үркіткені жайлы болмақ, - дейді Николаев.

Умаралы Куватов 2012 жылдың жазында Тәжікстаннан Мәскеуге қашып, «24 тобы» деп аталатын оппозициялық қозғалыс құрды. Тәжікстанның бас прокуроры Шерхон Салимзода қаңтардың 9-ы күні Душанбенің Куватовты экстрадициялауды талап ететінін мәлімдеді. Бірақ оған тағылған айыптарды айтпады.

Николаевтың Азаттыққа айтуынша, Куватов Дубайға «басқа құрылымдармен» кездесіп, Рахмонға қарсы стратегияны талқылау үшін барған.

Эмомали Рахмон Тәжікстанды 1992 жылдан бері басқарып келеді. Оның отбасы мен туысқандары ел экономикасын уысында ұстап отыр деген дерек бар. АҚШ-тың WikiLeaks сайты 2010 жылы Рахмон мен оның туысқандары жайлы «жалпы экономикаға шығын келтіргеніне қарамастан, бизнестегі өз мүддесін қатты қорғайды» деп жазды.

Мақаланы қазақ тіліне Динара Мәзен аударды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG