Accessibility links

Тәжік молдалары уақытша некеге қарсы


Тәжік әйелі. Душанбе, 17 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Тәжік әйелі. Душанбе, 17 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)


Тәжікстан имамдары әйелдерді мутъа деп аталатын ирандық үлгідегі уақытша некеге тұрмауға шақырды. Олардың ойынша, бұл - жезөкшелікті заңдастыру әрекеті. Иранда кеңінен тараған мутъа тәжік қоғамына да сіңіп барады.

Тәжікстанда мешіттегі уағыздарда адамдардың күнделікті өміріне әсер етіп жатқан мәселелерге назар аударылатын болған. Бұл күндері Душанбе мешіттерінде айтылатын уағыздарда, тәжік қоғамына енген жаңа құбылыс - уақытша үйлену немесе мутъа некесі ең басты тақырыптардың біріне айналған.

МУТЪА НЕКЕСІ КӨБЕЙГЕН

Душанбенің белгілі имамы Ешон Абдул Басир Саидов мешіттегі уағызында әйелдерді уақытша тұрмыс құрмауға шақырған. Діни жетекшілер соңғы екі-үш 3 жылда уақытша неке қию сәнге айналғанын айтады.

Басқа да имамдардың алаңдаулы екенін айтқан Саидов ондаған тәжік әйелі мутъаның құрбаны болып отыр деген.
Тәжік қыздары. (Көрнекі сурет)

Тәжік қыздары. (Көрнекі сурет)


Иранда екі жастың неке мерзімін белгілеп, мутъа жолымен уақытша үйленуі - шиит мұсылмандары арасында кеңінен тараған әрі заңмен мақұлданған неке.

Мутъаны Тәжікстан мұсылмандарының басым бөлігі - сүнниттер мойындамайды. Бірақ Тәжікстан исламдық өркендеу партиясының мәдени мәселелер жөніндегі жетекшісі Зурафо Рахмони, «Елде тұрып жатқан ирандықтармен мутъа некесіне отырған тәжік әйелдері көбейіп бара жатқанын естіп жатырмыз» дейді. Тәжікстандағы иран қауымдастығы Душанбе мен басқа да үлкен қалаларда тұрады.

«ТӘЖІК ӘЙЕЛДЕРІНІҢ ҚҰҚЫ БҰЗЫЛАДЫ»

- Мұндай некеге отырған әйелдерді ирандықтар еліне қайтқанда Тәжікстанда қалдырып кетеді. Ең қиыны - осындай некеден балалар туылып жатыр, - дейді Рахмони.

Ол «Тәжікстандағы экономикалық жағдайдың өте нашар екенін, жұмыс істеуге келген шетелдік еркектер мен уақытша некеге отыруға елдегі әлеуметтік және экономикалық қиындықтар итермелеп отырғанын» да айтты.
Тәжік әйелдері құмалақшыға барып отыр. (Көрнекі сурет)

Тәжік әйелдері құмалақшыға барып отыр. (Көрнекі сурет)


Тәжікстанда қанша әйелдің уақытша некеге отырғаны туралы ресми мәлімет жоқ. Бірақ Рахмонидің пікірінше, жүздеген тәжік әйелінің некесі мутъа арқылы қиылған.

Азаттық радиосының Тәжік қызметі Душанбедегі Иран елшілігіне хабарласты. Олар ирандық азаматтарға шыққан тәжік әйелдерінен ешқандай шағым түспегенін айтты.

Тәжік имамдары «мутъа - исламға жат әрі тәжіктердің діни сенімі мен дәстүріне қайшы» деп отыр.

Имам Саидовтың айтуынша, «мутъа - жезөкшелікті заңдастыру әрекеті».

- Мұны діни тұрғыдағы неке деп қабылдамауымыз керек. Біз оны күнә деп есептейміз, - дейді ол.

Жұма намаздағы сөзінде имам Саидов «Уақытша некеге отырған тәжік әйелдері аңғал, өздерінің діни және азаматтық құқығын білмей құрбан болып жатыр» деді.

МУТЪА НЕКЕСІНІҢ ҚҰРБАНЫ

Душанбе тұрғыны, 25 жастағы шаштараз Мая өзінің бір көргеннен ғашық болған шетелдік жігітпен уақытша некеге отырғанын айтады. Шын атын айтпаған Мая Тәжік әйелі. (Көрнекі сурет)

Тәжік әйелі. (Көрнекі сурет)

бұрынғы күйеуі - ирандық кәсіпкерді қаладағы шетелдіктер жиналатын белгілі мейрамханада кездестірген. Оған күйеуге шығу ұсынысы аяқ астынан жасалыпты. Маяның айтуынша, мутъаны күйеу жігіттің досы қиған, екі адам куә ретінде қатысқан.

- Ол қысқа мерзімді неке туралы бірдеңе айтқан еді, бірақ мен оны онша түсінбедім. Мен ол әшейін сақтық танытып жатыр деп ойлаған едім. Бірақ алты айдан кейін ол кетті, мен кішкентай қызыммен қалдым. Одан ешқандай қаржылай көмек немесе моральдық тұрғыда қолдау көріп отырған жоқпын, - дейді Мая.

Тәжік имамдары осындай жағдайлардың алдын алу үшін қыз-келіншектерді ресми тіркеусіз немесе әйелдер құқын қорғайтын келісім-шартсыз шетелдіктермен некелеспеуге шақырып отыр.

Тәжік заңдары да уақытша немесе басқа да діни некелерді мойындамайды. Тәжік билігі көп әйел алуды тоқтату үшін молдаларға жұптардың ресми неке куәлігін көрсеткенше исламдық жолмен неке қиюына шек қойды. Тәжікстанда көп әйел алу - 5 жылдық түрме жазасы берілетін қылмыстық іс.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG