Accessibility links

Тәжікстанда ислам партиясын қудалай бастады


Тәжікстан Ислам өркендеу партиясының бұрынғы мүшесі, қазір түрмеде отырған Саидумар Хусайни.

Тәжікстан Ислам өркендеу партиясының бұрынғы мүшесі, қазір түрмеде отырған Саидумар Хусайни.

Тәжікстан билігі өздері «Ислам терроршылары» деп атайтын топты қудалап жатыр. Бұл «терроршылар» Тәжікстан билігі құрамында болып әрі бейбіт келісім бойынша 18 жыл бойы үкімет әріптесі саналып келген еді.

АҚШ-тың Халықаралық діни бостандық комиссиясы (USCIRF) қарашаның 2-сі күні таратқан баспасөз хабарламасында «Тәжік үкіметінің діни шараларды бақылауға алуын, [соның ішінде]... жақында «экстремизммен айналысты» деп Тәжікстанның Ислам өркендеу партиясына тыйым салуын» сынады.

АҚШ комиссиясының есебіне қарағанда, Тәжікстан әділет министрлігі қыркүйектің басында Ислам өркендеу партиясын ресми түрде жапқаннан соң оның 200-ге тарта мүшесі тұтқынға алынған. Олардың көпшілігі бұл партияны «терроршыл ұйым» деп таныған сот шешімі шыққанға дейін-ақ қамалған. Сот шешімі қыркүйектің соңында шықты.

«​ТҮРМЕДЕ АЗАПТАЛҒАНДАР»​

Баспасөз хабарламасында партия мүшелерінің арасында «бұрынғы парламент депутаты Саидумар Хусайнидің, Ислам өркендеу партиясы төрағасының орынбасары Махмадали Хаиттің, журналист Хикматолла Сайфоллохзоданың және исламтанушы ғалым Зубайдулла Розиқтың» қамауда отырғаны айтылады.

Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының мәліметіне қарағанда, Саидумар Хусайни өзінің адвокаты Бузургмехр Йоровқа түрмеде азапталып жатқанын айтқан.

Саидумар Хусайнидің адвокаты, қазір түрмеде отырған Бузургмехр Йоров.

Саидумар Хусайнидің адвокаты, қазір түрмеде отырған Бузургмехр Йоров.

Қыркүйектің 28-і күні сұхбат беріп, Хусайнидің бұл сөзін жеткізген Йоровтың өзі сол күні тұтқынға алынған. Оған «алаяқтықпен айналысып, құжаттарды қолдан жасады» деген айып тағылып отыр.

Осы күні Ислам өркендеу партиясының Йоровтан басқа тағы бірнеше адвокаты тұтқында отыр. Солардың бірі – Нуриддин Махкамов қазан айының соңында қамалған.

АҚШ-тың халықаралық діни бостандық комиссиясының хабарлауынша, «Ислам өркендеу партиясының түрмедегі заңгері Зарафо Рахмони әпкесіне [қамауда болғанында] зорланғанын айтқан». Рахмони «өз-өзіме қол жұмсап өлем деп қорқытқан соң ғана бостандыққа шықтым» дейді.

«ОППОЗИЦИЯНЫ ҚОРҒАҒАНДАР ЛИЦЕНЗИЯ АЛА АЛМАЙДЫ»

Қарашада парламент адвокаттық қызмет туралы заңға өзгерістер енгізді. Жаңа талап бойынша Йоров та, Рахмони де адвокаттық лицензияларынан айырылуы ықтимал. Бұдан былай қорғаушылар әділет министрлігіне әр бес жыл сайын лицензия алуға өтініш беріп отырады, әрі бұрын сотталған адамдар адвокат болып жұмыс істей алмайды.

Тәжікстандағы оппозициялық тұлғаларға адвокат болып келе жатқан Файзиннисо Вохидова Азаттықтың Тәжік қызметіне берген сұхбатында «Кімнің адвокат болатынын енді әділет министрлігі шешеді. Үкіметке қарсы жақтың мүдделерін қорғаған адвокаттар жұмыс істеуге рұқсат алу мүмкіндігінен айырылады» деді.

Мухиддин Кабири.

Мухиддин Кабири.

Осыдан бірнеше ай бұрын Тәжікстан құқық қорғау органдары үстінен қылмыстық іс қозғағалы жатқанда Ислам өркендеу партиясының басшысы Мухиддин Кабири шетелде жүрген еді. Сол кеткеннен елге қайтып оралмаған Кабири өзіне және Ислам өркендеу партиясының басқа мүшелеріне тағылған айыптарды жоққа шығарды.

Алайда, АҚШ халықаралық діни бостандық комиссиясының айтуына қарағанда, Кабиридің елде қалған туыстарына қысым жасалып жатыр. «Кабиридің көп туыстары және жүргізушісі Тәжікстан қорғаныс министрі орынбасарының полиция бекетіне шабуылына қатысты екенін мойындауға зорлықпен мәжбүрленіп жатыр» деп жазды АҚШ комиссиясы.

Бұрынғы қорғаныс министрі орынбасарының полиция бекетіне жасаған шабуылы және оның Ислам өркендеу партиясына қатысы жөнінде жауапсыз сауалдап өте көп.

АЗАМАТ СОҒЫСЫН ТОҚТАТҚАН

1992-97 жылдары Тәжікстанда болған азамат соғысы кезінде Ислам өркендеу партиясы елдегі қантөгісті тоқтатқан бітім альянсының құрамына кірген. Суннит мұсылмандардан құралған саяси ұйым болғанымен, соғыс кезінде олар шығыс Тәжікстандағы шииттердің «Лали Бадахшан» ұйымымен және Тәжікстанның демократиялық партиясымен одақ құрды. Бұл одақ «Тәжікстанның біріккен оппозициясы» деп аталды.

Олардың соғыс кезіндегі қарсыластары көбіне совет заманындағы коммунистік үкіметте жұмыс істеген, уәкілдік демократиядан хабары аз атеист шенеуніктер болды.

Конфликт тез ушығып, қантөгіске ұласты. Жалпы есеп бойынша, сол қақтығыс кезінде 100 мыңға жуық адам опат болды. Ресурстары таусылған 1997 жылдың маусым айында жанжалдасушы тараптар бейбіт келісімге келді. Сол келісім негізінде «Тәжікстанның біріккен оппозициясы» үкіметтегі орындардың 30 пайызын иемденді, ал Ислам өркендеу партиясы тіркеуден өтті. Сөйтіп ол Орталық Азиядағы ресми тіркелген жалғыз ислам партиясы болды. Біріккен оппозицияның ең беделді саяси ұйымы ретінде Ислам өркендеу партиясы үкіметтегі жауапты қызметтердің бірқаншасына ие болды. Бірақ содан кейін оппозицияның үкіметтегі 30 пайыздық үлесі біртіндеп азая берді.

Тәжікстандағы азамат соғысы (1992-1997 ж.ж.) кезіндегі бітім туралы келіссөздер кезі.

Тәжікстандағы азамат соғысы (1992-1997 ж.ж.) кезіндегі бітім туралы келіссөздер кезі.

2015 жылдың басында Тәжікстан парламентінде Ислам өркендеу партиясының екі депутаты бар болатын. Аз дегенде 40 мың мүшесі бар елдегі екінші ірі партия болғанына қарамастан, Ислам өркендеу партиясы биыл наурыздың 1-і күні өткен сайлауда парламенттен бірде-бір орын ала алмады.

1997 жылдың маусымынан бері Тәжікстанның Ислам өркендеу партиясы елде бейбіт өмірдің сақталуына үлес қосып келе жатқан. Құрамында оппозициялық ислам партиясының болуы халықтың үкіметке деген сенімін арттырып отырды. Бірақ қазір бұл жағдай өзгерген.

Енді тәжік үкіметінің бейбітшілікті сақтауына үлес қосқан партия саяси легитимдігінен айырылып, оның мүшелері қудаланып, қамалып жатыр.

Соның кесірінен, елдегі басқа мәселелерді былай қойғанда, 18 жылдан бері сақталып келген тыныштыққа қазір қауіп төніп тұр.

Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG