Accessibility links

Тәжік пен қырғыз ИМ-нен секемденіп отыр


Сириядағы тәжік "жиһадшылары" деп, мамыр айында жарияланған видеоның скриншоты. "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына 200-дей Тәжікстан азаматы қосылған деген ақпарат бар.
Сириядағы тәжік "жиһадшылары" деп, мамыр айында жарияланған видеоның скриншоты. "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына 200-дей Тәжікстан азаматы қосылған деген ақпарат бар.

Қырғызстан мен Тәжікстан ақпарат құралдары Сирия мен Иракта күш алып бара жатқан ИМ экстремистік ұйымының аймаққа төндіретін қатері туралы жиі жаза бастады.

Соңғы кездері Мәскеумен жақындаса түскен Қырғызстанның бір басылымы тіпті «АҚШ «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымын Орталық Азиядағы жағдайды тұрақсыздандыру үшін қолдануы мүмкін; Америка НАТО-ны алға салып, аймаққа енгісі келеді» деп жазады.

СИРИЯДА СОҒЫСЫП ЖАТҚАН ТӘЖІКТЕР

«Ислам мемлекеті» ұйымының Орталық Азиядағы ықпалын арттыратыны туралы қауіптер айтыла бастағалы бірнеше айдың жүзі болды. Осы аймақтан шыққандардың Сириядағы ұрысқа қатысып жатқаны ешкімге таңсық болмай қалды. Олардың көбі ИМ сапында жүр.

Тамызда Душанбеде Тәжікстаннан барған бір адамның ИМ бақылауына өткен Раққа аймағына әмір болып тағайындалғаны туралы ақпарат тарады. Осы айдың басында «Өзбекстан Ислам қозғалысының» ИМ-ді қолдау туралы шешім қабылдағаны хабарланды.

Сириядағы тәжік "жиһадшылары" деп, мамыр айында жарияланған видеоның скриншоты.
Сириядағы тәжік "жиһадшылары" деп, мамыр айында жарияланған видеоның скриншоты.

Жергілікті ақпарат құралдарында террорлық ұйымдардың қаупімен қоса, АҚШ-тың аймақтағы саясатқа араласуы туралы болжамдар жазыла бастады. Мақалалары сentralasia.ru сайтына жиі жарияланатын сарапшы Ильхом Кулиев қазанның 21-і күні «200 тәжік азаматы Сирияда соғысып жүр» деп мәлімдеді.

Желтоқсан айында Тәжікстанның жоғарғы соты осы елдің үш азаматын Сириядағы «қарулы қарсылыққа» қатысқаны үшін айыпты деп тауып, оларды бас бостандығынан айырды. Үш студенттің қандай топтың құрамында соғысқаны жарияланған жоқ, десе де олар «Ислам мемлекеті» тобының сапында болған сияқты.

«ТҰРАҚСЫЗДЫҚ БЕЛДЕУІ»

Кулиевтің айтуынша, «Ислам мемлекеті» (ИМ) қазір Тәжікстанға және Орталық Азияның басқа елдеріне шынымен қатер төндіріп тұр.

Ол «Осы күні бұл қауіп гипотетикалық болжамнан шынайы жайтқа айналып келеді. Орталық Азия аймағы әлем өркениетіне қарсы «жаһандық жиһад» басталған шақта «тұрақсыздық белдеуінің» қақ ортасында тұр. Оның үстіне бұл аймақ террордың бірнеше ошағымен (Ауғанстан, Шыңжан, Кашмир, Солтүстік Вазиристан) шектесіп жатыр. Ферғана алқабында жергілікті экстремистердің Ресейдегі, Таяу Шығыс аймағы мен Африкадағы жиһадшылармен байланыс орнатуына мүмкіндік беретін жасырын инфрақұрылым қалыптасқан» деп жазады.

ИМ содырларына қарсы аттанған АҚШ-тың F-15E ұшақтары. Ирак, 23 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
ИМ содырларына қарсы аттанған АҚШ-тың F-15E ұшақтары. Ирак, 23 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

​Қырғызстанның барлау мекемелері «елдің жүздеген азаматы экстремистік топтарға барып қосылды» деген мәлімет таратты. «Ислам мемлекетіне» қатысты пікірталас барысында Қырғызстан ақпарат құралдары Ресейдегідей АҚШ-қа наразы көзқарасқа ойысып жатыр. Бұл ел соңғы кездері саяси тұрғыда Мәскеуге жақындап барады.

АҚШ-ТЫҢ НАТО-НЫ КІРГІЗУ МҮМКІНДІГІ

Даулы тақырыптарға пікір айтатын жергілікті сарапшыларды жиі сөйлететін әйгілі «Вести» басылымы «халықаралық қатынастар жөніндегі эксперт» Марс Сариевтің сөзін берді. Оның айтуынша, «Ислам мемлекеті» ұйымы кесірінен басталған тұрақсыздықты желеу еткен АҚШ НАТО әскерін Орталық Азияға кіргізуге тырысуы ықтимал.

«Ислам мемлекеті» басып алған қалалардың біріне тәжік азаматының әмір болып сайлануы кездейсоқтық емес. Демек, бұл – америкалықтар «Ислам мемлекетін» біздің аймақта «гибрид соғыс» жүргізу мақсатында пайдаланады деген сөз. Мұның соңынан бүлік басталып, саяси жағдай тұрақсыздана бастайды... Кикілжің ушыға бастағанда америкалықтар НАТО әскерін жіберіп, Тәжікстан мен Өзбекстандағы стратегиялық нысандарға «көмекке келуге» әрекет жасайтыны анық» дейді Сариев.

Мұнымен қоса «Вести» дін жөніндегі сарапшы Қадыр Мәліковтің де пікірін келтіреді. Ол «Ислам мемлекетінің» артында Батыс мемлекеттері тұр дегенмен шектелмей, бұл ұйым қолданып жатқан «гуманитарлық апат», «бақылаудағы хаос» тактикалары Украинадағы жағдайда ұқсас» деген.

«ЖАУДЫ ТАЛҚАНДАЙМЫЗ»

Қырғызстанның NewDayNews ақпарат құралы біршама оптимистік болжам жасаған. Жергілікті сарапшы Сергей Масауловтың айтуынша, Орталық Азияның басқа елдеріне қарағандае, Қырғызстанға «Ислам мемлекетінен» төнетін қауіп аз.

"Манас" әуежайындағы АҚШ әскерлері. Қырғызстан, 23 шілде 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
"Манас" әуежайындағы АҚШ әскерлері. Қырғызстан, 23 шілде 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

«Жыл басындағы АҚШ әскери күштерінің «Манас» транзиттік тасымал орталығының жабылуы (бұл қадам Қырғызстанның Мәскеумен жақындасуға ниеті бар екенін байқатты) «Ислам мемлекетінің» аймаққа төндіретін қатеріне әсер етпей ме?» деген сұраққа Масаулов «бұл әскери база ешқашан Қырғызстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат еткен емес» деп жауап берді.

Сергеу Масауловтың айтуынша, пәкістандық «Таблиғи жамағат» сияқты миссионерлік топтардың Орталық Азияда тамыр жайып алғаны «Ислам мемлекеті» ұйымының да Қырғызстанға келіп орныққанын білдірмейді.

«Республика азаматтары оларды [«Таблиғи жамағатты»] көріп, қорқып қалды. Бізде олар [экстремистер] бар, дегенмен басқа елдерге қарағанда Қырғызстанға қауіп аз. Басқасын айтпағанда, бізде Ауғанстанмен ортақ шекара жоқ... Біз құқық қорғау органдарымен және сарапшылармен бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Бұл жұмыс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Біз жеңіске жетіп, жауды талқандаймыз, бәрі жақсы болады» дейді сарапшы.

(Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей).

XS
SM
MD
LG