Accessibility links

Мешітті тұрғын үйге айналдыру наразылық тудырды


Хатти Рохтағы Савсан Жоноваға баспана ретінде берілген бұрынғы мешіт.

Хатти Рохтағы Савсан Жоноваға баспана ретінде берілген бұрынғы мешіт.

Тәжікстандағы Куляб аймағы басшылығы экстремистер ошағы деп сезіктенген заңсыз мешітті тұрғын үйге айналдырып, оны баспанасыз жүрген жалғызілікті анаға берді. Ал мешітті өздері салып, сонда құлшылық етіп келген жергілікті тұрғындар бұған наразы.

Тәжікстанның Куляб облысына қарасты Хати Рох қаласында билік пен халық арасында мешітке байланысты дау туды. Савсан Жонова есімді жалғызілікті әйел сол даудың ортасында қалды.

Ол діндарлар өз күшімен мешіт деп тұрғызған үйге жақында көшіп барды. Жергілікті басшылық заңсыз салынған мешітті иелерінен тартып алып, баспанасы жоқ әйелге берген.

15 жыл бұрын күйеуімен ажырасқан ол – баспанаға зар болып жүрген екі баланың анасы. Бұл отбасы үшін қарапайым үйлер мен қираған зауыттар арасында тұрған осы бір шағын ғимарат хан сарайындай көрінеді.

Тәжік азаматтарының топ-тобымен «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық тобына қосылу үшін Ирак пен Сирияға кетіп жатқанынан үрейленген авторитар президент Эмомали Рахмон үкіметі экстремизм мәселесін тіркелмеген діни ұйымдардың мешіттерін жою арқылы шешеміз деп үміттенеді.

Бұрынғы мешітке орналасқан Савсан Жонова.

Бұрынғы мешітке орналасқан Савсан Жонова.

Бұл үйді 2014 жылы мешіт деп тұрғызып, онда намаз оқып келген жергілікті тұрғындар ашулы.

Олар мешітті рұқсатсыз салғандарын мойындағанымен, үкіметтің бұл ісін әділетсіздік санайды және мұны «мешіттің» жаңа тұрғынына да ескерткен.

Хати Рох тұрғындарының көпшілігі Азаттық тілшісімен сұхбаттасудан бас тартты, тек «мешітті салуға қатыстым» деген 60 жастағы ер кісі ғана бізбен әңгімесінде үкіметтің бұл шешіміне қатты наразы болғандарын айтты.

Аты-жөнін атамауды өтінген бұл кісінің айтуынша, «Ашулы тұрғындар Савсан Жонова келе жатқанда оған қарай тас лақтырады. Мақсаттары – оны жарақаттау емес, тек оның бұл үйде тұрғанына қарсы екендерін білдіру».

Азаттық тілшісімен сұхбатында Жонова жыл басында жаңа қонысқа көшкелі көршілердің маза бермей жатқанын айтты.

ТАС АТУШЫЛАР

Оның айтуынша, көршілер оны сөзбен балағаттап қана қоймай, бір рет үйге келіп тұрған электр желісін қиып тастаған. Содан соң ол прокуратураға арыздануға мәжбүр болған.

- Олар қайта-қайта топ-тобымен келіп, үйге қойған су құбырларының, трансформатордың ақшасын қайтаруымды талап ете береді, - деді Савсан.

Ал тұрғындардың көбі бұл туралы жақ ашпайды.Аудан басшысы Шарифхон Табаровтың айтуынша, тек «үйді салуға қатысқан кісілердің ғана көңілі толмай жүр».

Алайда үкімет шешімі Тәжікстанда біраз адамды ренжіткен сыңайлы.
Куляб аймағы билігі соңғы бірер ай ішінде ресми тіркелмеген ондаған мешітті жабу туралы шешім шығарған. Хати Рох қаласындағы тұрғын үйге айналған мешіт – солардың бірі ғана.

Олардың жетеуі үйі жоқ отбасыларға берілген, ал қалғандары шәйхана, қоғамдық орталық сияқты халық жиналатын демалыс орындарына айналған. Бұл мешіттерді қоймаға айналдырған совет заманын еске салады.

Хати Рохпен іргелес жатқан Ховалиң ауданы тұрғындары осындай тіркеуі жоқ бес «мешітті» жағдайы жоқ бес отбасына тұрғын үй ретінде берген. Үкімет діни орындарды жабу туралы шешім шығарған соң халықтың өзі осындай шешім қабылдаған көрінеді.

ҚЫСЫМ

Исламшылдар мен саяси оппозиция күштерінің үкіметке қарсы шығуынан шыққан 1992-1997 жылдардағы азамат соғысын Тәжікстан халқы әлі ұмыта қойған жоқ. Ұзақ жыл билік құрып келе жатқан Рахмон үкіметі көбіне сунниттерден тұратын кедей елді діни экстремизм жайлап барады деп қорқып, бүкіл ел аумағында діни ұйымдарға қысымды күшейтіп жатыр. Кулябтағы мешіттердің жабылуы – сол науқанның бір бөлігі ғана.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (мінбеде тұр). Душанбе, 20 наурыз 2016 жыл.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (мінбеде тұр). Душанбе, 20 наурыз 2016 жыл.

Былтыр елдегі жалғыз ислам саяси партиясы «террорлық ұйым» деп танылып, жабылды. Оның басшыларының біразы түрмеге қамалды. Мемлекет қарамағындағы діни мектептерде білім алмағандардың мешіттерде құлшылық етуіне тыйым салынды.

Соңғы 10 жыл ішінде үкімет ел аумағындағы жүздеген заңсыз мешітті жапқан.

Сегіз миллионға тарта халық тұратын Тәжікстанда 3 мың 930 мешіт бар.

Олардың көбі – мұнарасы жоқ бір қабатты шағын ғимараттар. Елдің мыңнан астам азаматы Сирия мен Ирактағы ИМ терролық тобына қосылғалы негізгі діни ағымға кірмейтін мешіттер мен ислам мектептері үкімет қырына іліккен.

Президент Рахмон басқа өңірлермен бірге Ауғанстанмен шектесетін Куляб аймағын да «экстремизм қаупі үлкен» өңірлер қатарына жатқызған.

Қаңтар айында сөйлеген сөзінде Рахмон «діни экстремистік топтар қатарларын көбейту үшін мешіттерді, діни мекемелерді және интернетті пайдаланып жатыр» деген.

Ол Тәжікстанда «заңсыз жұмыс істеп жатқан 1 мың 470 мешіт бар» екенін айтып, жергілікті әкімшіліктерге «халық бос уақытын өткізетін спортзал сияқты пайдалы ғимараттар салуға» тапсырма берген.

Куляб аймағы басшылығының мәліметіне қарағанда, содан бері 54 ғибадат үйі жабылған.

Куляб мэрінің орынбасары Кенжамо Мажидованың айтуынша, басшылық Хати Рох тұрғындарына ондағы заңыз мешітке Кулябтың басқа ауданынан Жонова отбасы көшіп баратынын алдын ала ескерткен.

Біз мешітті үйі жоқ көршілеріңнің біріне беріңдер немесе спорт орталығына айналдырыңдар деген ұсыныс айттық. Олар «ешкім мешітте спортпен шұғылданбайды» деп ұсыныстан бас тартты.

- Біз оларға мешітті үйі жоқ көршілеріңнің біріне беріңдер немесе спорт орталығына айналдырыңдар деген ұсыныс айттық. Олар «ешкім мешітке келіп спортпен шұғылданбайды» деп бұл ұсыныстардан бас тартты, - деді Мажидова.

Содан соң олар полицияның көмегімен Жонованы ғимаратқа қоныстандырып, үйді оның заңды меншігі етіп тіркеген. Азаттық тілшісімен сөйлескен бір тұрғын басшылық өкілдерінің бұл істі ешкіммен ақылдаспағанын айтты.

ПАРТИЯ КЕҢСЕСІНЕН МЕШІТКЕ КӨШУ

45 жастағы Савсан «көршілер не істесе де бұл үйден ешқайда кетпеймін» дейді.

Ол бір ғана кең бөлме мен кіреберіс дәлізден тұратын бұрынғы мешіт ғимаратына екі жастық, ескі теледидар, ыдыс-аяқ сияқты азын-аулақ заттарын әкеліп қойған.

Жонова үйдің ішіне «аздаған өзгеріс енгізіп», осында 24 жастағы ұлымен тұра бермек. Ол «тұрмыстағы үлкен қызының бөлек тұратынын» айтады. Өзі күйеуімен ажырасқалы баспанасыз қалған.

- Туыстардың ешқайсысы көмектеспеді. Бала-шағама үй сұрап, үкіметке де, парламентке де бардым, - дейді Жонова.

Бұрынғы мешіт үйіне көшіп келгенге дейін ол алты жыл бойы өзі мүше болып жүрген Коммунистік партияның жергілікті бөлімшесінің ғимаратында тұрған. Келушілерге бөгеті болмауы үшін заттарын партия ғимаратының шетіне жинастырып қойғанын айтады. Жонова төсектің артындағы, бір бұрышта большевиктердің көсемі Владимир Лениннің бюсті болғанын айтты.

Махмуджон Рахматзоданың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG