Accessibility links

Билік пітір садақа беруді де бақыламақ


Тәжік мешітіндегі жамағат.
Тәжік мешітіндегі жамағат.

Тәжік шенеуініктері мұқтаж отбасылар, жетім балалар мен қауқарсыз және жалғызілікті жандарға Рамазан айында арнайы тізім бойынша пітір садақа бөлу жайлы ресми жарлық алған. Олар қайырымдылық істерінің нәтижесін Тәжікстан президенті әкімшілігіне хабарлауы тиіс.

Тәжік президенті атқару әкімшілігінің басшысы Озода Рахмонның қолы қойылған бұл хабарлама облыс, қала, аудан және жамағат басшыларына, имам-хатибтер мен ел кәсіпкерлеріне факс арқылы жолданған. Бұл нұсқау Тәжікстан президентінің жарлығы негізінде берілгені көрсетілген. Шенеуніктер, имам-хатибтер мен кәсіпкерлердің Рамазан айында пітір садақасын төлеу процесін дін істері және салт-дәстүрлерді реттеу комитеті қадағаламақ.

Бұған қоса шенеуніктер, имам-хатибтер мен кәсіпкерлер өз отбасы мүшелерінің тізімі мен пітір садақасы көлемін президент әкімшілігіне жариялауға міндетті.

Тәжікстанның жоғары лауазымды шенеуніктерінің ешқайсысы үкіметтің бұл шешіміне қатысты әзірше комментарий беруге құлшыныс танытпады. Бірақ шенеуніктерді пітір садақа беру әрі бұл жайлы есеп беруге бірінші рет ресми міндеттеп отыр.

Әлгі жарлықты орындамаған жоғарыда аталған тұлғаларға қандай жаза қолданылатыны әзірше белгісіз. Ертеректе Тәжікстан президенті шенеуніктер мен бай адамдардан Ораза айт қарсаңында мұқтаж отбасыларға көмектесуді ауызша сұраған.

Тәжік мешітіндегі пітір-садақа салатын қобди.
Тәжік мешітіндегі пітір-садақа салатын қобди.

Тәжікстандық бизнесмен Абдурахмон Давлатов үкіметтің бұл жарлығы жайлы маусымның 30-ы күні таңертең естігенін әрі оны міндетті түрде орындайтынын айтады. Ол жыл сайын пітір садақасын мұқтаж жандарға мұндай жарлықсыз-ақ беріп жүргенін, биыл да әдетінен жаңылмайтынын айтады.

– Биылғы пітір садақаны төрт баласын жалғыз асырап отырған көрші әйелге беруді ұйғардым. Ал бұл процесті бақылаудың еш сөкеттігі жоқ, – дейді Абдурахмон Давлатов.

Тәжікстан ислам орталығына қарасты оқымыстылар (улемдер) кеңесі ораза садақасын әр діндардан 5 сомани мөлшерінде бекіткен. Бұған қоса, кеңес діни салық алынатын зекет садақасы 17 мың 400 сомони деп бекіткен әрі бұл сомадан 435 сомони зекет төленуі тиіс.

Бірақ дін өкілдерінің айтуынша, ауқатты адам қанша садақа берем десе де өз еркі. Тәжікстанның діни тұлғасы Кобилджон Боев Азаттықтың Тәжік қызметіне биліктің әлгі жарлығы барын растағанымен, пітір садақаны айт намазына дейін беру керек деп ескертеді.

– Пітір садақасын кедей жандарға беру керек. Кедей деп ішер тамағы бүгіннен артылмайтын адамды айтады. Ал садақаны мүлде кірісі жоқ, мүсәпір жандарға берсе, тіпті жақсы сауап болады. Жұмыс істей алмайтын әрі ешқандай кірісі жоқ жетім, кемтар жандар бар, – дейді ол.

Биыл Ораза айт шілденің 6-сында басталады. Тәжікстан күнтізбесінде Ораза айт басталатын күн демалыс күні саналады. Діндар жандар айт намазынан кейін зиратқа барып құран оқып, қарттар мен қауқарсыз жандардың үйлерін аралайды немесе бір-бірінің үйіне қонаққа барады.

Қазір Тәжікстанда мемлекеттік қызметшілер саны 18 мың адамнан, ал имам-хатибтер саны 4 мыңнан асады.

Азаттықтың Тәжік қызметі мақаласы.

XS
SM
MD
LG