Accessibility links

Тәжік молдалары билік партиясына ақша жинай бастады


Душанбе мешіттерінің бірі. (Көрнекі сурет)

Душанбе мешіттерінің бірі. (Көрнекі сурет)

Елдің оңтүстігіндегі мешіттердің имамдары абыройсыз дау-дамайдан соң президент партиясы ғимаратының құрылысына жылу жинау науқанына кірісті.

Тәжікстанның мешіттері мен молдалары соңғы бірер аптада президент Эмомали Рахмон басқаратын халықтық демократиялық партияның Кумсангир аймағындағы штаб-пәтерінің құрылысына арнап 13 мың АҚШ долларынан астам қаржы жинаған.

«ЕШКІМ ҚЫСЫМ ЖАСАҒАН ЖОҚ»

Соңғы жылдары молдалар келеңсіз жағдайға көп ұшырап, халық пен өкімет алдындағы біраз беделінен айрылған еді. Кейбіреулер имамдардың бұл әрекеттерін «айыптарын жуып-шаюдың амалы» деп сипаттайды.

Кумсангирдегі имамдардың ешқайсысы президент партиясына мүше емес. Олар «ақша жинауға өкімет ешқандай пәрмен берген жоқ, бұл – билік партиясына жасаған қайырымдылық көмегіміз» дейді. Ақша жинау жайлы ешқандай нұсқау не қысым болмағанын айтушылардың бірі, Имомназар Жаннатов есімді ауыл молдасы жеке фермасының есебінен партия ғимаратының құрылысына қомақты қаражат бөлген.

Кумсангир аймағының губернаторы Холмурод Рахмон дін қызметкерлерінің ісіне ризашылық білдіріп, өзінің мемлекеттік жобаларға халықтан жылу жинаудағы «көрегендігін» ерекше мақтанышпен айтты.

Аймақтық дін істері департаментінің басшысы Жалолиддин Камоловтың айтуынша, бұл өңірде 27 мешіт және 100-ден аса ауқатты молда бар. Бұлардың барлығы жергілікті жобаларға өз қалталарынан көмек беріп тұра алады. Оның айтуынша, бақуатты имамдардың жергілікті медицина мекемелерін салуға, жолдарды жөндеуге де көмектескені жөн.

ИМИДЖ ТҮЗЕУ

Тәжікстандағы діни мәселелер жөнінде көп жазатын душанбелік журналист Дабири Кабирдің айтуынша, имамдар халықтық демократиялық партияның жергілікті филиалының құрылысына жылу жинау туралы бастаманы өздері көтеруі де мүмкін. «Бірақ мұнда билікпен арадағы қарым-қатынасты жақсарту ниеті жатқан тәрізді» дейді ол.

Тәжік молдалары Душанбеде семинарда отыр. (Көрнекі сурет)

Тәжік молдалары Душанбеде семинарда отыр. (Көрнекі сурет)

Әсіресе соңғы екі жыл ішінде халыққа тарап кеткен имамдар туралы түрлі бейнетаспалар олардың Тәжікстандағы беделіне біраз нұқсан келтірген.

Бедеуліктен емделуге келген әйелді сипалап жатқан душанбелік имамның видеосы ел ішіне кең таралып кеткен. Тағы бір молданың көңіл көтеру видеосы да халық арасында көп дау-дамай тудырған.

Бұған қоса тағы бірнеше діни тұлға сексуалдық қылмыстарға қатысы бар деген айыппен тұтқындалған. Мемлекеттік телеарна имамдардың қатысуымен болған жыныстық азғындық туралы көп хабар берген. Сол хабарларда Кумсангир аймағының имамы Қиомиддин Гиосовтың есімі де аталады.

Заң бойынша ресми өкімет мешіттер мен діни институттарға қатаң бақылау жасауы тиіс. Мешіт имамдарын қызметке дін істері жөніндегі комитет тағайындайды. Жұмысқа кірісерден бұрын олар ислам ілімдерінен және басқа да пәндерден үкімет бекіткен ережелер бойынша сынақтан өтеді.

– Бұл видеолар имамдардың имиджіне қатты әсер етті. Олар абыройларын көтеру үшін жақсылап әрекет етуі керек, – дейді Кумсангир аймағындағы Панж ауылындағы Шахрия есімді мұғалім.

Ол даму бағдарламаларына жылу жинау тәсілі себін тигізіп қалар деп біледі.

Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG