Accessibility links

Бүлік қаупінен соң Тәжікстанда SMS бұғатталды


Душанбе мешітінде тексеруден өтіп жатқан адамдар. 10 қазан 2014 жыл

Душанбе мешітінде тексеруден өтіп жатқан адамдар. 10 қазан 2014 жыл

Тәжікстандықтар SMS жібере алмай қалды. Мұның алдында кейбір интернет-сайттар мен әлеуметтік желілер бұғатталған еді. Билік оппозиция шақырған шеруден қауіптенеді.

Қазанның 10-ы күні Душанбе қаласының орталық мешітіндегі жұма намазы кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, жұртты бейбітшілік пен тыныштыққа шақырған уағыздар оқылды. Діндарларды мешітке бір есіктен ғана кіргізіп, полицейлер жұрттың сөмке-пакеттерін тексеріп, намаз оқуға әкелген төсеніштерінің орауын жазып көрсетуді сұрады.

Намаз алдында Тәжікстан ислам орталығы үлемдері кеңесінің төрағасы Саидмукаррам Абдулкодирзода діндарларды елдегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға шақырып, «жағдайды ушықтыруға тырысып жатқан» оппозициялық "Group 24" тобы туралы айтты.

Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшісі «ТСЕЛЛ» компаниясына хабарласып, қазанның 10-ы күні SMS қызметін өшіру себебін сұрады. Компанияның кезекші операторы бұл қолайсыздықтың " техникалық ақауларға" байланысты туындағанын, «барлық шектеулер 11 қазаннан кейін алынып тасталатынын» айтты.

Тәжік қызметінің директоры Соджида Джафарованың айтуынша, SMS-сервистің жуық арада қайта іске қосыла қоюы екіталай. Тәжікстанда бұрын да кейбір сайттар мен әлеуметтік желілер бұғатталған. Қазір халық «Одноклассники» әлеуметтік желісіне ғана еркін кіре алады.

Тәжікстанда SMS-тің бұғатталғаны туралы видео

Тәжікстанда Youtube әлеуметтік желісінің бұғатталғанына үш ай болды, ал Facebook бірнеше күннен бері ашылмайды. Бұрын Тәжік қызметінің де сайты ашылмай қалған. Тәжікстан билігі оны әуелі үш күнге, кейін жарты күнге бұғаттап тастаған.

Соджида Джафарова интернет пен SMS-қызметтің бұлайша бұғатталуына шетелдегі оппозициялық "Group 24" тобының халықты наразылық шеруіне шығуға шақыруы әсер етті деп ойлайды.

- Олар наразы жұртты 10 қазан күні қарсылық акциясына шығып, президент Эмомали Рахмонның отставкаға кетуін талап етуге шақырған. Бұл үндеулердің тарағанын екі-үш аптадан асты. Виртуалды оппозиция жетекшілері өздерінің веб-парақтарында билікке наразы жұртты шеруге шығуға шақырған. Тәжікстанда үндеу парақтарын тарату оқиғалары да тіркелген. Мигранттар әке-шешелерімен телефон арқылы да сөйлесіп тұрады, сондықтан қазанның 10-ы күні Тәжікстанда тәртіпсіздіктер болады деген сыбыс тараған, - дейді ол.

Бұдан бірер күн бұрын ЕЫҚҰ-ның БАҚ еркіндігі мәселелері жөніндегі өкілі Дуня Миятович Тәжікстан билігін интернетке еркін кіру мүмкіндігін қамтамасыз етуге шақырған. Миятович соңғы айларда Тәжікстанда кейбір сайттар мен Vkontakte, YouTube және Facebook сияқты әлеуметтік желілерді бұғаттау әрекеттерінің қайталануына қатысты алаңдаушылық білдіріп, мұны «қауіпті тенденция» деп атаған.

Дуня Миятович «Айыптауға тұратын мұндай іс-әрекеттер адамның ақпарат алуға деген негізгі құқығын шектейді» дейді. Оның пікірінше, билік Тәжікстан азаматтарының онлайн-өнім түрінде немесе басқа түрдегі ақпаратқа кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге жауапты. Кез келген шектеу заңда анық жазылып, сот шешімі негізінде іске асуы тиіс.

Душанбедегі тексеру

ЕҚЫҰ мамандарының айтуынша, қазанның 3-і күні Тәжікстанда интернет-провайдерлер веб-сайттар мен әлеуметтік платформалардың көбін бұғаттап тастаған. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Тәжікстанның солтүстігінде ұялы интернет-байланыс қызметіне шектеу енгізілген.

Ал Тәжікстан билігі бұған қатысы жоғын мәлімдейді.

Бірақ жуырда Тәжікстанның жоғарғы соты қуғындағы бизнесмен Умарали Кубатовтың саяси "Group 24" тобын "экстремистік ұйым" деп танып, Тәжікстан территориясындағы қызметіне тыйым салу туралы шешім шығарған. Сол күні, яғни 9 қазанда бас прокуратура "Group 24" мүшелерін топтан шығуға шақырып, ондай жандарды қылмыстық жауапкершіліктен босатуға уәде еткен мәлімдеме таратқан.

Душанбе тұрғындарының хабарлауынша, екі күн бойы қалаға кірер жолда полицейлер автокөліктерді тоқтатып, жүк салғыштарын тексерген.

Тәжікстан ІІМ баспасөз қызметі «астананың көше-даңғылдары мен саябақтарындағы тәртіпті бақылауға көптеген милиция қызметкерлері тартылды және қаскүнемдер мен іріткі салушы арандатушылардың арам мақсаттарын іске асыруына тосқауыл қою үшін бүкіл Душанбеге видеобақылау камералары орнатылды» деген ақпарат таратты.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG