Accessibility links

Тәжікстанда жезөкшелік айтуға ыңғайсыз іс болғанымен, заңсыз әрекет емес. Мұндай кәсіп иелері көбейіп жатқанда бұл тақырып ашық талқылана бастады.

Дүниежүзіндегі сияқты Тәжікстанда да жезөкшелердің арзаны мен қымбаты болады.

Рано (лақап аты) есімді жезөкше айына 2 мың долларға дейін табыс табатынын айтады. Ал Душанбе көшелерінде жезөкшелікпен күн көретін Ситора (құпия есімі) айына 200 долларға жуық табыс табады.

Тәжікстандағы орташа жалақы 150 доллардан кем екенін ескерсек, дүниенің ең көне кәсібі кей әйелдерді қызықтыратыны сөзсіз.

Бұл елде жезөкшелік әдетте шетін тақырып саналып, қоғам бұл кәсіпке айыптай қарайды. Алайда жезөкшелік – бұл елде әбден заңды кәсіп. Соңғы кезде ресми тіркелген жезөкшелер көбейгендіктен бұл тақырып та қоғамда ашық талқылана бастады.

Душанбеде тұратын 33 жастағы Рано Азаттықтың Тәжік қызметіне берген сұхбатында тәнін сатып күн көретінін айтты.

Оның сөзінше, тапқан ақшасы екі баласын жекеменшік мектепте оқытуға кетеді, одан қалғанын өзі қымбат киім-кешек пен опа-далапқа жұмсайды. Бұған қоса 300 долларын әрдайым клиенттері болып тұруы үшін және өз қауіпсіздігі үшін «қорғаушыларға» береді.

«Шетелдіктермен жұмыс істегенді жөн көремін. Себебі олар алдымен асқа шақырып, ішімдік ұсынып, сосын ғана түнді бірге өткізуге шақырады. Ал тәжік Жезөкше әйелдер. (Көрнекі сурет)

Жезөкше әйелдер. (Көрнекі сурет)

клиенттер ақшасын төлей сала төсекке сүйрейді. Олармен бірге болғанда қорланып, жезөкше екеніңді сезесің» дейді Рано.

Оның айтуынша, «бұл – қауіпті жұмыс, себебі мүлде танымайтын адамдарға тап боласың, олар кейде қылмыскер, не маньяк болып шығады».

Рано мұндай қауіп-қатерден сақтану үшін «қорғаушыларға» жүгінеді екен. Олардың арасында полицейлер де де бар.

Азаттық тілшісіне жалған атпен сұхбат берген тағы бір жезөкше Ситорада бұндай «артықшылықтың» бірі де жоқ. Ол түні бойы клиент іздеп көше кезіп жүреді. Аман қалатынына, не ақшасын алатынына да еш кепілдік жоқ.

Ситораның беті көгергені көрініп тұр. Соңғы клиенті келіскен ақшасын төлеуден бас тартып, Ситораны Душанбенің қараңғы көшелерінің бірінде ұрып кеткен.

Бұл кәсіп иелерін полиция да бопсалап тұрады. «Полиция бізді көшеде жиі ұстап алады. Ақшам болған кезде айыппұл төлеп, не пара беріп босап шығамын. Ақшам болмаса, бірнеше күн қамауда отырамын» дейді Ситора.

Тәжікстанда жезөкше болып жұмыс істеу заңға қайшы емес. Алайда бордель ашу мен жезөкшелікке мәжбүрлеу – қылмыс. Бұған кесілетін ең қатаң жаза – 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Елде бұл бизнес дамып жатқанға ұқсайды. Тәжікстанның әйелдер мәселелері жөніндегі комитеті 2013 жылы 1641 жезөкше тіркегенін мәлімдеген. Бұл – алдыңғы жылдағыдан 25 пайызға артық. Бұл көрсеткіштер адам саудасы мен жезөкшелікке мәжбүрлеу құрбандарын немесе кәмелетке толмаған жезөкшелерді анықтау үшін жүргізілген тексерістер негізінде жасалған.
2013 жылы Тәжікстанда 189 бордель бар екені анықталған.


Ресми мәліметтерге қарағанда, 2013 жылы Тәжікстанда 189 бордель бар екені анықталған. Осы жылы комитет жасы 18-ге толмаған 41 көше жезөкшесін тіркеген.

Алайда комитет тән саудасы индустриясы қызметкерлерінің анық саны бұдан әлдеқайда көп екенін мойындайды.

Бұдан соң «әйелдердің бұл жолға түспеуіне көмектесу керек» деген пікірлер айтылады бастады. (Жезөкшелік ететін ер адамдардың жағдайы қарастырылған жоқ).

Елдің оңтүстігіндегі Хатлон облысындағы балалардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Майрамби Ғафурова жезөкшелер балаларын тастап кеткен жағдайлардың көп екенін айтады. Ол 2012 жылы парламентте жезөкшелікке қарсы заң қабылдау қажет екенін айтты.

Депутат Саодат Амиршоева «кездесулер мен талқыларда осындай үндеулерді көп естимін» дейді. Алайда жезөкшелікті заңсыз ету мәселені шешіп бермейтінін, себебі бұл оны тыя алмайтынын айтады.

Ситора ері он шақты жыл бұрын баласымен бірге тастап кеткенін, сосын осы Көшеде тұрған жезөкшелер (Көрнекі сурет).

Көшеде тұрған жезөкшелер (Көрнекі сурет).

кәсіпке келгенін айтады. Оның ойынша, жезөкшелікті заңдастырған абзал. «Біз салық төлер едік. Зейнетақы сияқты әлеуметтік қорғауға сенер едік» дейді Ситора.

Билік ұсынған қорғау шараларының арасында мектеп жасындағы жезөкшелерге арнап әлеуметтік мектеп ашу да бар. Бұл оларға орта мектепті бітіріп, басқа кәсіп үйренулеріне көмек болар еді.

Азаттықтың Тәжік қызметі маусымның 5-інде Рано әңгімесінің видеосын жариялағанда оқырмандардың бұған қызу пікір білдіруі – «ыңғайсыз» тақырыптың ақырындап ашық талқылана бастағанының айғағы.

Душанбе қаласының Шахрванд есімді тұрғыны «өзгелерді айыптап, жеккөрінішті ету – оңай-ақ, алайда жезөкшелікке итермелейтін – қоғамымыздың кейбір жазылмаған заңдары» екенін айтады. «Ұлға қыздан гөрі оң қарайды. Ұл әке-шешесінің үйіне, көліктері мен ақшасына мұрагер болып қалады. Ал қызға уақыты келгенде тұрмыс құрып, үйден кетіп қалатын адам деп қарайды. Бұл әділ емес. Егер ері қайтыс болса не ажырасып кетсе, әйелдің күн көретін жағдайы да болмайды» деп жазды.

Басқа адамдар мұндай аяушылық танытпаған. «Жезөкшеліктің Тәжікстанда заңды болуынан Құдай сақтасын! Бізді Жер жұтып қояр» деп жазады Гиссар қыстағының Файзиддин есімді тұрғыны.

(Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG