Accessibility links

Тәжікстанда конституциялық референдум өтеді


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ел парламентінде. Душанбе. 20 қаңтар, 2016 жыл.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ел парламентінде. Душанбе. 20 қаңтар, 2016 жыл.

Тәжікстанда конституцияға қазіргі президенттің билігін күшейтетін өзгерістер енгізілген соң референдум өтетін болды. Референдум 22 мамырға белгіленді.

Тәжікстан парламентінің төменгі палатасы - Маджилис намояндагон депутаттары 22 мамырға бүгін ел конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бүкілхалықтық референдум белгіледі.

Азаттықтың Тәжік редакциясының хабарлауынша, парламент спикері Шукурджон Зухуров дауыс беру бюллетенінде "Тәжікстан конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қолдайсыз ба?" деген бір ғана сұрақ қойылатынын айтқан.

КОНСТИТУЦИЯДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР

Қос палата депутаттары дайындаған өзгерістер енгізу жобасы 41 пункттен тұрады. Олардың арасында конституцияның 65-бабына "Осы баптың төртінші тармағында қаралған шектеу Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы - Ұлт көшбасшысына жүрмейді. Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін салушы - Ұлт көшбасшысының құқықтық мәртебесі мен құзыретін конституциялық заң анықтайды" деген мазмұндағы бесінші тармақ қосылады. Бұған қоса таяуда ғана "ұлт көшбасшысы" және "бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін салушы" деп танылған президент Эмомали Рахмонның құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктеріне қатысты өзгерістер бар.

Тәжікстанды 1994 жылдан бері басқарып келе жатқан Эмомали Рахмон қазіргі конституция бойынша 2020 жылы өтетін президент сайлауына түсуге өтініш бере алмайды. Бірақ референдумда конституцияға өзгерістер мақұлданса, Рахмон сонда ғана сайлауға кандидатурасын ұсына алады.

Өзгерістер жобасында бұған қоса конституциядағы президенттікке үміткердің жасына қойылатын талапты 35 жастан 30 жасқа дейін кеміту туралы ұсыныс бар. Бұл өзгеріс Эмомали Рахмонның үлкен ұлы Рустам Рахмонға 2020 жылғы президент сайлауына кандидатурасын ұсынуына мүмкіндік береді.

Түзетулерде парламент депутаттығына, конституциялық сот, жоғарғы сот және экономикалық сот судьялығына кандидаттардың жасы 30-ға толған болуы және міндетті түрде жоғары білімі болуын міндеттеу қарастырылған. Өзгерістер бойынша діни және ұлттық сипатта саяси партия мен бірлестік құруға тыйым салынады.

Конституцияға өзгерістер енгізу жобасын өткен аптада Тәжікстан конституциялық соты мақұлдаған.

Тәжікстандағы президентке "ұлт көшбасшысы" мәртебесін беретін заңды қолдау шарасы. Душанбе. 26 желтоқсан, 2015 жыл.

"Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар мемлекеттің қазіргі дамуына жауап береді және мемлекеттің конституциялық құрылыстың негізін нығайтуға, азаматтардың құқығы мен еркіндігіне кепілдік беруге арналған" деп тұжырған конституциялық сот.

РАХМОНДАР ӘУЛЕТІ

Соңғы кезде Тәжікстанда Эмомали Рахмонның билігін ұзартып, президент отбасы мүшелерінің мәртебесін өсіру жөнінде заң қабылданып, басқа да ұсыныстар жасалып жатыр. Қаңтардың басында Тәжікстан парламенті ел конституциясына Эмомали Рахмонға президенттікке шектеусіз сайлану мүмкіндігін беретін өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң қабылдаған. Мұның алдында Эмомали Рахмонға "ұлт көшбасшысы" атағын беретін заң қабылданған.

Қаңтардың соңында Эмомали Рахмон үлкен қызы Озода Рахмонды президент аппаратының жетекшісі етіп тағайындаған.

16 баптан тұратын заң жобасында «бейбітшілік пен ұлт бірлігінің негізін қалаушы», «ұлт көшбасшысы» ұғымдарына түсінік беріліп, «ұлт көшбасшысының» құзыреті, оның жеке басына қол сұғылмау құқығы, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен әлеуметтік кепілдік беру, орден мен мемлекеттік сыйлық тағайындау ережелері бекітілген.

Тәжікстан парламенттың төменгі палатасы - Маджлис намояндагон спикері Шукурджон Зухуров бұған дейін Рахмонды "тәжік халқы үшін көп іс жасаған батыр" деп атаған. Ол «бұл тарихи заң Рахмон билігін сынайтындардың айтқанындай елдегі демократиялық процестерге қайшы келмейтінін» мәлімдеген.

Белгілі тәжік құқық қорғаушысы, 2013 жылы президент сайлауына түспек болған жерінен бәсекеден шеттетілген Ойнихол Бобоназарова бұл заңды «демократияны мазақ ету» деп бағалайды. Рахмонды сынайтын басқа да тұлғалар «Тәжікстан демократиядан тағы бір қадам алшақтады» деген сарындағы пікірлер білдірген.

Эмомали Рахмонның қызы Озодадан басқа тағы бір баласы лауазымды қызметте отыр. Оның ұлы Рустам Эмомали мемлекеттік қаржыны бақылау және жемқорлықпен күрес агенттігін басқарады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG