Accessibility links

Тәжікстан конституциясын өзгерту жайлы референдум өткізбек


Тәжікстандағы сайлаулардың бірінен көрініс. (Көрнекі сурет)
Тәжікстандағы сайлаулардың бірінен көрініс. (Көрнекі сурет)

Тәжікстанда ел конституциясын өзгерту туралы референдум өткізуге 14 күн қалды. Кейбір сарапшылар «негізгі заңға түзету енгізу бойынша сыни ескертулер болғанына қарамастан, билік референдум өткізу үшін ел аймақтары мен қоғам арасындағы барлық қолда бар мүмкіндікті пайдаланады» дейді.

Тәжікстанда азаматтық қоғам алдағы шараға қызығушылық танытып отырған жоқ, тек тұрғындарды дауыс беруге шақыратын баннерлер мен плакаттар ғана ол науқанды еске салады.

Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының Орталық Азия бойынша сарапшысы Стив Свердлов «Тәжікстан тұрғындары 1991 жылғы сайлаудан соң дауыс беруге қызығушылық танытпайтын болды» дейді. Оның айтуынша, мамырдың 22-сіне белгіленген оқиға басқа сайлаулар тәрізді ТМД бақылаушылары тарабынан оң бағаланады.

Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының өкілі Стив Свердлов.
Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының өкілі Стив Свердлов.

Свердлов бұрынғы Совет одағының аумағында Тәжікстанда 1991 жылы алғашқы еркін сайлаулар қалай өткені елдің бәрінің есінде екенін айтады. «Адам құқын сақтау тұрғысынан алғанда ол сайлаулар жақсы үлгі болған жоқ, одан кейін елдегі жағдай екі есе ушығып кетті» дейді ол.

HRW зерттеушісінің пікірі бойынша, референдумның өтуін ТМД елдерінің миссиясы ғана бақыламай, басқа ұйымдар, соның ішін ЕҚЫҰ болуы керек еді. «Неліктен? Бұл референдум Орталық Азияның кейбір елдеріндегі шараға ұқсас. Мемлекет басшысы әртүрлі ұсыныс жасап шығады, бірақ соның бәрі жалғыз мақсатты – өз президенттік мерзімін ұлғайтуды көздейді» дейді Свердлов.

Бұл референдум Орталық Азияның кейбір елдеріндегі шараға ұқсас. Мемлекет басшысы әртүрлі ұсыныс жасайды, бірақ соның бәрі жалғыз мақсатты – өзінің президенттік мерзімін ұлғайтуды көздейді.

Референдум барысын бақылайтын халықаралық бақылаушылар Тәжікстанға мамырдың 18-інен бастап келеді. Қазіргі кезде орталық сайлау комиссиясы ТМД-дан алты өкілді халықаралық бақылаушы ретінде аккредитация жасады, оларды ТМД атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Владимир Гаркун басқарады. ТМД-ның парламентаралық ассамблеясынан (ПАА) 18 өкіл келмек, оларға ТМД ПАА бас хатшысы Алексей Сергеев төрағалық етеді.

Аталған саяси шараны Еуропа Одағы және басқа да Батыс елдері өкілдері бақыламаса, оларды елемей тастады дегенді білдірмей ме? Стив Свердлов «Керісінше шетелдік дипломаттар Тәжікстандағы адам құқығы мәселесіне көбірек назар аударады» дейді.

Тәжікстанда конституциялық реформа мамырдың 22-сі күні өтеді. Дауыс беру бюллетенінде «Ел конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қолдайсыз ба?» деген сауал ғана болады.

Осы баптың төртінші бөлігінде қарастырылған шектеулер Бейбітшілік және ұлттық бірлік негізін қалаушы – Ұлт көшбасшысына қатысты емес.

Тәжікстан парламентінің екі палатасының өкілдері әзірлеген түзетулер 41 тармақтан тұрады, соған қоса 65-бапты келесі мазмұнмен толықтыру ұсынылады: «Осы баптың төртінші бөлігінде қарастырылған шектеулер Бейбітшілік және ұлттық бірлік негізін қалаушы – Ұлт көшбасшысына қатысты емес. Бейбітшілік және ұлттық бірлік негізін қалаушы – Ұлт көшбасшысының құқықтық мәртебесі мен өкілеттігін конституциялық заң анықтайды».

Тәжікстанның қазіргі президенті, елді 1992 жылдан бері басқарып келе жатқан Эмомали Рахмон конституцияның қолданыстағы нормаларына сәйкес 2020 жылғы сайлауда өз кандидатурасын ұсынуға құқығы жоқ, бірақ ұсынылған түзетулер референдумда қабылданса, ол Ұлт көшбасшысы ретінде өз кандидатурасын ешбір шектеусіз ұсыну құқына ие болады.

Сондай-ақ Тәжікстан конституциясына үміткерлердің президент болу жас шектеуін 35-тен 30-ға дейін қысқарту ұсынылмақ. Аталған түзету Рахмонның ұлы Рустам Эмомалидың 2020 жылғы президенттік сайлауда өз кандидатурасын ұсынуына мүмкіндік береді.

Түзетулер конституциялық судьялар парламенті палатасына, жоғары және экономикалық сотқа үміткерлерді бірыңғай 30 жастан бастап (міндетті жоғары білімі бар) тағайындауды қарастырмақ. Түзетулер бойынша юстиция кеңесі қысқартылады, ал негізгі заң енді тек конституция деп аталады.

Түзетулер діни және ұлттық сипаттағы саяси партиялар мен бірлестіктер құруға тыйым салуды қарастырады.

Стив Свердловтың пікірінше, 40 түзетілім және небәрі бір сауал болғаны қатардағы азаматтар үшін түсініксіз. Бірақ Орталық Азия мемлекетінің басшылығы басты заңды қайта қарау – әр зайырлы елдің өз ішкі ісі деп санайды.

Саяси шолушы Владимир Мухин де солай ойлайды, бірақ мынаған мән береді. «Бұл түзетулер Эмомали Рахмон мен оның айналасындағы топты құрайтын саяси кеңістік реалийіне қатысты» дейді ол.

Саяси шолушы Владимир Мухин.
Саяси шолушы Владимир Мухин.

Стив Свердлов оған қоса халықаралық стандарттар сақталуы керек екенін ескертеді. «Негізгі заң Тәжікстанда бекітілген халықаралық құқықтық құжаттарға сай болуы керек. Мысалы, бірнеше жыл бұрын ратификация жасалған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге сай болуы тиіс. Қазіргі президенттің өкілеттік мерзімін мерзімсіз ұзарту осы құжаттың ережесіне қайшы» дейді ол.

Свердлов Тәжікстанның өзін демократиялық мемлекет деп атайтынын және Женевадағы адам құқығы жөніндегі БҰҰ кеңесі алдында есеп беретінін айтады. Тәжікстан сыртқы істер министрі Сирожиддин Аслов жақында Брюссельге барған соң Еуропаның Тәжікстанға қатысты ұстанымы біршама жақсарды деген пікір бар. Свердлов осыған байланысты Батыстағы әріптестері Тәжікстан туралы пікірлерін ашық та, өз ішінде де айтуға тиіс деп санайды.

Осы оқиғаға байланысты Владимир Мухин Тәжікстанда толық демократиялық сайлау өткізу мүмкіндігіне күмәнданады. «Тәжікстанда референдум абсолюттік демократия жағдайында өтеді деп ойламаймын. Демократияға жету жолында мәселелеріміз өте көп. Ықпал етудің әкімшілік тетіктері мықты. Өзбекстанда Ислам Каримов осылай билеп келеді. Қазақстан мен Тәжікстан да осылай. Бұлар – елдері тәуелсіздік алғаннан бері ауыспай отырған басшылар. Билікте барынша ұзақ қалу үшін олар барлық шараға барады» дейді саяси шолушы.

Мақаланы орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG