Accessibility links

Тәжікстандағы «діни сауатсыздыққа» кім айыпты?


Душанбе мешітіндегі ерлер намазы. 2013 жылдың тамызы.
Душанбе мешітіндегі ерлер намазы. 2013 жылдың тамызы.

Тәжікстанның дін істері жөніндегі комитеті төрағасы Сирияға барған жас тәжіктерді «дінді білмейді, сауатсыз» деп айыптады. Бірақ елдегі діни білімнің олқылығына Душанбенің өзі де «үлес қосқан».

Тәжікстанның дін істері жөніндегі комитеті төрағасы Абдурахим Холикзода өткен айда «Жас тәжіктердің Сириядағы соғысқа баруына сауатсыздық пен әлеуметтік жағдайдың төмендігі ықпал етті» деп мәлімдеді. Оның пікірінше, «Жақсы діни білім алған жастар мұндай шиеленіске ешқашан араласпайды. Жастарды Сириядағы соғысқа баруға үгіттейтіндер, ең алдымен олардың исламнан хабарсыз екенін пайдаланады».

Холикзода Тәжікстан жастарының діни білімін қай жерде жетілдіруі керек екенін нақтылап айтпады. Ел үкіметі 2010 жылдан бері шетелдегі ислам медреселерінде оқып жатқан жастарды елге қайтаруға күш салып келеді.

Сонда олар Тәжікстанда діни сауатын қалай арттырады? Бұл елде дінді терең білетін ислам діндарлары бар, оларға үлкен құрметпен қарайтынымды айтқым келеді.

Бұл санатқа кірмейтіндердің бірі - Шейх Темур «пайғамбар». Ол туралы Азаттықтың тәжік тілінде шығатын «Озоди» радиосы бірнеше материал жариялаған еді. Шейх Темур Тәжікстанның Гиссар ауданындағы адамдарға өзін «жаңа пайғамбармын» деп жариялаған. Ол жергілікті тұрғындардың қыздарына үйленіп, «аспаннан қарғыс жаудырамын» деп қорқытып, азаматтардан ақша алған.

«Озоди» сайтындағы шағын видеода адамдар «пайғамбар» көлігін қоршап, оның қолын сүюге ұмтылып жатыр. Тағы бір көріністе оның ізбасарлары Шейх Темур отырған бөлмеден шыққанда «қасиетті» адамға жүзін теріс бұрмай, артқа шегініп шығады.

Мұндай дәстүр Орталық Азияда баяғыда болған, бірақ адамдар хандар мен әмірлердің алдынан солай шығатын. Көп адам үшін Шейх Темур – алаяқ, барлық дінде ондайлар кездеседі, қазір ол үйқамақта отыр.

Азаттықтың Тәжік қызметінің Шейх Темур "пайғамбар" туралы видеосы:

Tajik 'Prophet' Shaikh Temur
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:02:13 0:00

Бірақ Тәжікстандағы «діни сауатсыздыққа» Шейх Темурды айыптауға келмейді. Бұған кейбіреулер айтып жүргендей дінге араласып отырған үкімет пен оның саясаты айыпты.

БИЛІКТІ ҚОЛДАЙТЫН «ДІНДАРЛАР»

Тәжікстан үкіметі қазіргі режимге қатер төндірмейтін, оны қолдайтын дінді қалайды. Шынын айтқанда, жүздеген жылдар бойы Орталық Азия билеушілері ислам дінін өз мақсаттарына пайдаланып келді. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен оның үкіметі осы көне сүрлеуді жалғастырып келеді.

10 жылдан астам уақыт бұрын тәжік билігі «заңсыз жұмыс істейді» деген желеумен жүздеген мешіттерді жапты. Тәжікстанда елдімекендерді бір-бірімен жалғастыратын жолдар аз, шет аймақтарда отырған кейбір қауымдардың құлшылық ететін орындары жоқ.

Тәжікстан солтүстігіндегі шет аймақтардың біріндегі мешіт. 2014 жылдың қазаны.
Тәжікстан солтүстігіндегі шет аймақтардың біріндегі мешіт. 2014 жылдың қазаны.

2013 жылдың соңында Тәжікстанның солтүстігіндегі Соғды облысында тоғыз медресенің бесеуі жабылып, жастардың діни білім алуы қиындады. Ал Тәжікстан халқының 40 пайызы Соғды облысында тұрады.

Тәжікстанның басқа аудандарындағы ауылдық медреселер де сол кезде жабылды. Тек Душанбедегі ислам гимназиясы (мектебі) дінді ресми оқытатын орын саналады. Биыл жыл басынан бері 1 мың 548 студент бұл гимназияны тастап кетті – оның 400-і мектептен өзі кеткен, 348-і шығарылған.

2011 жылғы заң бойынша 18 жасқа дейінгі балалардың көбі жұма намазына бара алмайды. Ал жұма намазына баратын ер адамдардың (әйелдердің баруына 2004 жылдан бері рұқсат етілмейді) еститін уағызын үкімет алдын ала бекітіп бергені аздай, кейбір тақырыптарға тыйым салып қойған. Одан бөлек, Тәжікстан имамдары үкіметті, әсіресе президент Эмомали Рахмонды мақтап отыруға міндетті.

2013 жылдың қазан айында Орталық Азиядағы ресми тіркелген жалғыз ислам партиясы – Ислам өркендеу партиясының өкілі Вохидхон Косиддиновты намаз кезінде имамның сөзін бөлгені үшін полиция ұстады. Косиддинов уағыз кезінде имамның президент пен үкіметті мақтауына қарсы шыққан.

Тәжікстандық жастар имамдардың заманауи тақырыптарды талқыламайтынына шағымданады. Имамдар ислам тарихын сөз етеді, бірақ қазіргі мәселелерге қатысты көзқарастарын айтпайды. Сондықтан Холикзада «діни сауаттың жақсы болуы» туралы айтқанда өзі бір өкілі болып отырған мемлекеттік саясат та бұл проблемаға үлес қосып отырғанын ескермеді. Ал тұрмыстың нашарлығына келсек, мемлекет дәл осы мәселеге белсендірек араласқаны жөн болар еді.

(Салимджон Айоубовтың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG