Accessibility links

Тәжікстан әйелдердің үйде босануын азайтпақ


Тәжік әйелдері. 2011 жылдың маусымы. (Көрнекі сурет)

Тәжік әйелдері. 2011 жылдың маусымы. (Көрнекі сурет)

Тәжікстанда ауылда тұратын әйелдердің көбі дәрігер көмегінсіз үйде босанады. Тәжік үкіметі ана мен бала өлімін азайтуға тырысып отыр.

Орталық Азия бойынша әйелдер өлімі жағынан Тәжікстан бірінші орында тұр.

Тәжік үкіметі жүкті әйелдерді медициналық жәрдеммен қамту бағдарламасын қолға алды. Алайда үйде босанатын әйелдердің статистикасына қарап, Тәжік үкіметінің бұл проблемамен ұзақ күресететінін болжауға болады.

44 ПАЙЫЗ

Соңғы зерттеулер бойынша, 2012 жылы Хатлон облысындағы Иовон ауданында әйелдердің 44 пайызы үйде босанған. Осы әйелдердің жартысына жуығы кәсіби медбике жәрдемінсіз туған.

Осы тарапта бір жылдай жүргізген Тәжікстан стратегиялық зерттеулер орталығы қызметкерлері «Оңтүстік өлкедегі деректерге қарап, Тәжікстанның басқа да ауылдарындағы жағдайды біле беруге болады» дейді.

Ауылда тұратын әйел. Тәжікстан, 20 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Ауылда тұратын әйел. Тәжікстан, 20 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Тәжістан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, «елдегі аяғы ауыр әйелдердің басым бөлігі ауруханалар мен перзентханаларда босанса, үйде босанатын әйелдер саны - 10 пайыз». Министрлік дерегінше, «үйде босанған әйелдерге акушер дәрігерлер қызмет көрсетпейді» .

Үйде босанған әр 100 мың әйелдің 47-сі толғақты көтере алмай көз жұмады. Қайтыс болғандардың көбі – перзентханаға бармаған әйелдер.

Ана өлімінің көбеюі Тәжікстан үкіметінің «2015 жылға дейін барлық жүкті әйелді акушерлік көмекпен қамту» бағдарламасын қолға алуына түрткі болды.

«ҮЙДЕ БОСАНУ - АРЗАН»

Стратегиялық зерттеулер орталығының қызметкері Фируз Саидов жүкті әйелдердің медициналық жәрдемге жүгінбеуінің бірнеше себептерін айтады.

- Кейбір әйелдер шалғай ауылда тұрғандықтан, оларды перзентханаға жеткізетін адам да табылмайды. Енді біреулері үйде босанудың қаншалықты қауіпті екенін ұғына бермейді, - дейді ол.

Хатлон облысы Танобчи ауылында тұратын Гүлмох Собированың бес баласы бар. Ол үш баласын үйде босанған. Оның акушер шақыртпай үйінде босану себебі де қарапайым. Үйде босану - арзан.

Тәжікстанда дәрігерлік қызмет тегін болғанымен, перзентханада дәрігер мен медбикеге ақша беру әдетке айналған.

Есек мінген әйелдер. Тәжікстан, 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Есек мінген әйелдер. Тәжікстан, 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

- Ауыл халқының көбі - кедей. Баланы үйде босану арзан. Ауылда кейбір әйелдер босануға жәрдем берген медбикеге 10-60 доллар шамасында ақы төлейді. Әлбетте, одан басқа қосымша дәрі-дәрмекке тағы да ақша шығындайды, - дейді ол.

Собирова «егер мен перзентханада босансам 150 доллар кетер еді» дейді.

37 жастағы мұғалім Гүлмох Собирова «толғағым қатты болмаса да, үйде босанудың азабы қиын болды» деп еске алады.

«ҮЙДЕ БОСАНБАҢДАР»

Тәжікстан ана өлімі бойынша Орталық Азия елдері арасында бірінші орында тұрса да, проблеманың сәл де болса азайғаны байқалады. Осыдан бес жыл бұрын (2008 жылы – ред.) босанған әрбір 100 әйелдің 64-і көз жұмған.

Үйде туған нәрестенің қаншасы шетінейтіні туралы ресми статистика жоқ.

Тәжікстан осы проблеманы шешу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Германияның даму агенттігі, БҰҰ халық санын арттыру қоры сияқты халықаралық ұйымдардан көмек сұрады.

Осының арқасында шұғыл акушерлік көмек көрсететін орталықтар ашылды. Кәсіби шеберлігі жоғары акушерлер мен медбикелер дайындалды. Медициналық білім беру саласына назар аударылды.

Стратегиялық зерттеулер орталығының қызметкері Фируз Саидов. Душанбе, 13 қаңтар 2011 жыл.

Стратегиялық зерттеулер орталығының қызметкері Фируз Саидов. Душанбе, 13 қаңтар 2011 жыл.

Стратегиялық зерттеулер орталығының маманы Саидовтың айтуынша, Иовон ауданындағы перзентханаларда даму байқалады. Жергілікті басшылар СССР кезінде ашылған жүкті әйелдерді тіркеп, денсаулықтарын тексеріп отыртын клиникаларды қайта қалпына келтірген.

- Жергілікті клиникалар 2012 жылы жүкті әйелдердің 95 пайызға жуығын тіркеуге алып, бақылады. Дәрігерлер оларды айына бірнеше рет тексеріп отырды. Алдыңғы жылдары мұндай тексеру болмаған, әрі дәрігер де жетіспейтін, - дейді сарапшы.

Иовон ауданындағы аман-есен босанған әйелдердің көбеюіне қарап, былтыр олардың көбіне шалғайдағы клиникалардан тиісті медициналық жәрдем көрсетілгенін білуге болады.

Алайда ауыл ауруханалары мен клиникалары көрсететін медициналық қызметтің сапасы әлі де нашар. Ауылдағы ауруханалар мен клиникаларда қазіргі заманғы санитарлық құрал-жабдықтар жоқ. Қыс айларында электр қуаты берілмей қалып жатады. Осының кесірінен үйде босану мен ауруханада босанудың аса үлкен айырмашылығы да болмай тұр.

Собированың айтуынша, «жергілікті басшылар қазір әйелдерді жүктілік кезінде арнайы медициналық жәрдем алуға үгіттеп жатыр».

- Ауылдарда үйде босанған әйел мен нәрестенің қайтыс болу оқиғалары жиі болады. Қазір басшылар бұл мәселеге назар аударып, жағдайды түзеуді қолға алды. Қазір дәрігерлер аяғы ауыр әйелдерге «үйде босанбаңдар» деп жиі ескертеді, - дейді Гүлмох Собирова.

Фарангис Наджибулла мен Зарангез Наурузшохтың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Сағынай Кәрім.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG