Accessibility links

Тәжікстан «Ислам партиясы» өкілінің ұятты видеосы шықты


Тәжікстан Ислам өркендеу партиясы мүшесін қаралау мақсатында интернетке жарияланған видеоның скриншоты.

Тәжікстан Ислам өркендеу партиясы мүшесін қаралау мақсатында интернетке жарияланған видеоның скриншоты.

Интернетке Тәжікстанның Ислам өркендеу партиясының өкілі Галати Баротованы қаралайтын секс-видео жарияланды. Партия мүшелері оны «парламент сайлауы алдында әдейі жасалған шабуыл» дейді.

Тәжікстанның Ислам өркендеу партиясының депутаты Баротова ханым елді шулатқан «ұятты видеодағы әйел мен емеспін, оны түсірген адам маған жала жауып, қорлауды мақсат еткен» дейді. Ислам партиясының 51 жастағы мүшесі Галати Баротова - Тәжікстанның оңтүстігіндегі Восе ауданының тұрғыны. Оның бірнеше немересі бар.

«САЙЛАУ АЛДЫНДАҒЫ ЖАЛА»

Қарашаның 19-ы күні YouTube желісіне шыққан видеода орта жастағы әйел мен жас жігіт жер үйдің (болжаммен айтылған - ред.) қонақ бөлмесінде жыныстық қатынасқа түседі. Видеоның сыртында сөйлеп тұрған ер адам клиптегі әйелдің Баротова мен оның «жас көңілдесі» екенін баяндайды.

Алты минуттық роликтің жартысы Баротованың Ислам партиясындағы белсенділігін баяндайды, хиджаб киген тәжік әйелінің әртүрлі қоғамдық шаралар мен партия жиындарына қатысқанын көрсетеді.

Бір көріністе Баротова бұқара жұрттың ортасында тұр. Бетін жартылай орамалмен бүркеген ол дұға жасап, қолын көтерер алдында бір топ әйелмен күлімсірей сөйлеседі.

Баяндаушы «Баротованың партияның беделді мүшесі екенін, партияны бұқараға насихаттап, аймақтағы бөлімшелерінің жұмысына бағыт беру үшін елді көп шарлағанын» айтады.

Тәжікстан Ислам өркендеу партиясының кеңсесіндегі жұма намазға келген әйелдер. Душанбе, 17 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Тәжікстан Ислам өркендеу партиясының кеңсесіндегі жұма намазға келген әйелдер. Душанбе, 17 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Бұдан бөлек, кадр сыртындағы баяндаушы «Ұйым алдындағы еңбегін елеп-ескерген Ислам өркендеу партиясы басшылығы Баратованы 2015 жылдың ақпанында өтетін парламент сайлауына ұсынғалы отыр» дейді. (Партияның өзі Баротованың кандидатурасы жайында мәлімдемеді, саясаткер әйелдің өзі сайлауға түсуге ниеті жоқ екенін айтады).

Роликте Ислам өркендеу партиясының логотипі мен басшылары бірнеше мәрте көрсетілген. Баяндаушы «партияның «арнайы қызметі» сайлау кампаниясы алдында күтпеген жағдай болмауы үшін сайлауға ұсынатын кандидаттарын тексерген еді» дейді.

Осындай түрлі болжамдар айтқан баяндаушы «бұл видеоның жасалғанын партия басшылығы білетінін» ескертеді. Ол әңгімесін «өкінішке қарай, олар сұмдық көрініске куә болды» деп түйіндейді.

Роликтің екінші жартысында бет-әлпеті анық көрінбейтін еркек пен әйел адам жыныстық қатынас жасар алдында бірін-бірі сүйіп, аймалайды.

Роликтегі әйел менен әлдеқайда жас. Мұның бәрі - жалған, маған жабылған жала.

Ал бұл видеоны «ар-ұятты аяққа таптаған дүние» деп сипаттаған Баротова «Роликтегі әйел мен емес, менен әлдеқайда жас. Мұның бәрі - жалған, маған жабылған жала» дейді. Төрт ересек баласы мен 12 немересі бар әйел «ғайбат видео отбасым мен балаларымның алдында ұятқа қалдыратын болды» деп қынжылады.

Баротова «туған ауылы Құрбан-Шахидте өзін жұрттың діндар адам деп білетінін» айтады. Сөзіне қарағанда, ел оны әртүрлі шараларға «Құран оқитын молда әйел» ретінде шақырады.

Ол денесінде операциядан қалған алты тыртығы барын мәлімдеп, «бейне баяндағы әйелдің денесі ондай емес» дейді. Баратованың айтуынша, ол Ислам партиясы мүшелеріне денесін көрсетіп, салыстыруды ұсынған.

ТӘЖІКСТАН МОЛДАЛАРЫ ТУДЫРҒАН ШУ

Тәжікстанның Ислам өркендеу партиясының заң мәселелері бойынша кеңесшісі Зурафо Рахмони ханым «Бұл - кейбір органдардың партияға жауып отырған жаласы» дейді. Ол нақты ешкімді атамайды, бірақ «бұл - сайлау алдында Ислам партиясына жасалған шабуылдың бір бөлігі, жиіркенішті әдіс» дейді.

Бұл - сайлау алдында Ислам партиясына жасалған шабуылдың бір бөлігі, жиіркенішті әдіс.

Тәжікстан Ислам өркендеу партиясы - Орталық Азиядағы ресми тіркелген жалғыз ислам партиясы. Бұл партияға парламенттен екі-ақ орын тиген. Қалған орындар биліктегі Тәжікстанның халықтық-демократиялық партиясы өкілдерінен артылмады.

Видеоны зерттеген танымал тәжік режиссері Барзу Абдураззақов оны «ғимарат ішіне құпия екі камера қойып түсірген» дейді. Оның ойынша, «Роликті біреулер ақылдасып, қолдан жасаған».

Соңғы екі жылда Тәжікстан молдалары мен дін қызметкерлеріне қатысты бірнеше ұятты видеолар жарияланды. Оның ішінде душанбелік молданың бедеу әйелді емдеймін деп онымен жақындасатын көрінісі бар.

Екінші видеода тағы бір душанбелік имамның үйде өзі түсірген сөкет әрекеттері интернетке жарияланып, шу шыққан еді.

Бірнеше діни қайраткерлер – оның арасында Ислам өркендеу партиясы мүшелері де бар деседі – жыныстық қылмысқа қатысты тұтқындалған.

Баротова бұл видеоға қатысты ешкімді сотқа бермейді. «Біреуді сотқа тартатын ақшам жоқ. Маған қарсы осындай әрекет жасаған жандардың Құдай жазасын берсін. Мен тек енді мазаламаса деймін» дейді саясаткер әйел.

(Хиромон Багозода мен Фарангис Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG