Accessibility links

Имамның "секс-видеосы" тәжіктерді селт еткізді


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Тәжікстан құқық қорғау органдары «жыныстық қатынас видеосын интернетке кім салғанын іздестіріп жатырмыз» дейді. Осы оқиғаға қатысты бір имам тергеуге алынған.

Тәжікстанда интернет арқылы тарап кеткен видеожазба халыққа жағымсыз әсер еткен. Себебі видеодағы адам – ауыл имамы. Қазір имамның болашақ тағдыры талқыланып жатыр.

Өткен аптада YouTube пен Facebook-те имамның жыныстық қатынасы түсірілген үш бірдей видеожазба пайда болған соң жанжал шықты.

«ИМАМ ӨЗ ӘЙЕЛІН ВИДЕОҒА ТҮСІРГЕНІН МОЙЫНДАДЫ»

Екі минуттық видеожазбада орта жастағы, аласа бойлы, қара сақалды, жалаңаш ер адам ұялы телефонды алып, биіктеу жерге қояды да, төсекке шығып жасыл орамал таққан әйелмен жыныстық қатынас жасайды. Ер адамның түрі анық көрінеді.

Бұл видеожазбалар YouTube пен Facebook-те бірнеше сағат тұрғаннан кейін жоғалып кетті. Одан соң маусымның 11-і күні қайтадан интернетте шығып, тағы бірнеше сағат тұрды.

Жергілікті құқық қорғау органдары осы мәселеге орай Душанбе қаласының жанындағы Рудаки ауданының Большевик ауылында тұратын мешіт имамын тергеді.

Намазға ұйыған жамағат. Тәжікстан. (Көрнекі сурет)
Намазға ұйыған жамағат. Тәжікстан. (Көрнекі сурет)
Жергілікті полиция өкілдерінің Азаттыққа айтуынша, «имам өз әйелімен жыныстық қатынас жасау сәтін ұялы телефонға түсіріп алғанын мойындаған».

Аты-жөні жарияланбаған имам «ол видеоны интернетке мен салған жоқпын, телефонымды жоғалтып алдым» деген.

Имамға қарсы ешқандай да қылмыстық іс қозғалмаған.

Ішкі істер министрі видеожазбаны интернетке кім салғанын тапқысы келеді. Себебі бұл әрекет адамның жеке өміріне араласқан қылмыс түрі саналады.

Видеоны жариялаған адам интернетте есімін «Солех Хотамин» деп көрсеткен.

Видеоның астында «Бұл - Тәжікстанның «Исламның қайта өрлеуі» партиясының төрағасы Мұхиддин Кабири» деп жазылған. Бірақ бұл мәліметті видеоны жариялаған адам қателесіп жазғанға ұқсайды. Себебі Кабиридің сақалы жоқ.

Қалған екі видеода «Бұл адам – «Исламның қайта өрлеуі» партиясының төраға орынбасары Махмадали Хаит» деп жазылған. Алайда оның сақалы ағарған.

Партия төрағасы да, оның орынбасары да бұл жанжалға қатысты әзірге пікір білдірген жоқ. Бұл оқиға Рудаки ауданында және әлеуметтік желілерде жұрттың реакциясын туғызды.

«ЖЫНЫСТЫҚ ҚАТЫНАСТЫ СУРЕТКЕ ТҮСІРУ - КҮНӘ»

Бір азамат Азаттықтың Тәжік қызметінің сайтына кіріп: «Бұл күндері соқыр халық сақалы бар, тақиясы бар кез-келген адамға құдайдай сеніп, оған табына беретін болды. Видеоны түсірген адам өзгенің емес өзінің жыныстық қатынасын түсіріп алған. Сол адам мұсылмандардың абыройын ойлайды деп сенесіз бе? Мен сенбеймін» деп жазған.
Адам баласы жыныстық қатынас қылғанын видеоға түсіріп, қалайша интернетке салады? Ондай адамның имам болуға хақысы жоқ!

Екінші адам былай деп жазады: «Мынау – масқара! Адам баласы жыныстық қатынас қылғанын видеоға түсіріп, қалайша интернетке салады? Ондай адамның имам болуға хақысы жоқ! Оны имам деп атауға болмайды. Мұндай молдалар біздің дінімізді қорлайды. Исламның дұшпандарын қалай қуантқаныныңды сезесің бе? Егер мен басшы болсам, сені өмір бақи түрмеге қаматар едім».

Қазір ол имамның болашағы не болары белгісіз. Тәжікстандағы мемлекеттік пәтуа департаменті «жыныстық қатынасты суретке түсіру - күнә» ден санайды. Кеңесшілік қызмет көрсететін пәтуа департаменті бұл жанжалды маусымның 20-сы күні болатын жиынында талқыламақ.

Кеңестің баспасөз хатшысы Ходжи Нематулла Олимов «Әр мешіттің 20 адамнан тұратын кеңесі бар. Мұндай мәселелерді сол кеңестер талқылай алады. Егер қажет деп тапса, жаңа имам сайлайды» дейді.

Кеңес шешімін үкіметтің дін істер бойынша комитеті ресми түрде бекітуі керек.

Мирзонаби Холикзод пен Антуан Блуаның мақаласын ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім.
XS
SM
MD
LG