Accessibility links

Тәжікстан ер мұғалімдерді көбейте алмай отыр


Душанбедегі №53 мектепте сабақ сұрап тұрған мұғалім. Тәжікстан, 17 желтоқсан 2009 жыл.

Душанбедегі №53 мектепте сабақ сұрап тұрған мұғалім. Тәжікстан, 17 желтоқсан 2009 жыл.

Тәжікстан парламенті мектеп мұғалімдеріне көптеген жеңілдіктер мен артықшылықтар беретін жаңа заң қабылдамақ. Себебі мұғалімдер жалақының аздығынан жұмыстан кетіп жатыр.

Заң жобасында ұстаздарға тегін емделу, жер телімін тегін алу және қаржылай сыйлықтар беру сияқты жеңілдіктер қарастырылған. Жаңа заң сонымен қатар ер мұғалімдерді әскерге бару міндетінен босатады.

Тәжікстанда көптеген ер адамдар жалақының аздығынан мұғалімдік жұмысты тастап кеткен. Бұл заң ер мұғалімдерді мектепте жұмыс істеуге қызықтыруды мақсат етеді.

«ЖАЛАҚЫСЫ 105 ДОЛЛАР МҰҒАЛІМ»

Садиқ Абдуллоевтің Тәжікстанның Қорғантөбе қаласындағы орта мектепке жұмысқа тұрғанына әлі бір жыл болған жоқ. Бірақ 24 жастағы ұстаз мектептегі кәсібін тастап, Ресейге жұмыс істеуге кетіп барады.

- Мысалы, күрте мен шалбардың бағасы - 800 сом (170 доллар). Менің жалақым - 500 сом (105 доллар). Қалай өмір сүруге болады? Мен ол ақшаға киім-кешек пен галстук сатып аламын ба, ас-ауқат аламын ба? - деп сұрайды ол.

Осындай төмен жалақы Абдуллоев сияқты мыңдаған ер мұғалімдерді тәжік мектептеріндегі жұмыстарын тастап, басқа жақтан табыс көзін іздеуге мәжбүрлеп отыр. Тәжікстанның білім министрі «мектептерде ер мұғалімдер жетіспейді» дейді. Ұстаздардың мектептен кетуін тоқтату үшін білім министрі жаңа заң жобасын ұсынды.

«ЕР МҰҒАЛІМДЕР ӘСКЕРГЕ АЛЫНБАСЫН»

Ұстаздарға жаңа жеңілдіктер мен артықшылықтар беруді қарастыратын жаңа заң қазір парламентте қаралып жатыр. Тегін емделу, қаржылай сыйлықтар беріп тұру, арзан баспанамен қамтамасыз ету сияқты жеңілдіктермен бірге, жаңа заң ер мұғалімдерді әскерде қызмет ету міндетінен босатады.
Тәжікстандағы орта мектеп. 8 сәуір 2010 жыл.

Тәжікстандағы орта мектеп. 8 сәуір 2010 жыл.


Тәжікстанда жастардың көбі қалайда әскерге бармай қалуға тырысады. Өйткені, әскердегі тұрмыстық жағдай адам шошырлық, тамағы құнарсыз, сарбаздар арасындағы әлімжеттік (дедовщина) проблемасы да бұл елде жиі айтылып келеді. Армияда қызмет ету жастар үшін абырой емес. Тәжікстанда адвокат болып жұмыс істейтін Мархобо Джабборова:

- Билік ұстаздарға берілетін көптеген жеңілдіктермен қатар, ер мұғалімдерді әскери міндеттен босату мамандарды мектепте еңбек етуге ынталандырады деп үміттенеді. Әлбетте, жаңа заңдағы артықшылықтар жас мұғалімдерді мектепте жұмыс істеуге қызықтырады. Қазір денсаулық сақтау және білім беру саласындағы қызметкерлердің көбі - әйелдер. Жаңа заң ер мұғалімдерге қолдау көрсетуі тиіс, - дейді.

«ӘКЕ КӨРМЕЙ ӨСЕТІН ОҚУШЫЛАР»

Тәжікстанда ер адамдардың аздығы өзекті проблемаға айналған. Мәселен, бір миллионнан астам адам мигрант ретінде Ресейде еңбек етіп жүр. Бұл - Тәжікстандағы жеті адамның біреуі. Олар Ресейде жұмыс істеп, бала-шағасын асырайды. Кеткендердің жасы - 18 бен 60-тың арасында.

Кейбір мигрантар қыста қайтып оралады. Бірақ үйіне 2-3 жылда бір-ақ рет келетіндері де бар. Көп бала әкесін көрмей өсіп жатыр.

- Бұдан бөлек, мектепте ұлдарға үлгі етіп көрсететін ер мұғалімдер де аз, - дейді орта мектеп директоры Рухулла Джуробаев.
Мектепте ұлдарға үлгі етіп көрсететін ер мұғалімдер де аз. Мектептегі 100 ұстаздың ары кетсе жетеуі ғана ер адам.


Ардагер ұстаз «ер мұғалімдер әкелері бірнеше жыл үйлерінде болмайтын оқушыларға қажет» екенін айтты. Ол Душанбенің батысындағы Қаратох ауылының орта мектебін басқарады.

- Мектептегі 100 ұстаздың ары кетсе жетеуі ғана ер адам. Сол жеті ұстаздың төртеуі ғана университет бітірген жастар, - дейді Джуробаев.

Директор оларды былтыр көрші ауылдан шақыртып алдырыпты. Джуробаев оларға «мектептің бюджеті көтеретін ең жоғары жалақы тағайындаймын» деп уәде берген. Одан бөлек, көрші ауылдан Қаратохқа қатынап істейтін болғандықтан, олардың жол ақысы да мектептің мойнында.

- 50 долларға жетер-жетпес жалақымен ұстаздарды мектепте ұстап отыру мүмкін емес. Әйелдердің жағдайы сәл басқаша. Себебі, тәжік отбасында ер адамдар дәстүр бойынша шаңырақтың негізгі асыраушысы болып саналады, - дейді Джуробаев.

«ЖҰМЫСҚА ЖЫЛЫНА БІР-АҚ КЕЛЕТІН МҰҒАЛІМДЕР»

Шенеуніктердің айтуынша, орта мектептердегі мұғалімдердің 60 пайызы – әйел адамдар. Бірақ бұл - құжаттағы көрсеткіш. Шындығында мектеп басшылары ер мұғалімдердің оқу жылы бойына жұмыста болмайтынына көздерін жұмып қарайды. Себебі, олар маусымдық жұмыстарды істеу үшін Ресейге кетеді. Олардың қыста ғана келетініне қарамастан, көптеген ер мұғалімдердің еңбекақысы жыл бойы төлене береді.
Мектепте отырған оқушылар. Тәжікстан, Куляб аймағы, 28 қыркүйек 2012 жыл.

Мектепте отырған оқушылар. Тәжікстан, Куляб аймағы, 28 қыркүйек 2012 жыл.


Білім министрлігіндегі мемлекеттік мектептерді бақылайтын департаменттің басшысы Абдусамад Муллоев ер мұғалімдерге ерекше көңіл бөлуді талап етіп отыр. Ол ер адамдарды қолпаштап отыру үшін мектептегі әйел мұғалімдердің ролін зорайтып көрсетпеуге тырысады.

Биылғы жылдың басында Душанбе полициясы мектепте төбелесіп, бір-біріне пышақ салып жаралаған жоғарғы сынып оқушыларының үстінен қылмыстық іс қозғады. Сол кезде «мұндай жайттар мектепте ер мұғалімдердің жетіспеуінен туындайды» деген болжам айтылды.

Муллоев «Мектептерде ер адамдар ғана жасай алатын қатаң тәртіп пен ереже бар» екенін айтты. Ал Қорғантөбедегі жас мұғалім Абдуллоев керек-жарағын жинап, жолға дайындалып жатыр. Үкіметтің уәде еткен артықшылықтары мен жеңілдіктері оның ойын өзгерте алмады.

- Жақсы, мен тегін емделіп, тегін жер алдым делік. Бірақ одан ары күлкілі жалақыға қалай өмір сүремін? - дейді ол.

Бұл материал Азаттықтың Тәжік қызметі тілшілері Заранез Наврузшох пен Фарангиз Наджибулланың мақаласы негізінде әзірленді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG