Accessibility links

Мұқым тәжікке тосыннан танылған кішкене қыз


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Гүлнигор Нажмиддинді көтеріп тұрған сәті. Тәжікстан телеарнасынан алынған скриншот.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Гүлнигор Нажмиддинді көтеріп тұрған сәті. Тәжікстан телеарнасынан алынған скриншот.

Тәжікстанда үш жасар қыз бала президент алдында тұрып өлең оқуы тиіс болған. Бірақ ол президентті танымай, оған «жаурап тұрмын» деп, құшақтап жылытуын өтінді.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қазанның 27-сі күні елдің оңтүстік аймағына, халықпен кездесуге барды. Тәжікстан президенті келген бетте жұрт тек соған қарап тұрған еді. Кенет, күтпеген жерден кішкентай патриот қыз бүкіл елдің назарын өзіне аударған.

Гүлнигор Нажмиддиннің жасы үште. Ол сол күні президент алдында тұрып өлең оқуы керек болған. Бірақ Гүлнигор президентті танымай, оған «жаурап тұрмын» деп, құшақтап жылытуын сұраған.

Жергілікті және мемлекеттік телеарналар президенттің Хатлон облысының Фархор ауданына барған сапарын елге тікелей эфирден көрсету үшін күнделікті хабарларын тоқтатқан еді.

Телеарналар тікұшақтан түсіп, өзін күтіп тұрған әкімдер мен жергілікті жұртшылыққа қарай қызыл кілеммен жүріп келе жатқан президентті жарыса көрсетіп жатты.

Бірақ сол күні тәжік көрерменінің назары президенттен гөрі үш жасар Гүлнигор Нажмиддинге ауды. Президент өлең оқитын балаларға тақағанда Нажмиддин «Ой, мен қатты тоңып тұрмын» деген.

Рахмон «Тоңып тұрсың ба? Мұнда кел» деп қызды көтеріп алады. Қоршап тұрған басшылар бәрі күлісіп, қолпаштап жатты.

Гулнигор «Сіз қайдан келдіңіз? Мені де ұшаққа отырғызыңызшы» дейді. Рахмон қасындағы жергілікті басшыларға қарап «Мынадай суық күнде балаларды далаға тұрғызуға болмайды» деп ескерту жасайды да, Гүлнигордың өлең оқуын өтінеді.

Оқиғаны Азаттықтың Тәжік қызметі түсірген мына видеодан көре аласыз:


Осындай жоспарланбаған, оқыс оқиғаның арқасында Гүлнигор Тәжікстандағы ең атақты адамға айналып шыға келді. Оны жұрт «Рахмонды танымаған кішкентай қыз» атап кетті.

Оқиғадан кейін Азаттық тілшісі Гүлнигор әке-шешесімен және ата-әжесімен бірге тұратын Комсомол ауылына барды. Болған оқиғаны Гүлнигордың өзі де айтып берді.

Сүйкімді және ашық мінезді Гүлнигор «Душанбеден келіп, оған қуыршақ, шоколад және ақша берген Эмомали атасын қалай көргенін» еске алды. Бұл оқиғадан марқайып қалған атасы мен әжесі Зухро Рахмонова мен Нажмиддин Киемиддинов «Президент Гүлнигорға сыйлықтар беріп, оны Душанбеге қыдыруға шықарды» дейді.

Гүлнигор атасы Нажмиддин Киемиддиновтің алдында отыр. Тәжікстан, 30 қазан 2013 жыл.

Гүлнигор атасы Нажмиддин Киемиддиновтің алдында отыр. Тәжікстан, 30 қазан 2013 жыл.

Олар немерелерінің поэзияны жақсы көретінін және президент жайлы өлеңнің 300 жолын жатқа соғатынын айтып мақтанды.

Азаттық камерасының алдында Гүлнигор үкімет ресми түрде бекіткен тізімдегі бірнеше ақынның атын атап берді де, кенеттен Тәжікстанның әнұранын шырқай жөнелді.

Тілшілер одан «Өскенде кім болғың келеді?» деп сұрады. Атасы мен әжесі «Дәрігер, дәрігер болам де» деп қанша сыбырласа да ол «өскенде Гүлнигор болғым келеді» деп жауап берді.

Фарангиз Наджибулла, Мумин Ахмадидің мақаласын ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG