Accessibility links

Екі тәжік отбасындағы Рахмон жайлы пікірлер


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон сайлау науқаны ел аралап жүр. Тәжікстан, Куляб қаласы, 29 қазан 2013 жыл.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон сайлау науқаны ел аралап жүр. Тәжікстан, Куляб қаласы, 29 қазан 2013 жыл.

Тәжікстандағы президент сайлауы жақындап келеді. Азаттық тілшісі бірі қалада, екіншісі шалғай ауылда тұратын екі отбасымен оларды қандай мәселе алаңдататыны жайында әңгімелесті.

НУРЖОНОВТАР ОТБАСЫ

Низом Нуржонов (үй иесі), 90 жаста, Рахмонға дауыс береді.

«Мен қазіргі президенттен басқа бір де бір кандидатты танымаймын. Олар енді ғана телевизордан көрініп, сөйлеп жүр. Олар туралы өмірі естімеппін. Бәлкім, олар да жақсы шығар. Бірақ мен оларды танымаймын ғой. Танымайтын тұлғаны сайлай салу да қауіпті болуы мүмкін. Қазір үкімет өнеркәсіп пен ауылшаруашылығын дамытуға күш салып жатыр. Мен президенттің мәдениет саласына да көңіл бөлгенін қалар едім. Душанбеде және облыс орталықтарында көптеген театрлар бар. Бірақ олардың ғимараттары бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген»

Парвин Хошимова (жұбайы), 78 жаста, сайлауға қатыспайды.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон оқушылармен амандасып тұр. Тәжікстан, 28 қазан 2013 жыл.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон оқушылармен амандасып тұр. Тәжікстан, 28 қазан 2013 жыл.

«Күйеуім екеуіміз сайлау мәселесін талай талқыладық. Біз барлық кандидатты сараптап көрдік. Бүгінде Тәжікстан үшін ең дұрыс кандидат – қазіргі президент. Біз үшін ең маңыздысы - тыныштық. Бірақ зейнетақы өте төмен. Мен 50 жыл жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Қазір айына 70 доллар зейнетақы аламын. Президенттің әкімшілік ғимараттарды азырақ салып, қаржының біраз бөлігін әлеуметтік салаға жұмсағанын дұрыс көремін»

Маниша Нуржонова (қыздары), 46 жаста, Рахмонға дауыс береді.

«Мені исламды жамылып жасалып жатқан теріс оқиғалар алаңдатады. Тәжікстанда қыздарға күштеп хиджап кигізіп, не болмаса ерте тұрмысқа беріп жатқанда Кабири (Тәжікстан ислам қайта өрлеу партиясының басшысы Мухиддин – ред.) мен оның партиясы әрекетсіз отыр. Үкіметтің де мұны тоқтатуға жасап жатқаны шамалы. Мен жасырақ және экономика, саясат, әлеумет, мәдениет салалары бойынша білімі терең кандидатқа дауыс берер ем. Егер президент Рахмон министрлер кабинетін толық тазартып, олардың орнына жас, дарынды және тың идеялары бар министрлерді тағайындаса, жақсы болар еді. Қазіргі үкімет құрамы президенттің иммиджін бүлдіріп бітті. Адамдар соқыр емес, бәрін көріп отыр»

Президент Эмомали Рахмонмен кездесуден шыққан тәжік жастары. Душанбе, 23 мамыр 2013 жыл.

Президент Эмомали Рахмонмен кездесуден шыққан тәжік жастары. Душанбе, 23 мамыр 2013 жыл.

Фарзона Рахмонова (немерелері), 26 жаста, Рахмонға дауыс береді.

«Жастарға молырақ мүмкіндіктер ашылғанын қалаймын. Кейбір құрдастарым сияқты елден кетуді жоспарлап отырғам жоқ. Біздің елдің де тұрмыс жағдайы жақсарып, денсаулық сақтау саласы дамиды деп үміттенем. Қазіргі президентке дауыс берем. Меніңше Рахмон есімі бейбітшілікпен тығыз байланысты. Тағы да азамат соғысы басталғанын қаламаймын. Соғысты бала кезімде көзіммен көрдім»

ҒАФУРОВТАР ОТБАСЫ

Гүлру Ғафурова (үй иесі, мәдениет қызметкері), 47 жаста, Рахмонға дауыс береді.

«Жұмыс істеуге еркіндік беру жеткіліксіз. Президент әсіресе ауылдық жерлерде әйелдер үшін жұмыс орындарын ашу керек. Одан бөлек, жалақыны да өсіру керек. Жалақымыз өте төмен. Менің арманым - бала-шағамыз және кейнгі жас ұрпақ коллеждерде, университеттерде мамандық алуға мүмкіндіктері болса деймін. Бәрінен маңыздысы - олар өз мамандықтары бойынша жұмыс таба алатындай болуы керек. Совет Одағын сағындыратын бір нәрсе – тегін медициналық қызметі. Қазір жақсы ауруханалар мен дәрігерлер Душабеде (Тәжікстан астанасы – ред.) ғана бар»

Диловар Ғафуров (ұлы, банкте қызмет етеді), 26 жаста, сайлауға қатыспайды.

«Менің қалауым - жалақы жақсы болса және шетелге қыдыруға мүмкіндік молайса. Мен үшін саясат та, жекелеген саясаткерлер де қызық емес. Қай саясаткер тұрмысты жеңілдетсе, сол адам билікке келсін деймін»

Мухиба Ғафурова (келіні), 22 жаста, Рахмонға дауыс береді.

«Мен - Рахмон президент боп тұрғанда туып, сол кезде өскен адаммын. Одан басқа ешкімді танымаймын. Маған сайлауды Рахмонсыз елестету қиын. Мен тіпті қандай өзгерістер болғанын қалайтынымды өзім де білмеймін. Басқа елдің саяси жүйесін көретіндей өмірімде шетелге шығып көрмеппін»

Абдулло-жон (немере ағайыны), 45 жаста, Рахмонға дауыс береді.

Ресейдің Сочи қаласында жұмыс істеп жүрген тәжік мигранттары.

Ресейдің Сочи қаласында жұмыс істеп жүрген тәжік мигранттары.

«Мен үшін ең үлкен проблема - Ресейге барып жұмыс істеу. Университет бітіргем. Жазушы болам деп армандағам. Бала кезімде жасөспірімдер арасындағы ақындар байқауына қатысып, бірнеше рет жүлде алғам. Қараңдар, қазір қайда жүргенімді. Қазір мен - құрылысшымын. Құрылысшы болып жүріп, құрып барамын. Біз мигрант жұмысшылардан тұратын ұлт болмауымыз керек. Тәжікстандағы мұншалық көп жұмыс күшін неге пайдаланбасқа? Біз Ресейде үйлер, сарайлар, көшелер, фабрикалар салып жатырмыз. Неге осыларды Тәжікстанда салмасқа?»

Карим (немере ағайыны), 38 жаста, кімге дауыс беретінін айтпайды.

«Рахмонның қайта сайланатыны анық. Ол енді мынадай екі немесе үш бағытқа назар аударуы керек: жұмыс орындарын ашу, елді электр қуатымен қамтамасыз ету және сапалы медицина. Мамандардың сыртқа ағылуын тоқтату керек. Одан да маңыздысы - дәрігерлердің жалақысын көтермесе болмайды. Сонда ғана олар Тәжікстанда жұмыс істейді. Қазір біздің ең мықты дәрігерлер елден кетіп жатыр»

Фарангиз Наджибулла мен Фируз Бароттың мақаласын ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім.
XS
SM
MD
LG