Accessibility links

Бір кезде тәжік билігіне жақын адам саналған кәсіпкер Зайд Саидов енді 28 жылға сотталуы мүмкін. Азаттық тәжік магнатына тағылған айыптарды анықтап, кәсіпкердің ендігі тағдыры туралы сұрап білді.

Зайд Саидовты күнәдан пәк еді деп ешкім айта алмас, бірақ бір кездегі ықпалды тәжік магнаты жайлы тұрмысымен тез қоштасады деп те ешкім ойламаған.

«РЕФОРМА ЖАСАҒЫСЫ КЕЛДІ»

55 жастағы Саидов көптеген жылдар бойы Тәжікстан билігімен тіл табысып, өнеркәсіп министрі дәрежесіне дейін көтерілді.

Зайд Саидов пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон.

Зайд Саидов пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон.

Ол құрылыс, тоқыма, зергерлік бұйымдар мен жылжымайтын мүлік саудасын қамтитын алып бизнес-империяға жетекшілік етті.

Президент Эмомали Рахмонмен жақын қарым-қатынас жасайтын бұл кәсіпкерді кейбір адамдар оппозициялық қайраткер деп санайды.

Саидов Тәжікстан президенті сайлауына бірнеше ай қалғанда, осы жылдың көктемінде, «Жаңа Тәжікстан» партиясын құратыны туралы мәлімдеді. Осыдан кейін-ақ оның басына бұлт үйірілді.

Жаңа партия құратынын мәлімдеген Саидовты полиция 2013 жылы мамыр айында Душанбеде тұтқындады. Тағылған айып бірнешеу: «экономикалық қылмыс жасаған, көп әйел алған, алаяқтық жасаған, қыз зорлаған».

Осы айыптар бойынша сот басталған, үкімі осы апта шығуы тиіс. Прокурорлар кәсіпкерді 28 жылға соттауды сұрап отыр. Ал Саидов пен оның жақтастары «бұл істің саяси астары бар» дейді.

Тәжікстанда танымал тұлғалар туралы «Элита» журналы бар. Осы басылымның бас редакторы Далер Гуфронов «Билік Саидовтан қауіптенді» дейді.

- Саидов реформа жасағысы келді, ал үкімет реформаға дайын емес. Билік реформа аңсайтындардың көзін құртудың жеңіл жолын таңдады. Саидовты тұтқындады, - дейді ол.

Зайд Саидовтың тұтқындалуына қатысты Мәскеуде өткен қарсылық акциясы. 5 шілде 2013 жыл.

Зайд Саидовтың тұтқындалуына қатысты Мәскеуде өткен қарсылық акциясы. 5 шілде 2013 жыл.

Алайда алғашында жеңіл көрінгенімен, оның айыптарын «дәлделдеу» біраз машақат тудырды. Мәселен, бір қолы жоқ мүгедек болып туған Саидов «кәмелеттік жасқа толмаған қызды зорлаған және одан туған баласы бар» деген айып теріске шықты. Сот тағайындаған ДНҚ сараптамасы Саидов пен баланың арасында ешқандай байланыс жоқ екенін анықтады.

Прокурорлар Саидовты «төрт әйелмен тұрған, олардан он баласы бар» деп айыптаған еді. Саидовтың өзі «заң бойынша бір әйелі бар екенін, бірақ бұрынғы екі әйелі мен олардан туған балаларына материалдық көмек көрсетіп тұратынын» мәлімдеді.

Тәжікстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің мәлімдеуінше, «астанадағы ірі жобаларға қатысқан Саидовтың құрылыс фирмасы мемлекеттен 8 миллион доллардан астам қаржы жымқырған». Ал салық органдары «Саидовтың құрылыс компаниясы 5 миллион доллар шамасындағы салықты төлемеген» дейді.

«ОЛ - ОППОЗИЦИОНЕР ЕМЕС, КӘСІПКЕР»

Бірақ билік қудалап отырған Саидовты оппозициялық тұлға санамайтындар да бар. Мәселен, Душанбе тұрғыны, саясаттанушы Парвиз Муллоджанов:

- Тәжікстандағы «Ислам өркендеу» партиясына байланысы болғанына қарамастан, Саидов ешқашан шын оппозиционер болған емес. Ол - коммерциялық мүдде көздеген кәсіпкер, - дейді.

Кәсіпкер Зайд Саидовқа Тәжікстан вице-премьері Матлубхон Давлатов мемлекеттік марапат белгісін тапсырып тұр. Душанбе, 2010 жыл.

Кәсіпкер Зайд Саидовқа Тәжікстан вице-премьері Матлубхон Давлатов мемлекеттік марапат белгісін тапсырып тұр. Душанбе, 2010 жыл.

1999 жылы тәжік билігі мен ислам оппозициясы үкіметтегі орындарды бөлісіп, билікті бірге жүргізу туралы келісімге отырды. Бірақ бұдан соң бес жылға созылған азамат соғысы басталды. Осы кезде Саидов Тәжікстанның өнеркәсіп комитетін басқарды. Кейін өнеркәсіп министрі қызметіне көтеріліп, 2007 жылға дейін осы міндетті атқарды.

Осы уақытта Тәжікстанда мемлекеттік қызметкерлердің 30 пайызы оппозиция өкілдері болған еді. Солардың қатарындағы Саидов қарсы тараппен жақсы тіл табысты, президент Рахмонның кездесулері мен сапарларында бірге жүрді. Қызметтен кеткен соң іскерлік мүмкіндігі арта түсті. Тәжікстандағы ең биік ғимарат «Душанбе Плазаны» Саидов тұрғызды дейді.

Муллоджанов «Саидов оппозициялық партияны басқармақ болғаны үшін тұтқындалды» дегенге қарсы болжамдардың да бар екенін айтады.

- Кейбір адамдар қатер Саидовтың бизнесіне төнгенін айтады. Сондықтан ол бұл қауіпке саяси астар беру үшін «Жаңа Тәжікстан» партиясын құратынын мәлімдеді. Бірақ бұл болжамды дәлелдейтін айғақтар бізде жоқ, - дейді ол.

Муллоджановтың пікірінше, «Тәжікстан үкіметінің Саидовтан қауіптенгені немесе Ресей мүддесін көздегені (ұсталар алдында кәсіпкер Мәскеуге барып келген болатын) туралы болжамдар қате».

Саясаттанушы Парвиз Муллоджанов.

Саясаттанушы Парвиз Муллоджанов.

- Оның саяси амбициясы болуы мүмкін, бірақ ол ешқашан үкіметке қарсы шықпайды. Көптеген адамдар «Жаңа Тәжікстанның» үкіметтің арнайы жобасы екеніне сенеді, - дейді ол.

Тәжікстанда танымал кәсіпкерлерге күмәнді айыптар тағып, кәсібін тартып алу оқиғалары жиі болады. «Элитаның» бас редакторы Гуфронов Саидов та «Саидов та осы кепті киеді» дейді.

- Билік бір оқпен екі қоян атып отыр. Олар саяси қатерді жояды және коммерциялық табысқа ие болады, - деп болжайды Гуфронов.

Осы аптада бақылаушылар Саидовтың ісімен танысады. Бірақ жақтастары да, қарсыластары да оның жақын уақытта бостандыққа шығатынына сенбейді.

Фарангис Наджибулланың мақаласын аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG