Accessibility links

Тәжік әйелдері табыс табуға кеткен ерлерінен өздерінің "талақ" болғаны жайлы sms-ті жиі алатын болды


Тәжік еңбек мигранты Мәскеуден телефон арқылы отбасына sms жіберуде. 23 қыркүйек 2009 жыл.
Тәжік еңбек мигранты Мәскеуден телефон арқылы отбасына sms жіберуде. 23 қыркүйек 2009 жыл.

Ел заңдары бойынша некенің дін жолымен қиылуы да, бұзылуы да мойындалмаса да, тәжіктің еңбек мигранттары телефон арқылы «талақ» деген сөзді sms-пен жіберу - елде қалған әйелімен ажырасуға жеткілікті деп есептейді. Осылайша оларға озық технологияны шариғат заңдарын жүзеге асыруға қолдану тиімді болып тұр.


ТЕЛЕФОН АРҚЫЛЫ ТАЛАҚ ЕТУ - КҮЙЕУЛЕРГЕ ТИІМДІ


Тәжікстанның шығысандағы Рашт аймағында тұратын 25 жастағы Азиза Қобилова таяуда күйеуінен ажырасу жөнінде хабар алды. Төрт жылғы некенің бұзылғандығы Қобилова үшін күтпеген жағдай еді.

Ресейде жұмыс істейтін оның күйеуі алдымен Азизаға телефон шалып, ажырасатындығын айтқан. Мұны растау үшін ол әйеліне телефон арқылы sms-пен «талақ» деп жазыпты. Суннит мұсылмандардың дәстүрі бойынша «ажырасу» дегенді білдіретін бұл сөзді айту арқылы некені бұзуға болады. Мұсылман дәстүрінде әйелін тастағысы келетін еркек "талақ" деп үш рет қайталап айтса жеткілікті деп есептеледі.

Қобилованың күйеуінің ерлі-зайыптық некелерін бұзуға заманауи технологияны пайдаланып, sms хабарлама жіберуі оны үй-күйсіз қалдырды. Қобилова Тәжікстанда мұндай жағдайға тап болып отырған жалғыз әйел емес екен.

Бұл елде жұмыссыздық кең етек жайғандықтан көптеген тәжік ер - азаматтары маусымдық жұмыс іздеу үшін шетелге аттанады. Бірақ олардың арасында sms арқылы некелерін бұзу әдісін пайдаланатындар елдегі ажырасу деңгейінің өсуіне ықпал етіп, тәжік әйелдерін шарасыз жағдайда қалдыруда.

Күйеуімен телефон арқылы ажырасқан Қобилова қазір төркініне қайтып барып, әке-шешесімен және үш бауырымен тұрып жатыр.

ТАЛАҚ ӘЙЕЛДЕР ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ КІНӘЛАЙДЫ

«Күйеуім менің көңілімді қалдырды бірақ мен бұған еңбек миграциясын айыптап отырмын. Осыдан төрт жыл бұрын үйленсек те, біз тек бірнеше ай ғана бірге тұрдық. Ол негізінен Ресейде жұмыс істеді. Мәскеудегі мигранттар ақшадан басқа ешнәрсені көрмей, үйлеріндегі әйелдерін ұмытып жатыр», - дейді Азиза Қобилова.

Болжамдарға сәйкес, бір миллионға жуық тәжік азаматы Ресей мен тағы басқа елдерде маусымдық жұмыстар істеуге мәжбүр.. Шетелге жұмыс істеуге кеткен мигранттар ұзақ уақыт бойы еліне оралмайды, ал бұл өз кезегінде Тәжікстандағы ерлі-зайыптылық өмірге теріс әсер етуде дейді әйелдердің құқықтарын қорғаушы белсенділер.

Тәжікстанда ажырасу деңгейі туралы нақты ресми мәліметтер жоқ, бірақ адвокат Бахтиер Насруллоевтың пайымдауынша, некелердің кемінде 25 пайызы, яғни 4 некенің бірі сәтсіздікке ұшырайды. Бұл көрсеткіш АҚШ сияқты елдердегімен салыстырғанда төмен деп есептеледі.

Дегенмен де 1990-шы жылдарда жарияланған ресми деректермен салыстырғанда Тәжікстандағы ажырасу деңгейі жоғарылаған. Сол кездері бұл көрсеткіш 8 пайыз болған.

ТӘЖІКСТАН ЗАҢДАРЫНДА ТАЛАҚ ЕТУ ЗАҢДЫ АЖЫРАСУ ДЕП ҚАРАСТЫРЫЛМАҒАН

Тәжікстандағы жастар мешітке барып, неке қидырады немесе ресми түрде үйленеді. Алайда Тәжікстан заңы бойынша діни әдет-ғұрып негізінде қиылған некелер ресми түрде мойындалмайды. Сол сияқты Тәжікстан заңы «талақты» заңды ажырасу деп танымайды. Ресми түрде үйленгендер некелерін заңды жолмен тоқтатуы тиіс.

Алайда шын мәнінде жағдай өзгеше дейді адвокат Насруллоев. «Зайырлы қоғам заңдарына қарамастан, іс жүзінде көптеген мигрант ер азаматтары телефон арқылы «талақ» деп, әйелдерімен өздеріне тиімді жолмен ажырасуда. Өкінішке қарай мұндай жағдайда әйелдер көп нәрсе жасай алмайды»,- дейді Насруллоев.

Тәжікстанның отбасы мен ажырасу туралы кодексі техникалық жағынан Совет кезіндегі заңға негізделген. Отбасындағы ортақ мүліктерді тең бөлісу, балаға төленетін алиментті талап ету сияқты әйелдердің құқықтары ресми қорғалған.

АЖЫРАСҚАН КҮЙЕУЛЕРДІ ТАБУДЫҢ ӨЗІ ҚИЫН

Алайда Насруллоевтың айтуынша, жүздеген жағдайда күйеулерінен sms-пен «талақ» деген сөзді алған келіншектер заңды түрде ажырасу туралы арыз тапсырғанда, олар тағы бір қиындыққа тап болады.

«Мұндай жағдайда соттар ажырасу үдерісін бастай алмайды. Заңға сәйкес, күйеуі сот арқылы ажырасу үдерісінің басталғандығы туралы ресми түрде хабарландырылуы тиіс», - дейді Насруллоев.

Бірақ sms арқылы ажырасу туралы хабар алған әйелдер көп жағдайда шетелде тұратын күйеулерінің нақты мекен-жайын білмейді. Ажырасқысы келетін мигранттар некелік мәртебесі жөніндегі мөртаңбасы қойылмаған жаңа паспорт алып жатады дейді заңгерлер.

Душанбедегі Гендерлік саясат бойынша үкіметтік емес ұйымының негізін қалаушы Мәриям Давлатованың айтуынша, көптеген тәжік әйелдері, әсіресе ауылды жерлердегілер ажырасу үдерісіндегі құқықтарын білмейді, сол үшін ер адамдардың көбі осыны пайдаланады.

Ал елдің солтүстігіндегі Суғд аймағында тұратын мұғалім Султона Алиева мигранттардың жағдайын кедейлікпен байланыстырып, «егер ер азаматтар үшін елімізде жұмыс мүмкіндіктері болғанда, олар Ресейге бармас еді» деп атап көрсетті.
XS
SM
MD
LG