Accessibility links

«Талибан» Кундуздағы әйелдер радиосын жойды


Ауғанстандық радио қызметкері. (Көрнекі сурет)

Ауғанстандық радио қызметкері. (Көрнекі сурет)

Ауғанстандағы Кундуз қаласын басып алысымен «Талибан» содырлары қаладағы әйелдер жүргізетін танымал радиостанция кеңсесін тонап, ғимаратты өртеп жіберген.

Ауғанстанның солтүстігіндегі Кундуз қаласын «Талибан» жасағы бірнеше апта бойы қоршауда ұстап тұрғанда, қаладағы әйелдер басқарып, жүргізетін «Рошани» теле және радиостанция қызметкерлері әдеттегідей кеңселеріне келіп, күнделікті жұмыстарын істеп жүрген еді.

«Талибан» содырлары 28 қыркүйекте қалаға басып кіргенде көп жұрт абдырап қалды. Солардың бірі – «Рошани» радиосының директоры, 35 жастағы Седиқа Шерзай.

Кундуз уәлаятында полицияның қолға түскен көлігін мініп жүрген қарулы содырлар. Ауғанстан, 1 қазан 2015 жыл.

Кундуз уәлаятында полицияның қолға түскен көлігін мініп жүрген қарулы содырлар. Ауғанстан, 1 қазан 2015 жыл.

– «Талибан» шабуылын таң азанда бастады. Оған дейін біз атыс қаланың сыртында болады, үкімет әскері оларды кері қарай шегінуге мәжбүр етеді деп үміттенгенбіз, - дейді ол.

Бірақ оқиға басқаша өрбіп, «Талибан» қарулы жасағы Кундузды басып алды. Содырлар ең алдымен «Рошани» радиосы орналасқан ғимаратты от қойып, өртеп жіберген.

Сөйтіп Седиқа Шерзай 2008 жылы ашқан радиостанцияның барлық дүние-мүлкі жойылды. Әйтеуір радио қызметкерлері аман: олар тегіс сыртқа шығып үлгерген.

РЕДАКЦИЯНЫ ТОНАУ

Кундуз қаласына «Талибан» шабуылы болатын күні, басқа тұрғындар сияқты Седиқа Шерзай да ертемен үйінен жұмысқа қарай шыққан. Бірақ айналада болып жатқан жағдайдан бір өзгерістің барын сезіпті. Атыс қатты естіліп, төңіректе сарбаздар мен танкілер қаптап жүрген.

– Радиостанция бірнеше үкімет ғимаратының қасында орналасқан, соған жақын тұстағы полиция мекемесінің маңында атыс жүріп жатты, - дейді Седиқа.

Ғимаратқа кіріп бара жатқан қарулы адамдарды байқаған Седиқа Шерзай жұмыс орнына кіре алмайтынын түсініп, шұғыл әрекетке көшкен.

– Жұмыста отырған әріптестеріме телефон шалып, «тез кеңседен шығып, менің үйіме келіңдер» деп айттым, - деп еске алады радио жетекшісі.

Кундузда қарулы содырлар тартып алған кейбір электрондық құралдар. Ауғанстан, 1 қазан 2015 жыл.

Кундузда қарулы содырлар тартып алған кейбір электрондық құралдар. Ауғанстан, 1 қазан 2015 жыл.

Осылайша, «Рошани» радиосында қызмет істейтін тоғыз әйел от пен оқтан аман қалған. Атыс-шабыстың арасынан қашқан олар тездетіп қала сыртына шығып үлгерген.

Күйеуі, қызы және екі әріптесімен бірге Седиқа Шерзай Кабулға кетуді ұйғарған. Қалған қызметкерлер жақын маңдағы Балх және Тахар аймақтарына жол тартқан.

– Көрген кісілердің айтуынша, содырлар ғимаратқа от қоймас бұрын оның ішіндегі құрал-жабдықты алып кетіпті. Құралдардың көбі жап-жаңа болатын, тіпті кейбірі қорабынан да шығарылмаған еді, - дейді Шерзай.

«БОЛАШАҚҚА СЕНІМ АЗАЙДЫ»

Қысқа толқында хабар тарататын «Рошани» радиосы ел ішіне кең танылған соң Седиқа Шерзай осыдан екі ай бұрын ғана жаңадан телеарна ашқан болатын.

Радио да, телеарна да әйелдер мен жастар мәселелеріне көбірек көңіл бөліп, Кундуз қаласына және жақын маңдағы Чардарах, Ханабад, Алиабад аудандарына әлеумет, мәдениет, спорт тақырыптарына арналған хабарлар таратып келген.

Радио басшысы «Талибан» содырларының талан-таражына түскен жаңа құрал-жабдықтар қазанның басында ашылады деп жоспарланған тренинг-орталығы үшін алынғанын айтады.

«Талибан» жасағымен шайқас болған жерлердің бірі. Кундуз, Ауғанстан, 5 қазан 2015 жыл.

«Талибан» жасағымен шайқас болған жерлердің бірі. Кундуз, Ауғанстан, 5 қазан 2015 жыл.

– Әйелдерге видео түсіруді және оны монтаждауды үйретпекші едік. Жекеменшік компаниямен келісім-шартқа отырып, қажетті жабдықтардың барлығын сатып алып та қойғанбыз, - дейді Седиқа Шерзай.

Ауған күштері бірнеше күннен соң Кундуз қаласын қайтадан өз бақылауына алды, бірақ онда атыс әлі жалғасып жатыр. Кундуз – АҚШ бастаған халықаралық коалиция Ауғанстанда «Талибан» билігін құлатып, қарулы күштерін талқандаған 2001 жылдан бері осы елде содырлар құрсауына түсіп отырған алғашқы ірі қала. Бұл оқиғадан соң Седиқа Шерзайдың болашаққа деген сенімі азайған.

– Ары қарай не болатынын білмеймін, - дейді ол.

«ТАЛИБАН» ҚҰРЫМАЙ КУНДУЗҒА ҚАЙТПАЙМЫЗ»

Ауғанстан журналистерінің орталығы, «Шекарасыз тілшілер», Amnesty International ұйымдары «Талибан» содырларының Кундуздағы «Рошани» радиосының редакциясын талқандағанын айыптады.

«Шекарасыз тілшілер» ұйымының мәліметі бойынша, «Талибан» шабуылынан соң журналистердің көбі Кундуздан кетіп қалған және бес радио, үш телеарна мен бес газет жұмыстарын тоқтатқан.

«Талибан» біздің Кундузда әйелдердің ақпарат құралын қалыптастыру жолындағы талай жылғы еңбегімізді еш қылды.

Седиқа Шерзай қазір Кундуздағы жағдайды үреймен бақылап отыр.

– Үкімет күштері Кундузды толық қайтарған күннің өзінде олар «Талибанды» бұл аймақтан түп-орнымен жойып, біздің қауіпсіздігімізге кепілдік бермейінше, мен де, менің әріптестерім де қалаға қайта алмаймыз, - дейді радио басшысы.

Седиқа қалаға қайтып барған соң да ауыр күндер болатынын ойлап күйзеледі.

– «Талибан» біздің Кундузда әйелдердің ақпарат құралын қалыптастыру жолындағы талай жылғы еңбегімізді еш қылды. Қалада жағдай бұрынғы қалпына келген соң барлығын қайтадан жаңадан бастауға тура келеді, - дейді «Рошани» радиосының басшысы Седиқа Шейзан.

(Фарангиз Наджибулланың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG