Accessibility links

Татарстанның билік орындары балаларды жер астында жылусыз, күн сәулесінсіз және желдеткішсіз жасырын ұстап келген топты анықтады.

Діни ағымның төрт өкілі балаларды он жыл бойы жертөледе заңсыз, ешқандай жағдай жасамай мәжбүрлеп ұстады деп айыпталып отыр. Оларды Татарстан полициясы Қазан қаласының маңында таяуда бас мүфти мен оның бұрынғы орынбасарына жасалған қастандықты тексеру аясында кездейсоқ тапқан.

ЖЕРТӨЛЕДЕ ТҰРЫП КЕЛГЕНДЕРДІҢ ЖАРТЫСЫ - БАЛАЛАР

Кейбір хабарларға қарағанда, ағымның 83 жастағы жетекшісі Файзрахман Саттаров балаларға озбырлық жасаған.

Саттаровтың үйіне тінту жасаған құқық қорғау органы қызметкерлері сегіз қабаттан тұратын жер асты тұрағын тапқан. Жеке-жеке бөлмелерге бөлінген тұрақта 70 адам тұрып келген. Оның 27-сі жас бала болса, 38-і – ересектер.

Балалардың кейбірі жер астында туған және өмірінде жер бетіне шығып көрмеген. Ең кішкентайы бір жарым жаста болып шықты.

Балалардың арасындағы ең үлкені – 17 жастағы қыз медициналық тексеруге жіберілген кезде ауыр аяқ екені анықталған.

Полицейлер қазір балаларға басқа да зорлық-зомбылық жасалғанын тексеріп жатыр.

АҒЫМ МҮШЕЛЕРІНІҢ ҮСТІНЕН ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Үш қабатты, жарты ай бейнеленген күмбезі бар ғимарат аумағы 700 шаршы метр жерді құрайды.
Полицияның жаппай тұтқындауына наразылық танытып тұрған татар мұсылмандар. Қазан, 5 тамыз 2012 жыл

Полицияның жаппай тұтқындауына наразылық танытып тұрған татар мұсылмандар. Қазан, 5 тамыз 2012 жыл


Татарстан полициясы ғимараттың заңсыз салынғанын және оның бұзылатынын айтады.

Прокурорлар ағым мүшелерінің үстінен қылмыстық іс қозғады. Олардың айтуынша, егер діни топ өз мүшелеріне медициналық көмекке жүгіну немесе білім алуға рұқсат етпей, заңсыз қызметін жалғастыра беретін болса, таратылады.

Сот әуелі кейбір балалардың ата-аналарымен бірге қалатын, я қалмайтынын шешпекші. Бірақ өздерін «муамминдер» (араб тілінде – «сенуші», «мумин» сөзінің көп ше түрі – ред.) деп атайтын кейбір ата-аналардың өзі балаларға зорлық-зомбылық жасады деп айыпталғандар қатарында.

АҒЫМНЫҢ ПАЙДА БОЛУ ТАРИХЫ

Ресейлік Islam News сайтының жазуынша, Файзрахман Саттаров 1960 жылдары троллейбус сымынан ұшқындаған электр жарқылын Құдайдан түскен аян деп қабылдап, өзін пайғамбар деп жариялаған.

Ал «Вести» телеарнасы ағым туралы хабарында Саттаровтың өз үйін тәуелсіз ислам мемлекеті деп жариялаған дейді. Саттаров бұған қоса 1970 жылдары Татарстанның наиб-имамы болған делінеді.

Саттаров жақтастарына өзінің қолжазбаларын оқуға үгіттеген. Дәрігерге қаралуға және білім алуға тыйым салған.

«Файзрахманшылар» деп аталып кеткен ағым мүшелері Ресей заңдарын және Татарстан мүфтиятының өкілетін мойындамайды.

Ресми орындар ағым мүшелерінің мүфти мен оның бұрынғы орынбасарына жасалған қастандыққа қатысы барын дәлелдейтін айғақтар жоқ екенін мәлімдеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG