Accessibility links

Республика атын өзгерту идеясы Татарстанда қарсылық туғызды


Татар жастары. Татарстан, 17 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Татар жастары. Татарстан, 17 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Қарашаның 16-сы күні «Известия» газетіне Ресейдегі республикалардың атауын өзгерту туралы мақала шықты. Jamestown.org басылымы осы мәселеге орай Татарстан тұрғындарының пікірін зерттеген.

Jamestown.org-тің 21 қарашада жазуынша, Ресей Федерациясындағы республикалардың атауын өзгерту туралы ұсыныс Татарстан халқын екіге жарған. Бұл ұсыныс бойынша республиканың жаңа атауында ұлттың аты болмауы керек.

«ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨРЛЕУДІ ЖЫЛДАМДАТУ»

Мақала авторы «Татар халқы «этникалық құқығының бұзылғанын» айтып, бұл ұсынысты қабылдамай отырғанын, ал Татарстанда тұратын этникалық орыстар «Татарстан атауын «Қазан Республикасы» деп өзгерту нәсілшілдік проблемасын жойып, елдің экономикалық өрлеуіне игі ықпалын тигізеді» деп ойлайтынын жазған.
Дағыстан Экономика және саясат институтының ректоры Абдул-Насир Дибиров. Сурет Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасынан алынды.

Дағыстан Экономика және саясат институтының ректоры Абдул-Насир Дибиров. Сурет Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасынан алынды.


Автор Ресейдегі республикалардың атауын өзгерту туралы мақала өткен аптада (қарашаның 16-сы күні) «Известия» газетінде жарық көргенін, идеяның авторы - Дағыстан экономика және саясат институтының ректоры Абдул-Насир Дибиров екенін айта кеткен.

Дибиров мақаласында «Ресейдің барлық республикалары - көп ұлтты. Жалғыз ұлттың атын атап, басқаларын бөтен етіп қою дұрыс емес. Кейбір ұлтшыл топтар ұлт атауларын өз мүдделеріне пайдаланып, тіпті тәуелсіздік алғысы келеді. Татарстан республикасындағы халықтың 53-ақ пайызы - татарлар, қалғандары - орыстар немесе орыс тілді халық. Бұл республикаға Қазан қаласының есімін берген дұрыс» деген.

Басылымның жазуынша, бұл идея татар халқының шамына тигенмен, этникалық орыстарға ұнаған. Орыстар «Қазан» атауы екі халық үшін де түсінікті» дейді.

«БАРЛЫҚ ҚАЛА РЕСПУБЛИКАҒА АЙНАЛСЫН»

Осы мәселеге орай автор Татарстандағы мемлекеттік кеңестің екі мүшесінің пікірін сұраған. Бірақ екі шенеунік те пікір білдіруден бас тартқан. Олардың біреуі - татар, екіншісі - этникалық орыс. Олар саяси астары бар, даулы проблемаға араласуға құлықты емес. Бірақ татар халқының кейбір өкілдері бұл мәселеге орай пікірлерін ашық білдірген.
Татар жастары би билеп жүр. Татарстан, 17 қараша 2012 жыл.

Татар жастары би билеп жүр. Татарстан, 17 қараша 2012 жыл.


Мемлекеттік кеңестің тағы бір депутаты Марат Хайруллиннің пікірінше, «Ресейдегі республикалардың ұлт атымен аталуы - қалыпты нәрсе».

- Ресей елі орыс халқының атымен аталғаны сияқты Татарстан да татар атымен аталады. Бұл жерде ешкімнің құқығы тапталып тұрған жоқ, - дейді ол.

Мақала авторы Татарстанда қызу талқыланып жатқан жаңа проблемаға байланысты елдегі танымал тұлғалардың пікірлерін салыстырып берген.

Ресей думасына Татарстан атынан депутат болған Фандас Сафиуллин де Татарстан атауын ауыстыруға қарсы. Сафиуллин «Дибиров БҰҰ мен Ресей конституциясына қарсы шықты» дейді.

- БҰҰ-ның ережесі бойынша ұлттардың құқығы - негізгі мәселе. Егер де басқа республика атауларындағы ұлттық атаулар алынатын болса, онда Ресейдің әрбір қаласы көлеміне қарай өзін республика деп жариялай алады. Онда елде Чистополе немесе Нижнекамск деген республикалар пайда болады, - дейді ол.

«ОРЫНСЫЗ КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕ»

Татарстандағы «Звезда Поволжья» газетінің бас редакторы Рашид Ахметов:

- Татарстанда ұлтшылдық проблемасының асқынып бара жатқанына ешқандай дәлел жоқ, - дейді.

Оның ойынша, керісінше «мұндай идеялар барлық республикалардағы ұлтшылдықтың қозуына түрткі болады».

Татарстан жастар одағының президенті Наиль Набиуллин:

- Республикадағы халықтар Ресейден бөлінуді ойламайды деп кім айтты? Халықаралық заңдар бойынша өзін өзі анықтау құқығы бізге кіммен және қалай өмір сүретінімізді өзіміз шешуге мүмкіндік береді. Ұлттардың тәуелсіздік үшін күресі келешекте де жалғаса береді, - деді.
Халықаралық заңдар бойынша өзін өзі анықтау құқығы бізге кіммен және қалай өмір сүретінімізді өзіміз шешуге мүмкіндік береді. Ұлттардың тәуелсіздік үшін күресі келешекте де жалғаса береді.


«Парнас» партиясының өкілі Марсель Шамсутдиновтың ойынша, «Қазіргі саяси-әлеуметтік жағдайда бұл мәселе маңызды болса да, мезгілінде қозғалып отырған жоқ».

Татарстандағы кейбір ұйымдардың басшылары Дибировтың идеясын «арандату әрекеті» деп те атады.

Ал «Қазан азаматтық одағының» директоры, этникалық орыс Михаил Шаровтың ойынша, «Ресей құрамындағы республика атауларын өзгерту - дұрыс шешім».

- Ұлттық республикаларды тарату керек. Ұсақ ұлттарға қатысты пайда болған проблемаларды шешу мүмкін емес, - дейді ол.

Jamestown.org «Шаровтың пікірін Қазан қаласындағы орыс тарихшысы Дмитрий Орлов та қолдады» деп жазады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG