Accessibility links

Татарстан полициясының «тұтқын азаптауы» көбейді


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет
Татарстандағы тергеушілер «Полиция бөлімшесіндегі азаптау туралы видеоны тексеріп жатырмыз» дейді.

Жергілікті құқық қорғаушылар жариялаған бұл видео - Татарстан полициясының адам азаптайтыны туралы жанжалды үдетіп жіберді.

ҚАУІПСІЗДІК КАМЕРАСЫНЫҢ ВИДЕОСЫ

Азаттық тілшілері Наил Хиисамиев пен Клэйер Биг мәселенің мән-жайын тексерді.

Видеода тар камерада жалғыз ер адам отыр. Бірнеше адам камераға кіріп, оны еденге жатқызып, қолдарын қайырып, кісендейді. Одан кейін оның аяқтарын да байлап, кісенге жалғайды да камерадан шығып кетеді. Біраз уақыт өткен соң бір адам қайтып келіп, тұтқынның аяқ, қолын шешеді. Жансыз денені аударып, шалқасынан жатқызады.

YouTube-ке жарияланған видеоны мына жерден көре аласыз:



Құқық қорғаушылар интернетте жариялаған бұл видео Дроздовтың өлімін зерттеген тергеушілердің уәжін теріске шығарады. Полиция қызметкерлерінің ақпан айында Қазан қаласындағы полиция бөлімшесінде Павел Дроздовты қалай азаптағаны осы видеода көрініп тұр. Ал тергеушілердің айтуынша, 45 жастағы Дроздовтың түрмеде қайтыс болуына оның сырқаты себеп болған.

Бұған дейін Татарстанда полиция тепкісінен қайтыс болған басқа бір тұтқынның дауы шыққан еді. Сол дау енді басылып келе жатқанда Дроздовтың видеосы жарияланды Татарстан басшылары тағы да шұғыл тергеу жүргізуге уәде берді. Аймақтық тергеу комитетінің баспасөз хатшысы Эльвира Газизова:

- Тергеу басшылары интернеттегі видеоға байланысты тағы да қосымша тергеу ісін ұйымдастырып жатыр, - деді.
Қазан қаласындағы темір жол техникумының директор орынбасары Павел Дроздов. Ол Қазан қаласындағы полиция бөлімшесінде қайтыс болған.
Қазан қаласындағы темір жол техникумының директор орынбасары Павел Дроздов. Ол Қазан қаласындағы полиция бөлімшесінде қайтыс болған.

Павел Дроздов кафеде мас боп төбелескені үшін қамалған. Ол - Қазан қаласындағы темір жол техникумының директоры орынбасары, төрт баланың әкесі. Медициналық сараптама бойынша Дроздов ұйқы безінің қабынуынан қайтыс болған. Алайда туыстары білегінде кісеннің қажаған ізі мен денесінде көгерген дақтардың болғанын айтады. Осы оқиға бойынша олар қылмыстық іс қозғауға арыз да жазған. Бірақ нәтиже шыққан жоқ.

Дроздовтың видеосын қолға түсірген - Қазандағы адам құқығын қорғау орталығының мүшелері. YouTube-ке жариялаған да солар.

- Бұл видео-айғақ тергеушілердің қолына бірнеше ай бұрын түссе де, іске тіркелмеген, - деп таң қалады орталық өкілі.

Орталықтың хатшысы Булат Мухамеджанов:

- Тергеу комитеті интернетте жарияланған видеоны тексереміз деп өтірік айтады. Бұл - жәй екіжүзділік. Тергеушілер мен полиция бұл видео-материалды қарап шығуға келіскен себебі - оны полиция бөлімшесіндегі қауіпсіздік камерасы түсіріп алған, - дейді.

«ҚАРЛЫҒАШ», «ҚОЛТЫРАУЫН» ЖӘНЕ «ПІЛДІҢ БАЛАСЫ»

Сергей Назаров қаза тапқан Қазан қаласындағы "Дальний" полиция бөлімшесі. Татарстан, 12 наурыз 2012 жыл.
Сергей Назаров қаза тапқан Қазан қаласындағы "Дальний" полиция бөлімшесі. Татарстан, 12 наурыз 2012 жыл.
Татарстан полициясы азаптаудан қаза тапқан Сергей Назаровтың өлімінен соң, қатаң бақылауға алынған. 52 жастағы Назаров наурыз айында Қазандағы полиция бөлімшесінде соққыдан өлді. Тіпті полицейлер оны шампан шөлмегімен зорлап қинаған. Оның қазасы да Қазан полициясы туралы үлкен дау шығарған.

Сот өткен айда екі полицейдің біреуін - екі жылға, екіншісін екі жарым жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Олардан бөлек, тағы да тоғыз қызметкер сотын күтіп отыр.

Адам құқығын қорғаушылар «Татарстан күдіктіні мойындату үшін қатігез әдістер мен азаптау тәсілдерін жиі қолданатын Ресейдегі жалғыз ел емес» дейді. «Агора» үкіметтік емес ұйымының басшысы Павел Чиков:

- Татарстанның басқа аймақтардан жалғыз артықшылығы - мұнда полицияның азаптауына қарсы күресетін адвокаттар бар. Осы адвокаттардың арқасында бұл істер бұқараға мәлім болды. Бірақ бұл елдегі полицияның қаталдығы - қалыпты құбылыс, - дейді.
Татарстанның басқа аймақтардан артықшылығы - полицияның азаптауына қарсы күресетін адвокаттар бар. Осы адвокаттардың арқасында бұл істер бұқараға мәлім болды.

Дроздовқа қолданған азаптау әдісін полицейлер өзара «қарлығаш» деп атайды. Бұл әдісті қолданғанда адамның буындары қақсап, білектеріне қан бармай, тіпті кейде адамның иығы шығып та кетеді. Одан басқа «қолтырауын» деген де әдіс бар. Күдіктіні жерге жатқызып, аяқ қолдарын жан-жаққа созып, тартып тастайды. «Пілдің баласы» деген де әдіс бар. Тұтқынның басына газдан қорғайтын тұмылдырық кигізіп, ауа келетін түтікті жауып тастап, тұншықтырады.

Құқық қорғаушылар «2011 жылы президент Дмитрий Медведевтің үлкен жарнамамен жасаған полиция реформасының заңсыз әрекеттерді тоқтатуға әсері болмады» деп санайды.

Назаровтың өліміне байланысты жанжал басталғанда қызметінен кетуге мәжбүр болған Татарстанның бұрынғы ішкі істер министрі Асгат Сафаров бұл күндері Татарстан премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарып отыр.
XS
SM
MD
LG