Accessibility links

Татар қызына «ұлтшылдар» қоқан-лоқы жасап отыр


Эльмира Абдразакованың «Ресей аруы» атанған сәті. Мәскеу, 2 наурыз 2013 жыл.

Эльмира Абдразакованың «Ресей аруы» атанған сәті. Мәскеу, 2 наурыз 2013 жыл.

Эльмира Абдразакова өткен апта «Ресей аруы» атанды. Бірақ оның қуанышы су сепкендей басылды. Ол ұлты татар болғаны үшін Ресейдегі әсіреұлтшылдардан жеккөрінішке толы мыңдаған хаттар алған.

Он сегізге жаңа толған Эльмира Абдразакованың анасы - орыс, әкесі - татар. Әдетте Ресей ресми түрде көпұлтты, көп мәдениетті ел екенін мақтан тұтады. Сондықтан Кемерово облысының өкілі Эльмира Абдразакованың 2013 жылғы «Ресей аруы» атағын алуы заңдылық сияқты. Бірақ Абдразакованың қуанышын онлайн хаттар су сепкендей басты.

«РЕСЕЙДІҢ АТЫНАН БАСҚА ҰЛТТАР ШЫҚПАСЫН»

Жеңіске жеткен бірнеше сағаттан соң оның әлеуметтік желідегі парақшасына жеккөрінішке толы мыңдаған хаттар келіп түскен. Олар орыс әсіреұлтшылдарының жазғандары болып шыққан. Ұлтшылдар Абдразаковадан әлеуметтік медиа желісін жабуды талап етеді.

Мысалы бір Ресей азаматы «татарлар мен тау және жазықтағы этникалық шорлардың сұлулық сайысына қатысуына тыйым салу керек» десе, екінші біреуі «сыған әйел Ресейді әлемге танытуға лайық емес» деп жазады.

Осындай хаттар көбейген соң Абдразакова vk.com желісіндегі парақшасын жабуға мәжбүр болған. Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында ол «бұдан ары арандатушылыққа жол бермес үшін» желідегі парақшасын жапқанын айтқан.

Оның айтуынша, «пікірлер расизм мен әсіреұлтшылдыққа толы». Бірақ Эльмира ел алдында жүрген адамдардың теріс пікірге де дайын болуы керектігін айтып, болашақта әлеуметтік желідегі парақшасын қайта ашудан үмітті екенін білдірді.

Эльмира Абдразакованың 2013 жылғы «Ресей аруы» атанған сәтін мына видеодан көре аласыз:



ҰЛТШЫЛДЫҚ ДЕРТІНІҢ АСҚЫНУЫ

Абдразакованың жеңісіне қарсы реакциялар Ресейдегі ұлтшылдық дертінің асқынуымен қатар келіп отыр. Ұлтшыл казактар жақында Мәскеу көшелерін күзету міндетін өз мойындарына алатынын мәлімдеді. Казактар Pussy Riot тобы Мәскеудегі ғибадатханаға кіріп, Путинге қарсы ән салғаннан кейін проваславие шіркеулерін де күзетуге уәде берген.

«Ресей аруы» атағына ие болған Абдразакова 100 мың АҚШ доллары мөлшерінде сыйақы алып, оған арнайы стипендия тағайындалды. Енді ол «Әлем аруы» мен «Жер аруы-2013» сайысына Ресейдің атынан барады.

Кемерова облысының губернаторы Аман Тулеев Абдразаковаға аймақ атынан медаль тағып, бір бөлмелі пәтердің кілтін сыйлады. Тулеев Абдразакованың анасына «Ана айбыны» деген медаль беріп, 50 мың рубль (1 мың 630 доллар) сыйақы тапсырды.

«Ресей аруы» байқауында екінші орын алған Ирина Туманова - Калмыкия (Ресей Федерациясы құрамындағы республика - ред.) тумасы. Оған ешкім қоқан-лоқы жасамаған.

2004 жылы татар қызы Диана Зарипова да «Ресей аруы» атағын алғанда ешкім тиіспеген еді.

Ал өткен айда 21 жастағы татар қызы Дина Гарипова «Евровидение-2013» ән сайысында Ресейдің атынан Швецияға барды. Оның әлеуметтік желісіне шабуыл жасамаса да, интернетке пікір жазғандар «жұлдыз болуға лайық түрі, менталитеті, қайраты жоқ» деген жазбалар қалдырған.

2012 жылғы Ресей аруы Наталья Переверзева Филиппинде өткен «Жер аруы-2012» (Miss Earth 2012) байқауына қатысып, Ресей жайлы ешкім күтпеген саяси пікірімен әлемді өзіне қаратқан еді. Ол Ресейдің «сараң да әділетсіз әрі имансыз адамдардың тонауына түсіп, қасіреттен жапа шегіп жатқанын» «Жер аруы» байқауының сахнасында тұрып мәлімдеген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG