Accessibility links

«Тюльпан»


Қисық, қазақ блогері.
Қисық, қазақ блогері.

«Тюльпан» фильмі – үйге «Адасқандардың» артынан келген кино. Сол баяғы екі жыл бұрын елдің емешегі езіліп көріп алған, ал мен көре алмай қалған, жұрттың аузында жүрген отандық фильмдердің бірі. Қарадым. Ой қорыттым. Енді Сіздерге арнап ревью жазып отырмын («Алда, айналайын-ай!» деп көзіңізді бір шылап аласыз осы жерде).


«Тюльпан». Шыққан жылы – 2008. Шығарған елдер – Германия-Қазақстан. Сонымен қатар, Ресей, Швейцария, Польша елдері де ат салысқан. Режиссері – Сергей Дворцевой. Сценаристері – Сергей Дворцевой, Геннадий Островский. Бюджеті – €1 500 000. Басты рөлдерде – Асхат Күшеншереков, Төлепберген Байсақалов, Оңдасын Бесікбасов, Самал Еслямова, Береке Тұрғанбаева және басқалар. Ұзақтығы – 100 минут.

Қысқаша мазмұны: Теңізде әскери борышын өтеген Асхат (Аса) есімді жігіт туған Бетпақдаласына оралады. Болашағынан үміті зор жігіт әпкесі Самал мен жездесі Оңдастың үйінде, солардың үш баласына қосылып тұрып жатады. Жеке үй, қора-жайға қол жеткізесін деген ойын «Үйлен, әйтпесе саған бір қора қой берілмейді» дейтін шарт быт-шытын шығарады. Жүздеген километр радиуста Тюльпан есімді қыздан басқа бір шүйкебас жоқ.

Алайда ол «ешкі қыз» да «қалқанқұлақсың» деп, күйеуге шығудан бас тартады. Досы Бони мен жездесі қыздың әке-шешесінің асты-үстіне қанша түссе де, қабағы қатулы ана, қырсыққан қыз оң сыңай таныта қоймайды… Асаның (Асхатты солай дейді кинода) үйдегі жағдайы да мәз емес, жездесі оны «жұмысты дұрыс істемейсің» деп шұқылайды да жүреді, себебі бас кейіпкер біресе қойды үркітіп алады, біресе бір нәрсені бүлдіріп алады, әйтеуір жоқ жерден бір проблема жасап жүреді. Ақыр соңында бәріне ыза болған, бәрінен көңілі қалған Асхат досының айтқанына көніп, екеуі қалаға кетпек болады, бірақ…кетіп бара жатқан жерінен қайтады.

Құрғақ ақпарат, эмоциясыз сөз осы.

КӨҢІЛГЕ ТИГЕН КӨРІНІСТЕР


Енді көңілге тиген көріністерді айтсам.

Жалпы, маған бұл кино туралы өз ойларымды білдіру өте қиынға соқты. Айтайын деген сөзім бір-бірімен байланыспай, қабыспай, жабыспай, табыспай, араласпай қинады. Бастаған істі мыжғылай беретін әдетім бар еді, Сіздерге арнап бастап қойған соң, Сіздерге арнап бітірейін дедім.

«Тюльпан», менің түсінігімде, көркем фильм стилінде түсірген документальды шығарма. Оңтүстік Қазақстан облысының Бетпақдаласында түсірілген киноның, әдеттегідей, операторлық түсіру шеберлігіне назар аудардым. Польшаның мынау деген маманы Йоланта Дылевска басқарған операторлар тобы өз жұмыстарын жақсы атқарған секілді. Кейбіреулердің «камера селкілдеді» деп таққан айыбы – фильмнің ерекшелігінен.

Германия мен Швейцарияда «әрлеу-сырлау» жұмыстары жүрген, ал Ресейден Сергей Дворцевой, Геннадий Островский, тағы басқа кино саласының өкілдері ат салысқан. Біздің жақ «отандық кино» деп кеуде соққанмен, ресейлік сайттар «Канн фестивалінде «Ерекше көзқарас» байқауында гран-при алған біздің алғашқы фильм» деп мақтанып жатты. Өйтетін де жөндері бар секілді, себебі «Тюльпанның» әлемдік 35 түрлі киножарыстарға қатысып, «Ең үздік шетелдік фильм» номинациясы бойынша ең көп жүлделер жинағаны – ең бірінші, режиссер Сергей Дворцевойдың еңбегі.

Каннға барып оны, Токиоға барып мұны жапырып келген шығарма шын мәнінде таңдануға тұрарлық. Рас, бұл кино сізге ұнауы, я ұнамауы мүмкін, алайда көрген кезде бей-жай қалмасыңыз анық. Өзім ондай тұрмыста өспеген соң, алғашында «ох, әкең..., мына біздің қазақтарды қалай-қалай түсірген!» деген суық ой сумаңдап-ақ еді, шөл даланың шет жағасын көрген үлкендердің «мә, мына киноны көріп, жастығымды көргендей болдым-ау» дегенін естіп, бір сәт «қой, ей» дедім. Ар жағын қаузасам, әлгі сумаң ойдың астында бүгіліп-бүгіліп басқа идеялар жатыр екен.

“О не ой? О не ой?” дегенге бассаңыз, айтайын – фильм туралы мен екіұдай әсер алыппын. Соны талдап, таразылап, сараптап, саралап көрсек:

ЕРЕКШЕЛІКТЕР

Бір сұхбатында кино проюдессері Гүлнәр Сәрсенова «фильмге тек бір ғана кәсіби актер (менің ойымша, Төлепберген Байсақалов. Анау ше, «Бақсыда», “Трубадурда” ойнайтын) қатысты, ал қалғандары мұндай мамандыққа араластығы жоқ жандар мен Бетпақдаланың жергілікті тұрғындары болды» дейді. Егер бұл сөз рас болса, онда шын мәнінде таңдай қағуға тұрарлық. Шынымды айтсам, өзім бұған аздап сеніңкіремеймін (жақсы мағынада). Себебі, бас кейіпкерден бастап, бұтына шыбықты ат қылып мініп, «Аға, аға, Алматыға барамыз ба?» деп жүретін балаға дейін рөлдерін тамаша алып шыққан.

Фильм кейіпкерлері екі тілде сөйлейді («Ғашық жүректі» еске алыңыз). «Түлпәнның» әке-шешесі, Асаның жездесі, жездесінің бастығы, ветеринар, кішкентай балалар ана тілінде «общатся» етсе, Асаның өзі, әпкесі Самал, досы Бони екі тілде бірдей сайрайды. Әрине, айдаладағы жалғыз үйде ол неғылған орыс тілі деп таңдануыңыз (ұлтжанды болсаңыз, тіпті, ұрысуыңыз) мүмкін, алайда сондай шетте (бірақ дала емес, тау арасында) малды жерде, таза қазақтардың арасында өскен жолдасымның орысқолды екенін мысал етіп алдарыңызға тарта қойсам, айып етпессіз, себебі өмірде ондай кездеседі екен.

Пейзаж. Мә, мен анадай кадрларды сирек көріппін. Операторға – «5»! Малдың өріске шығуы, түйелер, неше шақырым аумақта отырған жалғыз үйдің тыныс-тіршілігі, құлазыған, шеті-шегі жоқ, бірақ жүрекке сондай ыстық қу дала – бәрі-бәрі керемет түсірілген. Айтқандай, фильмде қойдың қоздағанын бас-аяғына дейін толық көрсетеді.

Фильмнің мәні, мағынасы. «Тюльпан» мен көрген арт-хаус кинолардың арасындағы бірегейі болды. Сонша жыл Ресей флотында «шагайттап» келген жігіттің кейбіреулер үшін ит байласа тұрғысыз жерін сағынып, алып-ұшып жетіп, жағасының артына салынған (Әбеке, білмейсің бе, не дейді ол жерді? Матростар киетін киімнің жағасының арты) арман-суретін жүзеге асыруға деген құлшынысы, қала мен даланың біреуін таңдау кезіндегі ой арпалысы, қызға деген сезімін білдіруі өте жақсы шыққан. Арманға қол жеткізу оңай емес, бірақ шын талпынған адамға оны ойдан іске асыруғаа мүмкіндік бар – фильмнен менің түсінгенім осы.

КЕЙІПКЕРЛЕР

Аса – Асхат Күшеншереков. Актер емес, жұмысқа жаңа кірісіп жүрген режиссер екен. Тура мамандығы бойынша қандай деңгейге ие екенін біле алмадық, алайда әртіс ретінде өз рөлін тәп-тәуір сомдаған. Әскерден орысша сөйлеп келгендерді көріп едік, сондай адамның психологиясын Асхат әдемі шығарыпты.

Бони – Төлепберген Байсақалов. Ооо, енді бұл рөл нағыз феномен! Төкеңе бас идім. Союздің кезінде өсіп, тәуелсіздікке жігіттік шағында жеткен, трактор айдайтын, онысына жалаңаш қыздардың суретін айналдыра жапсырып тастайтын (именно сол кездегі вкусының қыздары), «Бони-М» тобын тыңдайтын («Сале!» деп өлең айтып жүреді), орысша сөйлейтін, араққа кет әрі емес, өзінше қу, пысық адамның рөлі шынайы шыққандығы соншалық, фильмді тек сол үшін ғана көруге болады деп айтар едім. Рас, ол кейіпкер ретінде Сізге ұнамауы мүмкін, алайда осыған жетудің өзі актердің шеберлігіне байланысты екендігіне таласпайтын шығарсыз. Мәселен, бір эпизодта Бони жалаңаш денесіне галстук тағып көріп жүреді. Онысы жай жындылық емес, шын мәнінде сөйтетін адамның кейпінде шыққан. Шығара білген.

Самал – Самал Еслямова. Көзі ашық, көкірегі ояу, орысша айтсақ «адекватная». Тек күйбең тұрмыстың қолынан шыға алмай қалған. Бауыры мен күйеуі ұрсысқан кезде жанын қоярға жер таппайды. Осындай кездердің бірінде жылайтын тұсы бар. «Е-мое» дедім. Кім айтады Самалды әртіс емес деп?!

Оңдас – Оңдасын Бесікбасов. Шаруасына мығым, «малмен бірге мал болған» (тым қатты түсінбеңіз, малға қарап, соның қиына араласып кеткен адамдарды осылай атаушы еді) жан. Дөкірлеу, бірақ қазақы мінезді, туыс алдындағы борышын сезінеді (Асаға қыз сұрап баратын жері бар люстрасын ұстап). Актердың рөлі аса қиын емес шығар, бірақ басқалардың қатарында өз рөлін ойдағыдай ойнап шыққанын ескерсек, тағы тамаша деуге тура келеді.

Тюльпанның әке-шешесі. Бұл кісісілердің рөлін бір мықты адамдар ойнаған екен. Тура сондай жандарды көргенім бар еді. Әкесі қызын техникумға жібергісі жоқ, күйеуге бергісі-ақ келеді, алайда қабағынан қар жауып отырған әйелі оған қарсы. Екеуінің репликалары адамды күйдіреді әрі күлдіреді. Ең бір «колоритный» кейіпкерлер.

Оңдастың бастығы мен ветеринар. Бастығы экранда көп көрінбейді енді. Ал ветеринар тіпті де бір-ақ жерде бар. Бірақ ол кісі ерекше атап өтуге тұратын актер (емес). Түріне қарап, сол маңайдағы шын ветврачты әкеле салған ба дейсің (бәлкім, солай да шығар). Енесінен қашып, ботаны мотоциклдің люлкасына салып алып зытатын жері де керемет.

Оңдас пен Самалдың балалары. Үшеуіне де – «5». Қыздың дауысы жақсы екен. Оның функциясы өлең айту болды. Үлкен ұлы малға болысады, «Қазақ радиосын» тыңдап, естіген жаңалықтарын әкесіне кешке сөзбе-сөз айтып береді. Айдалада, өз күндерін өздері көріп жатқан үйде, мұнай бағасына байланысты, ел үкіметіне байланысты жаңалықтардың айтылуы фильм жасаушылар тарапынан тапқырлық болған.

Тюльпан. Тюльпанның бір рет мұрнын, екі рет арқасын көрсетеді. Болды. Бұл да бір ерекшелік.

Ұнамағаны – киноның сұрғылттығы. Рас, даламыз сондай, фильмнің атмосферасы сондай, алайда адамның көңіліне біртүрлі әсер етеді екен.

Ал, жалпы, көрмесеңіз, «көріңіз» деп кеңес беремін. Жоғарыда айтқандай немқұрайды қалмайсыз. Мақтап па, ұрсып па, әйтеуір бірдеңені осы посттың астына жазып кетесіз.

http://qisyq.wordpress.com/
XS
SM
MD
LG