Accessibility links

Қазан қаласында мұсылман фильмдері фестивалі ашылды


Мұсылман фильмдері фестивалінің белгісі. Қазан, 4 тамыз 2010 жыл.

Мұсылман фильмдері фестивалінің белгісі. Қазан, 4 тамыз 2010 жыл.

Татарстан астанасында 6-11 қыркүйек аралығында мұсылман фильмдерінің VII халықаралық фестивалі өтіп жатыр. Онда мұсылман елдерінің ғана емес, басқа конфессиялардың да кинолары көрсетіледі.


Фестиваль ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл кинофорумның мақсаты – мұсылман елдердің фильмдерін үлкен экранға шығарып, діни ғана емес, адами құндылықтарды да дәріптеу.

МҰСЫЛМАН КИНОСЫ ФЕСТИВАЛІ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Мұсылман фильмдерінің халықаралық кино фестивалін өткізу әлемде 2001 жылғы АҚШ-тағы террорлық шабуылдардан кейін ислам аты терроризмге қатысты жиі айтылып, мұсылмандарға кері көзқарас қалыптаса бастаған кезде (2005 жылдары) ислам дінінің құндылықтарын таныту үшін ұйымдастырылған.

Алғашында Ресей мұсылмандары бас мүфтиінің бастамасымен ашылған
Мұсылман фильмдері фестивалінің өткен жылғы ашылуы. Қазан, 15 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

бұл фестиваль «Алтын мінбер» деп аталып, мұсылман кинолары арқылы діни төзімділік, ата-анаға құрмет, туыстық сезімдер мен ислам мен рухани құндылықтарды танытуға тырысқан.

ҚАЗАН ФЕСТИВАЛІНДЕГІ ҚАЗАҚ ФИЛЬМІ

Қазандағы мұсылман фильмдері фестиваліне Қазақстаннан режиссер Мерғалым Есіргеповтің «Адамға қанша жер қажет?» деген фильмі қатысып отыр. Фильмнің сценариін де өзі жазған Есіргепов орыс жазушысы Лев Толстойдың «Адамға қанша жер қажет?» әңгімесін бүгінгі заманға сай экрандапты. Онда рухани жағынан азып, материалдық игіліктерді жоғары қойған адам өмірі астарлы түрде баяндалады екен.

Мұсылман фильмдері фестивалін ұйымдастырушылар байқауға қатысуға өтініш берушілер саны жылдан-жылға артып келе жатқанын, бұл фестиваль Қазан қаласының бетке ұстар мәдени шарасына айналғанын айтады.

«Байқауға туындыларды қабылдағанда автордың діни сеніміне қарамаймыз. Жалпыға бірдей адамгершілік және діни құндылықтар, діни төзімділік пен мәдени дәстүрлерді танытуы негізге алынады» дейді ұйымдастырушылар.

«МҰСЫЛМАН ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫНА ҚАЙШЫ» АКТРИСАЛАР

Азаттық радиосы татар-башқұрт қызметінің Қазан қаласындағы тілшісі Римма Бикмухаметова «мұсылман фильмдері фестивалі деп аталғанымен, ашылу салтанатына шақырылатын құрметті қонақтар қатарында эротикалық фильмдерге түсіп аты шыққан актрисалар бар»
Фестивальдің ашылу салтанаты. 15 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

дейді. Оның ойынша, бұл «фестивальдің атына сай емес».

– Мұсылман фильмдерінің фестивалі дегенде бәрі мұсылмандық негізде болуы керек. Бірақ соңғы жылдары фестивальге эротикалық фильмдерімен танылған актриса Ольга Кабо мен Арнэлла Мути сияқты мұсылман құндылықтарына мүлдем қайшы келетін актрисалар шақырылып келеді, – дейді журналист.

Фестивальді ұйымдастырушылар «мұсылман фильмдері байқауы - тек ислам дінін ұстанушылар ғана емес, барлық дін өкілдеріне арналған халықаралық шара» деген уәж айтады.

Бұл фестивальге Орталық Азия мемлекеттері, Иран, Судан, Түркия, Малайзия, Филиппин, АҚШ, Франция, Германия және Австралия қатысып келеді.

«АРАЛАСАТЫН ОРЫН»

Татарстан мәдениет министрлігінің жетекші маманы Владимир Николаев бұл фестиваль мұсылман елдері өкілдері аралас-құралас болатын жері деп біледі.

– Дәстүрлі исламды ұстанатын адамдардың дінмен қатар мәдениеті, өнері, өз киносы бар. Міне, олар өз киноларын көрсететін жер жоқтың қасы. Сондықтан олар бізге бар ықыластарымен келеді. Оларға өзара араласып, білісу өте маңызды, – дейді ол Азаттық радиосының орыс қызметіне берген сұқбатында.

Татарлар «бұл фестивальдің әлемдегі басқа кино байқаулардан ерекшелігі – мұсылман фильмдерін көрсетуі» екенін, фестиваль барысында қонақтарға
Марапаттау сәтінен көрініс. Қазан, 19 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

жайылған дастарханға тек халал тағамдар қойылып, ішімдік берілмейтінін айтады.

Биыл байқауға түсетін 39 кино іріктеліп алынған. VII Қазан кинофестивалінің бағдарлама директоры Ильшат Латыповтың айтуынша, ресейлік режиссердің «Чужая мать» («Бөтен ана») деген фильмі көпшіліктің назарына ілігіп отыр.

– «Чужая мать» – толық метражды фильм. Біз осы фильмді байқауға шақырдық. Бұл фильм осыдан бірнеше жыл бұрынғы режиссер Владимир Хосиненконы «Мұсылман» деген фильмінен кейінгі ең мықты фильм болайын деп тұр, – дейді ол.

«Кино байқау басталмай тұрып-ақ көпшіліктің жоғары бағасын алып жатыр» деп Латыпов меңзеген фильм – мұсылман ананың террорлық ұйымға кіріп кеткен қызы жайлы екен.

Фестивальден тыс бағдарлама бойынша тағы 15 фильм көрсетіледі. Кино өндірісі дами қоймаған елдердің кино мектебін насихаттайтын екі бағдарлама жүргізіледі. Онда Өзбекстан мен Татарстанның кинематографтары өз туындыларын ұсынады. Келесі жылы бұл фестиваль Қазақстан мен Қырғызстандағы кино өндірісін насихаттамақ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG