Accessibility links

Татарлар ана тілін поэзия мен ән арқылы жандандырмақ


Алия Сабирова, журналист, әнші, қоғамдық белсенді. Қазан
Алия Сабирова, журналист, әнші, қоғамдық белсенді. Қазан

Сәуірдің 26-сы - Татарстанда ана тілі күні. Татар тілі мен мәдениеті Ресей мен Батыстың орасан ықпалына ұшыраса да, татарлар мәдениетін сақтап қалуға күш салып отыр.


Азаттық радиосы татар-башқұр қызметінің тілшісі Индира Биктемирова Қазан қаласында кішкентай қызына ана тілін үйретуді көздеген жас ананың тәжірибесі туралы баяндайды.

АНА ТІЛІНЕ БАУЛУ ТӘСІЛІ

Журналист Алия Сабирова үш жасар қызы Суфияға кітап оқып беріп, ана тіліне баулуды жан-жануарлар әлемінен бастайды екен. Ол тілді қызына сиыр қалай мөңірейді, қой қалай маңырайды, түйе қалай боздайды деген жатық та тартымды тәсілмен үйретеді.

35 жастағы Сабирова өте биязы болғанымен өзінің ерік-жігерін Татарстан мәдениетін сақтап қалуға жұмсаған өнер иесі. Ол Ресей, Азия және Батыстың ғаламдық ықпалына тап болған татар мәдениеті мен тілін жандандыруды қандай да бір қысымсыз жүзеге асыруды көздейді.
Алия Сабирова мен Рафис Чамдиханов, "Мен татарша сөйлеймін" акциясын өткізіп тұр. Қазан, 26 сәуір 2008 жыл

Алия Сабирова – журналист, блоггер, әнші әрі ұлт мәдениетінің белсенді насихаттаушысы. Ол Ресейде аз ұлт өкілі ретінде тұрып жатқанымен үш баласының бойына ана тілі мен мәдениетін дарытуға тырысады.

Сабирова суретші күйеуімен бірге «Өзіміз» атты шығармашылық ұжымын құрған. Олар татар жастары арасында ұлттық мәдениеттің жаңа түрін жаңғыртуды мақсат етеді. Бұл топ бейсаяси мәселелермен айналысып, жастарды аштық акциясынан гөрі мүшәйра арқылы көзқарас білдіруге шақырады.

ТАТАР ТІЛІ КҮНІНЕ ДАЙЫНДЫҚ

Сабирова мен оның достары құрған «Өзіміз» шығармашылық тобы қазіргі таңда 20-ғасырдың ақыны, татар тілінің атасы аталып кеткен Ғабдолла Тоқайдың туған күніне арналған гала-концертке дайындалып жатыр. Сәуірдің 26-ы Татарстанда қазіргі заманғы татар әдебиетінің негізін қалаған Тоқайдың ғана туған күні емес, татар тілі мерекесі деп аталып кеткен.

Татар тілі күнінде айтылатын Тоқайдың сөзіне жазылған “О, менің ана тілім!” деген әні айтылып, елдің бейресми әнұранына айналып кеткен.

Сабирова өзін “реалистпін” ұлттық мәдениет пен тілді біреуге мәжбүрлі түрде үйретіп жатқан жоқпын дегенімен, бұл саланың жұмысын жандандыруға, жұрттың ел мәдениетіне тартылуына үлес қосып келеді.
Татар тілін қолдаушы халық наразылық акциясын өткізіп тұр. Қазан, 16 сәуір 2011 жыл

«Татарлардың ерекшелігін сақтап қалатын жалғыз жолы – мәдениет. Біз дәл қазір саяси тәуелсіздік туралы ештеңе айтып отырған жоқпыз. Бірақ біз өзіміздің жеке мәдени тәуелсіздігімізді құра аламыз. Татар мәдениеті орыс мәдениетінен мүлдем бөлек. Сол себепті біз жастарды өзіміз жасап жатқан шараларға тартып, мәдениетімізді танытамыз».

Журналист Алсу Исмагилева жақын досы Алия Сабированың ұлттық тілі мен мәдениетіне деген шынайы көңілін мақтан тұтады:

«Алия өте сезімтал адам, мұндай адамдар үшін өмір сондай қатыгез, қиын болып жатады. Бірақ Алия өнерге деген рухы мықты татар әйелдерінің бірі. Ол бір нәрсені бастаса, шын көңілімен барын салып жасайды. Сондықтан, оның өмірде жолы болады».

ТАТАРЛАРДЫҢ 94 ПАЙЫЗЫ АНА ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙДІ

Ресей, Украина, Орталық Азия, Польша, Қытай, Финляндия және Түркияда 7 миллионнан аса адам татар тілінде сөйлейді. Түркі тілдес татар тіліне ғасырлар бойы араб, парсы және орыс тілдерінің ықпалы болған.

Совет одағы кезінде татар тілінің қолданысы тым аз болып, татар тілінде білім алу мәселесі қиын болып келген. Бірақ соған қарамастан 2002 жылы Ресейде өткен халық санағында этникалық татарлардың 94 пайызы ана тілінде сөйлейміз деп мәлімдеген.

Сабирова мен оның күйеуі Қазан қаласынан 400 шақырымдай жердегі Актаныш аймағында туып-өскен. Ол өз замандастары сияқты Қазан мемлекеттік университетіне түсіп, орыс тілі филологиясын оқыған. Одан кейін Мәскеуде бірнеше жыл тұрған Сабирова отбасымен Қазан қаласына қайтып оралған.

ЕҢ БАСТЫСЫ - АНА ТІЛДІ ЖАҚСЫ КӨРУ

Совет одағы құлағаннан кейін Татарстанда балалар бастауыш және орта білімді татар тілінде алғанымен, жоғары оқу орнындағы білімін татар тілінде жалғастыра алмайды. Емтихандар Ресейдің білім жүйесі бойынша орыс тілінде өтіп, татар тілінде күні бойы оқытатын университеттер жоқ.

Сабирова өзінің қызын татар мектебіне бергенімен, кейінірек шектеулі мүмкіндіктерді ескеріп, өмірге шынайы көзбен қарай келе қызын орыс мектебіне ауыстырған. Ол ең бастысы қызым ана тілін ұмытпаса болды дейді:

«Жалпы мен қызымды орыс мектебіне ауыстырғаныма өкінбеймін. Балаларыма ана тілдерін жақсы көрудің басқа да жолдарын үйреттім».
Татар балаларының фестиваліне шақырған плакат. Қазан, 2011 жыл

Сабирова мен оның «Өзіміз» шығармашылық тобының мақсаты өнер арқылы жастарды ана тілге де, ұлттық мәдениетке де баулу болып табылады. Сабирова сальса мен румба билеріне ыңғайлап татар ақындарының өлең жолдарына жазылған әндері арқылы жастарды тартып танымал болып отыр. Тіпті татар тіліндегі рэпперлер ежелден келе жатқан ана тілінің өміршеңдігін байқатады.

Татар тілі жойылып бара жатқан тілдер санатына жатпайды, десе де алда тұрған бірнеше мәселеле бар. Сабирова қазіргі таңда үш жасар қызына Диснейдің принцессасы сияқты сыртқы ықпалдар әсер етіп жатқанын айтады. Бірақ ол оған шек қойғысы келмейді. Себебі Сабированың пікірінше, балаларды татар болғаны үшін ғана татар тілінде сөйлеуге мәжбүрлемей, ән мен жыр арқылы тілін дамытып, өз мәдениетіне деген құрметін арттыруға болады.
XS
SM
MD
LG