Accessibility links

Интерпол Параскевичті іздеуді тоқтатпады


Татьяна Параскевич. Прага, 27 наурыз 2014 жыл.

Татьяна Параскевич. Прага, 27 наурыз 2014 жыл.

Чехия билігі Мұхтар Әблязовтің ісіне қатысты қуғындалған Татьяна Параскевичке халықаралық қорғау құқығын берсе де, Интерпол оны іздеу тізімінен алған жоқ.

Польшада орналасқан «Open Dialog Foundation» (ODF) қоры оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің ісіне қатысты ұсталып, кейін босатылған Ресей азаматы Татьяна Параскевичтің Интерполдың іздеу тізімінен алынбағанын хабарлап, халықаралық ұйымдарға үндеу жолдады.

Ресей банкирі Татьяна Параскевичті Ресей мен Украина билігі «Мұхтар Әблязовтің «қылмыстық тобымен» сыбайласып, «БТА банкінен» миллиондаған долларды жымқырған» деп айыптайды. 2002 жылы Қазақстаннан қоныс аударған 49 жастағы Ресей азаматы Параскевич Әблязовпен байланысты «Еуразия» инвестициялық-өнеркәсіптік топ» компаниясының қаржы-есеп басқармасын басқарған. Қазақстандағы авторитарлық режимнің негізгі сыншысы болғандықтан, Еуропа құқық қорғаушылары Мұхтар Әблязовке қатысты оқиғаларды жіті бақылап отыр.

ODF ұйымы биылғы жылдың 18 ақпанында Чехия ішкі істер министрлігі Параскевичке бір жылға саяси баспана түріндегі халықаралық қорғау тағайындағанын, ал наурыз айында Чехия әділет министрі Параскевичті Украинаға бермеу туралы шешім шығарып, оны қамаудан босатқанын айтады. Ал наурыздың соңында Пльзень қаласының соты Параскевичтің халықаралық қорғауда екенін ескеріп, оны Ресейге экстрадициялаудан да бас тартқан.

«Open Dialog Foundation» қоры Чехия билігі Параскевичке халықаралық қорғау құқығын беріп, оны Ресей мен Украинаға тапсырудан бас тартса да Интерполдың оны іздеу тізімінен алмағанын айтады.

Бостандыққа шыққаны туралы баспасөз мәслихатында Татьяна Параскевич көзіне жас алды. Прага, 27 наурыз 2014 жыл.

Бостандыққа шыққаны туралы баспасөз мәслихатында Татьяна Параскевич көзіне жас алды. Прага, 27 наурыз 2014 жыл.

«31 наурызда Параскевичтің адвокаты Марина Махиткова Интерполға оны халықаралық іздеуден алып тастауды сұрап хат жазған. Бірақ Интерпол іздеуді тоқтатпағандықтан, Параскевич халықаралық қорғау құқығы болса да Чехия аумағынан шығып еркін қозғала алмайды» дейді ұйым.

Қор осыған байланысты Украина бас прокуратурасын Татьяна Параскевичке халықаралық іздеу жариялау және оны экстрадициялау туралы өтінішін қайтарып алуға, Интерполды Параскевичті халықаралық іздеуде жүргендер тізімінен шығарып тастауға шақырған.

ODF бұған қоса Германия билігін Параскевичті Шенген ақпараттық жүйесіндегі «қара тізімнен» шығаруды да сұрайды. Ұйым Германия Параскевичті Шенген аймағының «қара тізіміне» 2012 жылы қосқанын айтады. «Қара тізім» мерзімі 2015 жылдың сәуіріне дейін созылатындықтан, Параскевич халықаралық қорғау құқығы мерзімін создыра алмайды» дейді ұйым үндеуінде.

Бұған дейін Amnesty International халықаралық құқыққорғау ұйымы Татьяна Параскевич Украинаға немесе Ресейге экстрадицияланса, одан ары қарай Қазақстанға тапсырылып, азапталуы және әділетсіз түрде сотталуы мүмкін деп мәлімдеген.

БТА банк директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязов 2013 жылдың жазынан бері Францияның оңтүстігіндегі түрмеде отыр. Қазақстан, Ресей мен Украина оны қолына түсіргісі келеді. Қазақстан билігі оны «БТА банктен» алты миллиард доллар жымқырды» деп айыптайды. Украина мен Ресей де оған «қаржы алаяқтығын жасаған» деген күдікпен іздеу салып отыр. Әблязов өзіне қарсы айыптаулардың «саяси астары барын» айтып келеді. Францияның Лион қаласының соты Мұхтар Әблязовты Украинаға экстрадициялау жөніндегі мәселе бойынша отырысын осы аптаның аяғына белгілеген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG