Accessibility links

Велосипед шлемі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін шығар, бірақ олар ешқашанда сәнді бұйым саналған емес. Соны ескерген екі студент кәдімгі шлемді алмастыратын қауіпсіздік жастығын ойлап тапты.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін велосипед шлемін басқалар көрмейтіндей етіп киюге де болады екен.

ЫҢҒАЙЛЫ ӘРІ СӘНДІ

Шведтік екі аспирант қыз адамның басын кездейсоқ соққыдан қорғайтын қауіпсіздік жастығын велосипедке отырғанда да қолдануға болатынын дәлелдеді.

2005 жылы өндірістік дизайн мамандығы бойынша оқитын екі студент Тереза Алстин (Terese Alstin) мен Анна Хаупт (Anna Haupt) бірлесіп магистрлік диссертация жаза бастайды. Сол кезде олар «велосипедшілерге арналған қауіпсіздік жастығын жасау» туралы идея көтереді.

Тереза Алстиннің айтуынша, Hovding баскиімі дәстүрлі велосипед шлемін кигенде туатын қолайсыздықтардан құтқарады.

- Нарықты зерттегенде қазіргі шлемдер кейбір адамдардың жеке стилі мен шаш үлгісіне кедергі келтіреді. Көп адам оны кигенде осындай артық проблемалар тумағанын қалайды, - дейді ол.

Hovding өнімі киімнің жағасы сияқты. Оны мойынға іле саласыз. Ал материалдың астында велосипедшінің оқыс қимылдарын бақылайтын тетіктер бар. Оны жасаушылар тетіктердің велосипедшіні жазатайым оқиғалардан сақтандыратынын айтады.

Апат болған жағдайда қауіпсіздік жастығының ішіне ауа толады да, көзді ашып-жұмғанша велосипедшінің басына киіле қалады, солайша оны соққыдан қорғайды.

Шлемнің қалай іске қосылатынын YouTube желісіне жарияланған мына видеодан көре аласыз:



Жағадағы «қара жәшікке» велосипедте отырған адамның қозғалысы жазылады, апаттан кейін оны қайтадан көріп, талдауға мүмкіндік бар.

Батереядан қуат алатын құрылғы көптеген соққыларға төтеп береді, бірақ бір рет ашылған соң қайтадан қолдануға жарамайды.

Алстиннің айтуынша, қауіпсіздік жастығы бар технология велосипедшінің басын дәстүрлі шлемнен жақсы қорғайды.

- Қауіпсіздік жастығы технологиясының арқасында велосипедке арналған мүлдем жаңа қауіпсіздік стандартын ойлап таптық. Кәдімгі шлеммен салыстырғанда ол 3-4 есе қатты соққыға шыдайды, - дейді ол.

МЕДИЦИНАЛЫҚ МАҚСАТТА ПАЙДАЛАНУ

Hovding компаниясының дерегіне сүйенсек, 2011 жылдың соңында мыңдаған Hovding қауіпсіздік жастығы сатылған. Оған Мальме компаниясының веб-сайты арқылы тапсырыс беруге болады және Солтүстік Еуропа, Швейцария мен Түркияның 250-ден астам бөлшек сауда дүкендерінде сатылады.

Әртүрлі үлгіде шығарылатын өнім 399 еуро (550 АҚШ доллары) шамасында бағаланады, яғни қарапайым шлемнен бірнеше есе қымбат. Өздері сатып алған бұйымның сыртқы түрін өзгерту үшін тұтынушылар қосымша 59 еуро (80 доллар) төлейді. Hovding өнімі бір апат кезінде бірнеше соққыға төтеп береді.

Алстин компанияның технологияны басқа мақсатта қолдану үшін дамыта түсетіндерін айтады.

- Өнім шыққалы бері адамдар жиі хабарласып, ұсыныстарын айтып жатыр. Оны қолдануға қатысты ұсыныстың бірі –эпилепсия сырқатына шалдыққан жандарға арнап пайдалану. Бұйымды сатып алған сырқат жандар құрылғының пайдасы тигенін айтады. Әрине, қазіргі өнім тек велосипедшілерге арналған. Болашақта өнімді жаңа салаларда қолдану үшін дамытуды көздеп отырмыз: мұзда сырғанау мен шаңғы тебу сияқты спорт түрлері мен медициналық мақсатта қолдану да жоспарда бар, - дейді ол.

Шілде айында АҚШ-тың эпилепсияға қарсы күрес қоры «Эпилепсияға қатысты жаңалық: сапа белгісі» атты номинация бойынша марапаттап, Hovding компаниясының жобасына арнап 25 мың доллар грант бөлді.

Антуан Блуаның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG