Accessibility links

Террормен күрестің ескерілмеген сабағы


Шәміл Басаев.
Шәміл Басаев.

Ресейде «№1 террроршы» атанған атышулы Шәміл Басаевтың қаза тапқанына он жыл болды. Ресей билігі оның өлімін террормен күрестегі шешуші оқиға деп атаған.

«№1 террроршы» Шәміл Басаевтың көзін жою (басқа мәліметтер бойынша ол өзін-өзі жарып жіберген) операциясы 2006 жылы 10 шілдеде орындалған. Ингушетия республикасындағы Экажево ауылы маңында Шәміл Басаевқа еріп жүрген қару-жарақ пен жарылғыш зат тиелген КАМАЗ көлігі жарылған.

1995 жылы Буденновскідегі содырлар шабуылын Шәміл Басаев басқарған. 2002 жылы қазанда Дубровкадағы театр ғимаратын басып алғанда да, Грозныйда үкімет үйінің жанында жарылғыш толы жүк көлігін жарғанда да, 2004 жылы Бесландағы мектепте балаларды кепілдікке алғанда да бұл терактілердің барлығына жауапкершілікті Шәміл Басаев өзіне алған. Оның мойнында бұдан да басқа қанды оқиғалардың жауапкершілігі бар.

Шәміл Басаев (сол жақта) пен Ахмат Қадыров.
Шәміл Басаев (сол жақта) пен Ахмат Қадыров.

Шәміл Басаевты көзі тірісінде бірнеше рет «өлді» деп жариялаған. Мұндай ақпарат ең алғаш 1995 жылы тарады. Одан соң Басаевты 2000, 2002 және 2005 жылдары да «өлтірген». Ал 2006 жылы Басаевтың расымен өлгені анықталған соң Ресей басшылығы оны террормен күрестегі шешуші оқиға деп атаған. 2004-2007 жылдары Шешенстан президенті болған Алу Алханов оқиғаның ертесінде-ақ Шәміл Басаевтың көзін жою «республика аумағындағы террорға қарсы операцияның қорытындысын шығарады» деген еді.

Сол тұста Ресей қорғаныс министрі болған Сергей Иванов: «Террористің жойылғаны – банданың күлі көкке ұшты деген сөз емес. Алда жұмыс көп. Ол жұмыс жүріп те жатыр. Дегенмен, Басаевтың өлтірілуі – шешуші оқиға. Ол біздің бен Ладен болатын», – деген еді.

«Московский комсомолец» газетінің шолушысы Вадим Речкалов Шәміл Басаевтың көзін жою операциясы былайша суреттейді: «Қару тиелген жүк көлігі Басаевтың жүретін жолымен оған қарай жақындады, онда алыстан іске қосуға болатын жарылғыш орнатылған. Меніңше, ол жүк көлігіне міне бергенде не оған жақын барғанда жарып жіберген. Жақын маңда бірде-бір чекистің болмағаны, олардың он сағаттан соң бір-ақ келгені де ФСБ (Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі – ред.) нұсқасын растап тұр. Себебі, Ингушетия – халық өте тығыз орналасқан республика. Егер онда ФСБ қызметкері Басаев өлерден бұрын барып қойса, ақпарат лезде тарауы да мүмкін еді. Сондықтан олар алыста болып, артынан бір-ақ келген. Басаевты жоюға атсалысқан адам да ол жерден кетіп үлгеруі үшін олар біраз уақыт өз жеңістерін жарияламай күтіп отырды».

Ал «Мемориал» адам құқықтарын қорғау орталығы кеңесінің төрағасы Александр Черкасов оқиғаның өзгеше вариантын ұсынады:

Александр Черкасов.
Александр Черкасов.

– 2006 жылы 10 шілдеде Шәміл Басаев қаза тапқан соң арнайы қызмет террористің көзін жою операциясы сәтті аяқталғанын хабарлаған. Дегенмен, әріптестеріммен барып Басаев өлген жерді қарап көргенде байқаған ұсақ детальдарға көз салсақ, бұл біздің күштік құрылымдар үшін күтпеген тосын сый болғанға ұқсайды.

– Оны неден байқадыңыз?

– Егер бұл жоспарлы операция болса, онда Басаев өлген жерді мұқият қарап, заттай айғақ болады-ау деген нәрселердің барлығын алып кеткен болар еді. Оқиға орнына келген тергеу тобы ол жерді қоршамаған да, қажет нәрсенің бәрін жинамаған да. Жарылыстан соң ол жерде әдетте шабуылдаушы ұшақтар мен тікұшақтарда қолданылатын жүздеген реактивті снаряд шашылып қалған. Тұрғындарға қауіп төндіріп, маңайда шашылып жатқан ол снарядтарды жинамаған. Жүргізушіміз республикалық ОМОН-ға хабарласып, олар жарылыс болған жерге саперларын жіберді. Саперлар біраз күн бойы диқаншылар құсап әлгі жерді кезіп жүріп реактивті снарядтарды бір-бірлеп жарды. Снарядтардың бір ерекшелігі – барлығы қолдан жіберуге лайықталған. Оларға изолентаның көмегімен сым жалғанған, демек оларды басқарылмайтын зымыранның әдеттегі бағыттаушылары арқылы емес, басқа жолмен жіберуді көздеген. Ал жарылыс фургонның қасында болған. Басаев шұңқыр болып қалған жерге жақын тұста отырған, жарылыстан оның екі қолы мен басын жұлып әкеткен, демек ол күшті жарылғышты қолымен ұстаған сияқты.

– Ол сонда не болуы мүмкін?

– Техника жаңалықтарына құмар нөмірі бірінші терроршы қиындыққа тап болған сияқты. Одан соң «Самоделкин шебер» өзі жасаған жарылғышты өзгерткен. Үлкен шабуылдан соң оқиға орнына күштік құрылым қызметкерлерін жіберетіні анық. Мұндай жағдайда содырлардың жиі қолданатын тактикасы – оқиға орнына келген күштік құрылым қызметкерлері мен тергеу тобын жарып жіберу үшін снаряд қояды. Басаев сондай бір күшті жарылғыш затты қарап отырып, абайсызда жарылған сияқты. Екі қолы екі жаққа, басы басқа жаққа ұшып кеткен.

– Қасында тағы төрт содыр қаза тапты.

Шәміл Басаев белсенді террорлық топтың тек ресми басшысы ғана емес, миы қызметін атқарған.

– Иә, қасында тағы бірнеше содыр өлді. Арада бірнеше күн өткен соң сол маңдағы құлап тұрған ғимараттарды аралап жүріп тағы бір адамның бас сүйегін тауып алдым. Оны тергеу тобына берсін деп ингуш ОМОН-ының саперларына тапсырдым, мүмкін сол арқылы кім екенін тауып қалар деп те ойладым. Тергеу тобы мұндай айғақты табуға мүлде дайын болмаса керек. Одан кейінгі күндері де жаңа топ жіберіп, Шәміл Басаев өзімен алып жүрген бүкіл ақпаратты тауып, іске тіркеп қояр деп ойлағанмын. Одан соң біздің Ресейде тұратынымызды дәлелдейтін басқа да қызықты жайттар болды. Естуімізше, Басаевтың қолы жұлынып кеткен. Оның саусақ іздерін алу үшін қолды формалинге сақтап қойған. Саусақ іздерін алған соң қараса, Басаев туралы істе оның өз саусақ іздері мүлде болмай шыққан. Демек, ол іздеуде болған он бес жылдың ішінде ешкім оның саусақ іздерін бір жерден алып, іске қосып қоюға тырыспаған. Демек, мұнда кездейсоқ сәттілік пен шалағайлық қатар келген. Кейде тіпті шалағайлардың да жолы болып жатады.

– Десе де, дәл осы Басаевтың қазасынан соң күштік құрылымдар белгілі бір жетістіктерге жете бастады.

– Иә, шынымен де Басаев өлген соң жасырын қарулы топтар біраз уақыт сансырап қалды. Шәміл Басаев белсенді террорлық топтың тек ресми басшысы ғана емес, миы қызметін атқарған. Бұдан соң оның орнын алмастыратын лайықты адам табылмағаны анық. Ықпалды басшысы жоқ жасырын ұйым бірнеше жыл аралығында құрдымға кетті. Басаевтан соң жасырын топтар қатты өзгерді. 2009 жылы Шешенстанда террормен күрес операциясының аяқталуы – ерекше жетістіктің белгісі еді.

– Бұл аралықта жасырын ұйымдардың құрылымы қалай өзгерді?

– 2000-жылдардың басында сепаратистік қозғалыс дүниежүзілік ислам қозғалысының, әлемдік жиһадтың бір бөлігіміз десе, кейіннен бұл ұлтшылдық бағытқа қарай өзгерді, яғни «мұнда біздің өз шаруамыз, өз проблемаларымыз бар, біз соларды шешіп жатырмыз» дегенге ойысты. Бұл шешен содырларының ең әуелі шешен күштік құрылымдарына қарсы әрекеттері болатын. Әрі қарай не болатынын білмеймін. Себебі жасырын ұйымдар өзгерді, ребрендинг жасады, қазір олардың ұяшықтарының көбі «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына ант берді. Екінші жағынан, жалпы Кавказда қандай да бір бірыңғай тенденция байқалмайды. Бұл республикалардағы жасырын топтарды, ондағы әкімшілік және күштік құрылымдардың жасырын топтармен күрес тактикасын жеке-жеке әрі жан-жақты қарастыруымыз керек. Әрине, бүкіл Кавказға ортақ жасырын ұйым формальді түрде бар, онымен күресетін Ресейдің федералдық күштік құрылымдары да бар, бірақ оның нюанстары да көп.

– Мәселен, Ингушетияда «жұмсақ күш» тактикасын қолданды, бұл әдіс нәтижесін берген сияқты.

Шешенстандағы қатаң күш, жаппай бақылау тактикасының белгілі бір дәрежеде алдамшы тұрақтылықты сақтап тұрғанын байқаймыз.

– 2004 жылы Ингушетияның түрлі аймақтарында ішкі істер және қорғаныс министрліктерінің нысандарына шабуыл жасауға жүздеген содыр қатысты. Республика басшылығына Юнусбек Евкуров келіп, адами келбеттегі террорға қарсы шараларға кіріскен соң мұның бәрі бір жылға жетпей нәтижесін бере бастады. 2009 жылы Юнусбек Евкуровқа қастандық жасап, ол хал үстінде жатқанда республикада ештеңе болған жоқ. Кейін салафилік ағымдарды бейбіт қоғамға араластыру, ауыр қылмыс жасамаған содырлардың орманнан шығуына, таудан түсуіне мүмкіндік беру арқылы Евкуров Ингушетияны Солтүстік Кавказдағы ең қауіпсіз елге айналдырды.

Ал кешігіп барып осы бағытты ұстанған Дағыстан бірізділік танытпады және 2012-2013 жылдары мұнысын тоқтатты, сондықтан онда мүлде басқа трендтер жүріп жатыр. Сонымен бірге Шешенстандағы қатаң күш, жаппай бақылау тактикасының белгілі бір дәрежеде алдамшы тұрақтылықты сақтап тұрғанын байқаймыз. Бұл содырлардың Солтүстік Кавказдан гөрі Таяу Шығысты қолай көріп, сонда кете бастағанынан ба, әлде шынымен тұрақтылық бар ма, оны нақты айта алмаймыз. 2012 жылдан бері Кавказдың бейбіт өмірге оралуында арнайы қызметтің белсенділігінен гөрі Түркия мен Сирияға көшіп кету мүмкіндігі маңызды рөл ойнаған сияқты.

Қатаң күш қолдану тактикасы жасырын ұйымдарға мобилизациялық база қалыптастырып жатқан тәрізді, әрі олар мұны қалаған сәтінде, қажеттілігіне қарай пайдалана алады. Солтүстік Кавказдағы террормен күрестің бай тарихынан сабақ алуға болады. Дегенмен, мұндай сабақ алуға ешкімнің құлқы жоқ тәрізді.

(Илья Кизировтың материалы орыс тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG