Accessibility links

Ауғанстанды «күзетуге» ШЫҰ-ның шамасы жете ме?


Қаруын көрсетіп отырған талиб. (Көрнекі сурет)

Қаруын көрсетіп отырған талиб. (Көрнекі сурет)

Қыркүйектің 13-і күні ШЫҰ саммитінде Ауғанстан және аймақтағы қауіпсіздік мәселесі талқыланады. Сарапшылар ұйымның қауіпсіздікті қамтамасыз ететініне күмән келтірді.

НАТО-ның он мыңдаған әскері Ауғанстаннан кетеді. Енді Орталық Азиядағы қауіпсіздікті сақтаумен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) айналысып көреді. Ал сарапшылардың айтуынша, ШЫҰ-ның аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шамасы келмеуі мүмкін. Бұл ұйым үшін негізгі мәселе осы болып тұр.

ШЫҰ-НЫҢ ТҰРАҚТЫ ӘСКЕРІ ЖОҚ

ШЫҰ-ға аймақта ықпалы күшті Ресей мен Қытай, Орталық Азияның бұрынғы советтік елдері - Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мүше. Енді осы елдер басшылары жиылып, Бішкекте Ауғанстаннан келетін қауіп-қатер және аймақтағы қауіпсіздікті нығайту мәселелерін талқылайды.

Лондондағы контртерроризм мәселесі бойынша сарапшы Раффаэлло Пантуччидің пікірі бойынша, ШЫҰ елдерінің позициялары әр алуан. Бұл Ауғанстаннан келетін қауіп-қатермен тиімді күресуге кесірін тигізеді. Себебі ШЫҰ жарғысында «барлық мәселе бойынша мүше елдердің толық келісімі мен рұқсаты болуы тиіс».

НАТО солдаттары өзін-өзі жарған жанкештінің мәйітіне қарап тұр. Ауғанстан, Вардак провинциясы, 8 қыркүйек 2013 жыл.

НАТО солдаттары өзін-өзі жарған жанкештінің мәйітіне қарап тұр. Ауғанстан, Вардак провинциясы, 8 қыркүйек 2013 жыл.

1996 жылы «Шанхай бестігі» деген атаумен құрылған ұйым 2001 жылы Өзбекстанды қатарына қосып, атауын өзгертті. ШЫҰ еуразиялық қауіпсіздік пен шекара күзеті сияқты мәселелерді қолға алды. Жыл өткен сайын ұйымның міндеттері көбейді. Әсіресе Ауғанстаннан келетін қауіп-қатер - терроризм мен заңсыз есірткі айналымы ерекше назарға алынды.

Бірақ Пантуччидің айтуынша, «Ниет пен әрекет арасында сәйкестік болмаған. ШЫҰ ондай қауіптерге қарсы тұратын механизмдер мен институттар құра алмады»

- Ұйымның тұрақты әскері жоқ. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) сияқты жылдам әрекет ететін жасақтары да жоқ. Қауіпсіздікті сақтайтын инфрақұрылым жасалмаған, - дейді ол.

«ҰЙЫМДА МҮДДЕ ҚАЙШЫЛЫҒЫ БАР»

Лондондағы Корольдік институттың ғылыми қызметкері Шашанк Джоши бұл пікірмен келіседі. Оның ойынша, «ШЫҰ-ның тиімді әрекет етуіне Ресей мен Қытайдың аймақта бәсекелес болуы кері әсер етеді».

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Қытай президенті Си Цзиньпин (айнадағы бейнесі. Кремль, 22 наурыз 2013 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Қытай президенті Си Цзиньпин (айнадағы бейнесі. Кремль, 22 наурыз 2013 жыл.

- Әдетте Қытай Ауғанстаннан тарайтын діни экстремизмге алаңдайды. Солай бола тұра, ол «Талибан» қозғалысымен байланысып, оны қолдап отырған Пәкістанмен жақсы қарым-қатынас орнатқан. Cондықтан Қытай бұл тарапта батыл әрекет етуге асықпай ойланады. Ал Ресей «Талибанға» да, Пәкістанға да сенімсіздікпен қарайды, сондықтан «Талибанға» қарсы күш қолдануға бейім тұр, - дейді ол.

Джоши Пекиннің осы жазда «Талибанмен» байланыс жасағанын меңзеп отыр. Оның пікірінше, ШЫҰ саммитіне бақылаушы ретінде қатысатын Үндістан, Пәкістан және Иран мүшелікке өтсе, ШЫҰ ішіндегі қайшылық одан бетер тереңдей түседі.

- Бұл нағыз қарама-қайшылықтар тобы болады, олар тек кейбір мәселелерде ғана түсінісіп, әрекет ете алады, - дейді ол.

Әбубәкір Сыддықтың мақаласын аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG